Бағалы кеніш Балғымбаев

Бағалы кеніш Балғымбаев
05.04.2018
128
Өндіріс

Бағалы кеніш Балғымбаев

 

Кеніш тарихы

Еділ мен Жайық аралығындағы алқаптан мұнай іздеу бағытындағы геологиялық барлау жұмыстары 1957 жылдан бастау алады. Сол кезде «бұл жұмыстан нәтиже шыға қоймас» деген сенімсіздік те болған. Бірақ, 1962 жылы Мартыши алаңының мұнайлы қабаттарына жүргізілген өндірістік сынақ жұмыстары кезінде №1 ұңғымадан мұнай бұрқағы атқылайды. Ұңғыма тәулігіне 117 текше метр таза мұнай берген. Осылайша экспедиция жұмысы нәтижелі аяқталған. Бұрғылау жұмыстары қыза түсіп, 1963-1967 жылдар аралығында Мартыши кен орнынан мұнай қоры анықталып, оның технологиялық құрамдары жасақталады. 1968 жылдың қаңтар айында №№11, 17, 27, 28, 30 ұңғымаларды іске қосу арқылы Мартыши кен орны тұрақты өндірістік пайдалануға берілді. Сол жылдың 16 қаңтарында мұнай қазандарына 800 тонна алғашқы мұнай жиналды. Ал 17 қаңтарда мұнай құюшы эстакадаға бірінші эшелон құйылған. Цистерналарды мұнаймен толтыру операторлар Т.Маркулин, А.Ғалиев, Ш.Нұрмахановтарға жүктелген. Жыл ішінде Мартыши кен алаңынан 1 343 000 тонна мұнай өндіріліп, ел игілігіне табысталған. Осылайша қос өзен аралығында экономикалық жаңа сапалы мұнай өнеркәсібі дүниеге келген. Оның келешегін болжай отырып, 1973 жылы Жайық мұнайгаз өндіру басқармасы құрылды. Ал 2000-шы жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен Мартыши кен алаңына елімізге еңбегі сіңген геолог-мұнайшы Салтанат Балғымбаевтың есімі беріліп, ескерткіш тақта ашылған. 

 

Мұнай өндіру цехы

Аталған кеніштен елу жылға жуық уақыт бойына мұнай өндіріліп келеді. Бүгінде мұнда мұнайгаз дайындау және айдау, мұнай өндіру, цехтары мен өндірістік құрал-жабдықтарды жөндеу және прокаттау бөлімшесі жұмыс істейді. Айта кетерлігі, «Үздік маман» сайысы да жыл сайын осында арнайы жасақталған оқу полигонында өтеді. С.Балғымбаев мұнай өндіру цехының бастығы Нұржау Габдуллиннің айтуынша, кеніштегі жүзден аса ұңғымадан өндірілген мұнай межеленген жоспарды орындауға мүмкіндік беріп отыр. Кеніште орнатылған Топтық өлшеу қондырғысы мұнайдың есебін шығарып отырады. 20 су айдау ұңғысы, 4 су өндіру ұңғысы бар. Мұнай өндіру ұңғымаларының жартысынан астамы желілік штангалық жетекті ұңғыма. Бұлардың тиімділігі сол, электр энергиясын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді. Айына 10-15 ұңғыма жай жөндеуден өтіп отырады, бұл жөндеуаралық жұмыстардың аралық кезеңі ұзарғанын білдіреді. Жалпы, мұнай өндіру процесі автоматтандырылғандықтан, монитордан бүкіл жұмыс көрініп отырады. Кеніште қатарға қосылып жатқан жаңа ұңғымалар да бар, мәселен, 2015 жылы – 3 және 2016 жылы бұрғылаудан шыққан жаңа 3 ұңғыма іске қосылды. 

 

Мұнай дайындау цехы

Кеніштегі мұнайгаз дайындау және айдау цехының басшысы Талғат Кизатов мұнайды су мен газдан айырғаннан кейін, «ҚазТрансОйл» мекемесіне құбырмен айдалатынын айтады. Су қабат қысымын сақтау үшін, ал газ өндірісішілік қажеттіліктерге, мәселен, май қыздыру пештеріне, басқа да мақсаттарға пайдаланылады. Мұнай құрамы арнайы лабораторияда анықталып, зерттеледі. Мұндай зертхана Оңтүстік Батыс Қамысты мен Забурн кеніштерінде де бар. Забурн, Жаңаталап, Оңтүстік Батыс Қамысты, Оңтүстік Шығыс Қамысты, Гран кеніштері мұнай С.Балғымбаев мұнайгаз дайындау және айдау цехында өңделіп, мұнай жинау орталығына жіберіледі. Цехта жүзден аса адам еңбек етеді, олар негізінен оператор, тұзсыздандыру, сусыздандыру операторлары, зертханашы, машинист, жөндеуші, дәнекерлеуші, басқару пультінің операторы сынды мамандар жұмыс істейді. Солардың ішінде лаборант Балия Райымбергенова, тауарлы операторлар Серік Құрманбаев, Қобыланды Мұхамбетов сынды еңбегімен көпке үлгі майталман мұнайшылар бар. 

 

Жөндеу цехы

С.Балғымбаев кен орнындағы Өндірістік құрал-жабдықтарды жөндеу және прокаттау бөлімшесі өндіріске қажетті бүкіл құрал-саймандарды жөндейтін орын. Бірнеше станоктар орнатылған цехтың қуаттылығы мен мұнда жасалатын жұмыс көлемі аса ауқымды. Аталған учаске өндіріске қажетті алып техникалармен қатар, ұсақ-түйек, бірақ онсыз өндіріс алға жүре алмайтын құрал-саймандардың барлығы осында жөнделеді. Мамандар істен шыққан тетіктерді жөндеп, ине-жіптен жаңа шыққандай су жаңа етіп шығарады. Мәселен, станок-ырғалғыштың редукторы жер астынан шыққан суды, майды айдау не сору үшін қажетті сайман. Ол бұзылса, сорап та, станок та жұмыс істемейді. Міне, осы редуктор цехта жөнделеді. Немесе, өндірістік сораптар, агрегаттар, ырғалғыштың подшипниктері де солай. Өндіріс бір мезет те тоқтамауы үшін шеберханадағы жұмыс та мігірсіз жүріп жатады. Шеберханада әмбебап теміржону станогы, тұрба кесу, сүргілеу-қайрау, қашағыш, гидравликалық-фрезерлік, тігінен және көлденеңнен бұрғылау, темір қысу станоктары, темір кесу арасы, тескіш балға станоктары, 3,2 тоннаға дейінгі салмақта жүк көтеру таль-краны, дәнекерлеу аппараттары да бар. Аталған қондырғы-станоктардың барлығы да су жаңа, болгарлық жабдықтар. Мұнда дамылдап отыруға уақыт та, мүмкіндік те жоқ. «Бүкіл басқарма бойынша қажетті барлық құрал-саймандар осында жасалып, жөнделеді, – дейді бізді жұмыс барысымен таныстырған учаске бастығы Аманқос Мәлік. – Өзіңіз көріп отырғандай, жаңа станоктар қойылғаннан бері мұнда жұмыс қазандай қайнап жатады. Әйтпесе болмайды, бүкіл басқарма бойынша алынған тапсырысты мерзімінде орындау қажет. Онсыз өндіріске тежеу болады. Біздің мақсатымыз да сол, ұңғымалардың дұрыс жұмыс жасап, мұнай өндіру көлеміне нұқсан келмеуі». 


Станоктардың барлығы қалыпты жұмыс жасап тұр, әрқайсысының өз маманы, білгірі бар. Сондықтан тапсырыс уақытында орындалып жатыр. Шеберхана ішінде шаң-шұң дыбыс, бір жерде темірді кесіп жатса, бір жерде тесіп жатыр, енді біреуі темірді жону қамында. Темір жонушы, газ слесарі, ұста, жөндеу слесарі, шеберлер, т.б., бәрі де еңбек қазанында қайнап, піскен өз ісінің майталман шеберлері. Солардың ішінде темір жонушы Қ.Жалелов, дәнекерлеуші Қ.Рахметов, слесарь Қ.Шартиковты атап өтуге болады. 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх