Дәстүрлі Дублер күні өтті

Дәстүрлі Дублер күні өтті
28.04.2018
37
Қызметкерлер

Дәстүрлі Дублер күні өтті

Сәуірдің 9-ы күні «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Орталық аппаратында дәстүрлі «Дублер күні» өтті. Осымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан бұл шараға Компанияның 23 қызметкері қатысып, олар бір күнге құрылымдық бөлімшелердің басшыларын алмастырды.
Компанияның бас директоры тарапынан қолдау тапқан бұл бастаманы Қызметкерлерді басқару және еңбекақы төлеу департаменті ұйымдастырады. Жоба қызметкерлер үшін Компанияның негізгі бизнес-процестерін басқаруға қатысуға, идеялар мен ұсыныстар беруге, өздерінің кәсіби шеберлігі мен басқару дағдыларын жаңа деңгейде көрсетуге, басқа құрылымдық бөлімшелердің жұмысымен танысуға беріліп отырған жақсы мүмкіндік. Сондай-ақ, «Дублер күні» әріптестер арасында өзара ынтымақтастықты нығайтуға, кадр әлеуетін дамытуға бағытталған. 
Биыл да жоба жоғары деңгейде ұйымдастыры­лып өткізілді. «Дублер күні» болатыны туралы хабарлама екі апта бұрын жарияланып, қатысу үшін өтінімдер қабылдана бастады. Өтінім бер­ген мамандар өздері басшылық ететін депар­та­мент­терді таңдап алды. Алғашқы жылы «Дублер күні» шарасы жас мамандар ғана қатысатын жастар саясаты шеңберінде ұйымдастырылатын болған. Соңғы екі жылда бұл жобаға ересек қызметкерлер де қатысуға ниет білдірді.  
Аталған шара дублерлер үшін сәтті өтті. Олар өздеріне тапсырылған міндетті ойдағыдай атқарып, өз кәсіби тәжірибелері мен басқару қабілеттерін көрсете алды. Жалпы, бұл маңызды әрі қызықты күн болды. 
Қызметкерлерді басқару және еңбекақы төлеу департаментінің директоры Эльмира Каримова: «Үш жылда жобаға 80 адам қатысып, «Дублер күні» шарасынан кейінгі жылдар ішінде 33 қызметкердің лауазымы көтерілді. Келешекте бұл жобаны Компанияның еншілес кәсіпорындарына таратуға болатынын» атап айтты.   
«Дублер» мамандар өз ой-пікірлерімен бөлісті: 


Жігер ЖАҚАШЕВ
Ақпараттық технологиялар және ТПАБЖ департаментінің аға инженері: 

« «Дублер күні» шарасында Қызметкерлерді басқару және еңбекақы төлеу жөніндегі департамент директоры лауазымын атқаруға өтініш бердім. Бұл сала қызметінің маңызы мен ерекшеліктері қызықтырды.   
«Дүблер күні» мен үшін пайдалы және сабақ алатын қызықты оқиғаларға толы өтті. Жұмыс күні шағын жиналыстан басталды. Департамент қызметкерлері күн тәртібінде тұрған мәселелер бойынша мағлұмат беріп, департамент жұмысының барысымен таныстырды. Қызметкерлер мені жылы қарсы алып, дублер болсам да департамент директоры сияқты қабылдады. Жұмыс барысы бойынша қызу талқылаулар жүріп, өзара пікір алмастық. Сонымен қатар, тәуелді және еншілес мекемелердің қызметкерлерді басқару бөлімінің басшыларымен телефон арқылы хабарласып, жұмыс барысында қарым-қатынас жасап отырдық. Еңбек кодексінің нормалары және осы саладағы заңдардан іс барысында біраз хабардар болып, таныстым.
Жалпы айтқанда, «Дүблер күні» шарасы маған ұнады және оған қатысқаныма  қуаныштымын».   

 


Нұрзада ҮСІПБЕКОВА
Логистика және сатып алу департаментінің жетекші маманы: 

«Дублер күні» жобасына мен екінші рет қатыстым. Бұл жолы Техника қауіпсіздігі, еңбек және қоршаған ортаны қорғау департаментін таңдап алдым. Өйткені, мені  қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласы қызықтырады, сол жөнінде көбірек мәлімет алып, білгім келеді. Алайда, сол күні департамент қызметкерлерінің көпшілігі ҚМГ компаниялары тобы үшін ұйымдастырылған семинарға қатысқандықтан, өз ойымды толықтай іске асыра алмадым. Дегенмен, қай жағынан қарасаңыз да, мұндай тәжірибенің маңызы зор: басқа деңгейде кәсіби шыңдаламыз, ішкі коммуникациялар, адами қарым-қатынастар нығая түседі. 
Ұсыныс ретінде айтайын дегенім, бұл жоба 2-3 күнге созылғанда, дублер маман бірінші күні берген тапсырманың орындалуын бақылап, басшы ретіндегі жұмыстың нәтижесін көруге мүмкіндік алады.  

 


Айгүл ТОҚБЕРГЕН
Кеңсенің ассистент-аудармашысы: 

«Дублер күніне» алғашқы рет қатыстым. Өзім жұмыс істейтін құрылымдық бөлімшеде  Кеңсе меңгерушісінің міндетін атқардым. Бұл қызметті іске асыруда қандай да бір қиындықтарға кезіктім немесе мұндай тәжірибе маған небір жаңалығымен қызықты болды деп айта алмаймын, оның бірнеше себебі бар. Өйткені, өзім осы салада көптен бері жұмыс істеймін. Еңбек ететін құрылымдық бөлімшенің қызметкерлері мен олардың атқаратын міндеттерінің аясын, бөлімшенің жұмыс түрін, ерекшеліктерін, бағытын, Компаниядағы орнын, рөлін жақсы білемін.Кеңсе меңгерушісі себепті жағдаймен жоқ болған кезінде жұмыс барысында туындаған қандай да болсын мәселелер мен сұрақтарды шешуде кеңсе қызметкерлерінің біліктілігі мен өзара іскерлік ынтымағының берік екендігін атап айтқан жөн.  
Жалпы, дүниежүзінде үздік саналатын Жапондық менеджменттің басты ұстанымы – кадрларды алмастыру болып табылады. Сондай-ақ, пайдасы көп тәжірибелерді ірі компанияларда қолдануды табыстылық көздерінің бірі деп білемін.
Мәселен, өз басым «бастық» болған бір күнімнің өзінде «орындаушы» ретінде басшының өз қызметкерлерінен не күтетінін, оған қоса жеке жауаптылықты бұрынғыдан да терең түсіндім.
Қоғам басшылығына қызметкерлер үшін осындай жауапты да, қызықты тәжірибеден өтуге мүмкіндік бергендері үшін алғысымды білдіремін.
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх