«Мұнай өндіру процесін цифрландыру» форумы

«Мұнай өндіру процесін цифрландыру» форумы
28.04.2018
85
Өндіріс

«Мұнай өндіру процесін цифрландыру» форумы

«Atyrau Oil & Gaz 2018» халықаралық көрмесі аясында «Ембімұнайгаз» АҚ бас кеңсесінде Компанияның бастамасымен және ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, ҚР Энергетика министрлігінің қолдауымен мұнай-газ саласына цифрлы технологияларды енгізудің өзекті мәселелеріне арналған форум өтті. Форумға салалық министрліктер өкілдері, ірі мұнай-газ компанияларының басшылары мен қызметкерлері, халықаралық сарапшылар және IT саласында қызмет көрсететін компаниялардың өкілдері, жалпы алғанда 200-ден астам делегат қатысты. Қонақтар алдымен Ембі мұражайында болып, сонан кейін Визуализация орталығының жұмысымен танысты. 
Шараның модераторы болған «Ембімұнайгаз» АҚ Келешекті дамыту жөніндегі басқарушы директоры Алихан Байдүйсенов бұл басқосудың Ембі үшін ғана емес, жалпы мұнайгаз өндіруші компаниялар мен ІТ технологияны қолданушы кәсіпорындар үшін маңызы жоғары екендігін атап өтті. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған еліміздегі цифрландыруға қатысты мәселелерді жедел қолға алу бүгінгі күні кезек күттірмейтін шара екені даусыз. Соған орай, форум барысында көптеген баяндамашылар өздерінің ой-пікірлерін айтып, ұсыныстарын білдірді. 

Әнуар Жақсыбеков,
«Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы:

– Құрметті форумға қатысушылар! Ғасырдан астам тарихы бар қарт Ембінің шаңырағына қош келдіңіздер. Алдымен, осы форумды өткізуге қолдау білдірген ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, ҚР Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-на алғысымды білдіремін. Қазіргі таңда ірі мұнай компанияларының барлығында дерлік интеллектуалды кен алаңы тұжырымдамасын әзірлеп, енгізумен айналысатын бөлімшелер бар. Мәселен, «Ақылды кен орындары» («Smart Fields») Shell компаниясы, «Болашақ кен орны» («Field of the Future») BP компаниясы, Chevron компаниясының «iFields» т.б. Жалпы алғанда, әлемдік мұнай-газ саласы интеллектуалды кең алаңдарын құруға алдағы 5 жылда ауқымды қаражат жұмсауды жоспарлап отыр. Сондықтан, біз мемлекет пен бизнес, IT саласында қызмет көрсететін компаниялар мен мұнай компанияларының арасында ашық та сапалы пікір алмасу алаңдарын қалыптастыру, мұнай өндіру саласындағы озық цифрлық технологияларды таныстыру мақсатында аталған форумды ұйымдастыруды жөн санадық. Өздеріңіз білетіндей, «Ембімұнайгаз» АҚ 2016 жылдың ақпан айынан бастап «Қайнармұнайгаз» мұнайгаз өндіру басқармасына қарасты Уаз кен орнында «Цифрлы кен орны» пилотты жобасын бастады. Ембінің «Цифрлық кен орны» жобасы Елбасының қатысуымен өткен экономиканы цифрландыру жөніндегі кеңейтілген кеңесінде ұсынылып, «Цифрлық Қазақстан» республикалық бағдарламасына енгізілді. Ал, 2017 жылы «Ембімұнайгаз» Жобасы IX бүкілресейлік «Мұнайгаз саласындағы 10 үздік ІТ-жоба» конкурсында үздік деп танылды. Біз басқа да мұнайгаз өндіру компанияларының цифрландыру тәжірибесін үйренуге дайынбыз. Сонымен қатар, ІТ компаниялардың жаңа технологиялары туралы естиміз ден ойлаймын. Форум бәрімізге де қай жағынан да пайдалы болады ден сенеміз.  

Болат Ақшолақов, 
ҚР Энергетика вице-министрі:

– Елбасының тапсырмасына сәйкес, индустрияландыру шеңберінде ең жаңа цифрлық, өнеркәсіптік және басқару технологияларын тарту қажет. Ресурстық әлеуеттің одан әрі дамуы өндірістің энергиялық тиімділігі, сондай-ақ шығарылатын ресурстардың үлесі мен оларды қайта өңдеу тереңдігін арттыру есебінен мүмкін болады. Қазіргі уақытта бүкіл дүниежүзі бойынша мұнай және газ индустриясының компаниялары әр түрлі қызмет түрлерінің қауіпсіздігін, экологиялылығы мен үнемділігін жақсартатын техникалық, цифрлық сипаттағы инновацияларды енгізіп жатыр. Мысалы, бірқатар жетекші мұнай компаниялары «Интеллектуалды кен орны» жобасын пайдалануды таратуға кірісті, мұнай құбырларының инспекциясы үшін пилотсыз ұшу аппараттарын, суға тұрақты сүңгу, қымбат көлік құралдарын жұмылдыруды талап ететін суасты жүйелерін техникалық жөндеу мен қызмет көрсетуді орындау үшін батареядан қоректенетін роботтарды пайдаланады. ҚР Энергетика министрлігі квазимемлекеттік сектор компанияларымен бірлесе отырып «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына 4 мұнай-газ жобасын енгізді. Олар, мұнайды есепке алудың ақпараттық жүйесін құру; «ПМХЗ» ЖШС, «АтМӨЗ» ЖШС автоматтандырылған техникалық қызмет көрсету және жөндеу жүйесін енгізу («ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ); «Цифрлық (интеллектуалды) кен орын» («ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ); «ҚР жер қойнауын пайдаланудың біріңғай мемлекеттік жүйесі» бірыңғай ақпараттық жүйесін дамыту – «Кен орындардың онлайн-аукционы» шағын жүйесі. «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-да жүзеге асырылып жатқан «Цифрлық (интеллектуалды) кен орын» жобасы және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ автоматтандырылған техникалық қызмет көрсету және жөндеу жүйесін енгізу «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының шаралары тізіміне енгізілді және мұнайгаз саласының басты бағыты болып табылады. Бүгінгі форум да «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуына ықпал етеді.

Талғат Махамбетов, 
«ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ ақпараттық технологиялар және ТПАБЖ департаментінің директоры:

– «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ өндіруші активтерінде «Цифрлық (интеллектуалды) кен орын» жобасы енгізілуде. Жобаны енгізу толық түрде кеніш мәліметтерін автоматтандыру жүйесін құруға, ұңғымалар мен кеніш жабдықтарын интеллектуалды технологияларды қолдану есебінен оңтайландыру, кен орнын игеруді онлайн режимде бақылау, талдау, жоспарлау және мониторинг жүргізуге ықпалдастырады. «Интеллектуалды кен орын» жобасының негізгі мақсаты – «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ өндіруші активтерінде өндірісті басқарудың қазіргі заманғы кешенді жүйесін құру. Бүгінде Ембіде жобаны Прорва тобы кен орындарында кеңейту; Өзенде ГУ және ЦДНГ желісінің оперативті есебін алуды қайта жаңарту; Қазгермұнайда кен орындарын автоматтандырылған жүйеде бақылау және басқару, Қаражанбасмұнайда мұнай айдау цехтарында сұйықтық балансын есепке алудың автоманттандыру жүйесі орындалуда. «ҚМГ БӨ» АҚ-да 2017 жылы Талдау және шешім қабылдау Орталығы құрылып, ол барлық өндірістік ақпаратты онлайн режимде қамтамасыз ететін аудио-видео жабдықтармен қамтамасыз етілген. «Интеллектуалды кен орын» жобасының периметрі «ҚМГ БӨ» АҚ-ның басым кен орындарынан алынатын мұнайгаз қорының 90%-нан астамын қамтиды.  

Болат Нысанбаев, 
«Ембімұнайгаз» АҚ өндірісті автоматтандыру және ақпараттық технология департаменті директоры:

– 2016 жылғы ақпан айында ЕМГ базасында Уаз кең алаңында «Цифрлық кен орын» пилотты жобасы іске қосылып, өз тиімділігін дәлелдеді. Электр энергиясын қолдану 35 пайызға азайды. Ұңғымалар қорын пайдалану коэффициентін көбейту арқылы қосымша 1360 тонна мұнай өндіру қамтамасыз етілді. Жерасты жөндеу жұмыстарының көлемі азайып, әр ұңғымадағы мұнай өндіру есебі бірыңғайланды. Жинақталған тәжірибеге орай «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ компаниялар тобына тарату мақсатында барлық қор және мұнай мен газ өндірудің 80 пайызға жуығы кіретін бірқатар негізгі кең алаңдары іріктелді. 2017 жылы ЕМГ-да «Цифрлық кен орын» тұжырымдамасы Прорва кен алаңдары тобына да таратылып, биылғы жылы «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-нің Жаңаталап кен орнына енгізілуде. 
Форум барысында қатысушы делегаттарға 11 баяндама оқылды. Оның ішінде, 8-і – «Microsoft», «IBM», «Schlumberger» және «Rockwell Automation» сынды компаниялардан келген халықаралық сарапшылар дайындаған жұмыстар. Цифрландыру  жүйесінің келешектегі мәселелері, қауіптер және басқа да туындаған сауалдар Энергетика вице-министрі Б.Ақшолақовтың, халықаралық сарапшылардың, ірі мұнай-газ және сервистік компаниялар басшыларының қатысуымен пікір алмасу алаңында кеңінен талқыланды. 
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх