Марапат төрінде – геологтар

Марапат төрінде – геологтар
05.04.2018
100
Қызметкерлер

Марапат төрінде – геологтар

Атырауда геологтар күні Қазақ геологиясының атасы Қаныш Сәтпаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Содан кейін Атырау мұнай және газ университетінде «Қазақстандық мұнайшы-геологтар қоғамының» ұйымдастыруымен Геологтар күніне орай жиын өтіп, оған ардагер-геологтар, бүгінгі күні жер қойнауын барлап жүрген геолог-мұнайшылар, студенттер қатысты. Жиынды Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының төрағасы, геология-минералогия ғылымдарының докторы Балтабек Қуандықов жүргізіп отырды. Шараға қатысып, сөз алған облыс әкімі Н.Ноғаев геолог мамандығының қиындығы мен қызығын, жер қойнауын барлау арқылы мұнай көзін табудан өндіруге дейінгі аралықта олардың еңбегінің ерекшелігін атап өтті. «Келесі жылы Қазақстанда мұнай өндіріле бастағанына 120 жыл толады, осы атаулы күнге геологтар да айрықша жетістікпен келе жатыр», –  деді ол. 
«Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Әділбеков Ембідегі атқарылып жатқан геологиялық жұмыстар жөнінде қысқаша тоқталып өтті. 
– Жалпы, еліміздегі геологиялық-барлау жұмыстары туралы айтқанда, ембілік геологтардың Өзен, Теңіз сынды көмірсутегі шикізаты кен орындарын ашу ісінің қайнар бастауында болғанын айтып өткен жөн. Біздің ардагер-геологтарымыз Ботақан, Шығыс Мақат, Оңтүстік-Шығыс Қамысты, Досмұхамбетов, Ақінген, Аққұдық, Ақтөбе, Оңтүстік-Шығыс Новобогат, Уаз, т.б. басқа көптеген кен орындарын ашқанын білеміз. Сол ардақты геологтардың бүгінгі ұрпағы геология саласының әлеуетін арттыру жұмысын жалғастырып келеді. Мәселен, соңғы жылдары геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде С.Нұржанов, Шығыс Мақат, Батыс Прорва, Аққұдық, Оңтүстік-Шығыс Новобогат, Жаңаталап кен орындарының мұнай беру алаңын кеңейту жұмыстары жүргізілді, – деді ол. 
Компания алдында мұнай қорын кеңейту мәселесін шешіп, жаңа кен орындарын ашу міндеті тұр. Ол міндетті шешу үшін, болашағы бар деп болжанып отырған Тайсойған және Қаратон-Сарқамыс блоктарында белсенді іздеу-барлау жұмыстары жүргізілуде. Компания мамандары болашағы бар тұзасты горизонттарына геологиялық барлау жұмыстарын жоспарлау үшін мәліметтерді талдау жасаумен айналысуда. 3Д сейсмобарлау жұмыстарының нәтижесінде Қаратон тұз асты құрылымы анықталды. Қ.Әділбековтың айтуынша, алда 6 мың метр тереңдікке бұрғы салу жоспары бар, ол биылғы жылдың желтоқсан айына жоспарланып отыр. 
Әрине, мереке марапатсыз өтпейтіні белгілі. Қазақстан Республикасының геология саласын дамытуға үлесін қосқаны және ерен еңбектері үшін «Қазақстан Республикасы Жер қойнауының құрметті барлаушысы» атағымен «Ембімұнайгаз» зейнеткері Күләш Жұмағалиева, «Қазақстан Республикасы Жер қойнауының үздік барлаушысы» атағымен «Жайықмұнайгаз» МГӨБ басшысының геология және кен орындарын игеру жөніндегі орынбасары Рүстем Әбшеев, құнды сыйлықпен «Ембімұнайгаз» АҚ Геологиялық барлау жұмыстары департаментінің сейсмикалық барлау бөлімі бастығы Сағида Жұмағалиева марапатталды. 

* * *

Ақтау қаласында Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының ұйымдастыруымен және Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың қатысумен өлкенің мұнай-газ саласы геологтарына арналған салтанатты шара  өтті. Жиынға компаниялардың ардагер-геологтарынан бастап жас мамандарына дейін қатысты. Кәсіби мерекеге орай геологтарға ерекше құрмет көрсетілді. Соның ішінде Қазақстан Республикасы мұнай және газ өнеркәсібі саласында жүргізген геологиялық ізденістері мен еліміздің геологиясына сіңірген ерен еңбегі үшін Қазақстандық мұнайшы-геологтар қоғамының 2017 жылғы «Қазақстанның үздік-геологы белгісімен» бірқатар қызметкер марапатталды. «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының геология және кен игеру жөніндегі орынбасары  Шолпан Пангереева Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің «Қазақстан Республикасы жер қойнауының құрметті барлаушысы» төсбелгісіне ие болды. «Өзенмұнайгаз»АҚ геологтары Бақтыгүл Ысқақова «KAZENERGY» қауымдастығының төсбелгісімен, Әлия Жолдасова, Айсұлу Өскімбаевалар «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ Құрмет грамотасымен, ал, Рая Анкешова, Ғалия Дербезова, Талшын Қазғалиева, Жадыра Шырақбаева, Гүлбаршын Жалғасовалар «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ Алғыс хатымен марапатталды.   
Сондай-ақ, қажырлы еңбек иелері Маңғыстау облысы әкімінің «Алғыс хатын» иеленді. 
Ардагер-геолог Аманжан Өтесінов: «Адамды емдейтін дәрігер болса, скважинаны «емдейтін» – геолог. Сол қызметімізді қаншама жыл абыроймен атқардық. Қара жер қойнауын игеруге өзге мамандықтар қаншалықты керек болса, геологиялық жұмыстар да соншалықты қажет.  Барлық әріптестерімді, ізбасарларымды кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Еңбектеріне табыс тілеймін», – деді.   
Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Өнерпаздар мереке иелеріне ән мен жырдан шашу шашты. 

Шолпан Пангереева, 
«Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының геология және кен игеру жөніндегі орынбасары:

– Ақтау қаласында Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының ұйымдастыруымен геологтар күніне орай салтанатты шара өтіп, сала мамандарына құрмет көрсетілді. Аталған Қоғам 2017 жылдың қорытындысы бойынша мені «Қазақстанның үздік-геологы белгісімен» марапаттады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің «Қазақстан Республикасы жер қойнауының құрметті барлаушысы» төсбелгісін салтанатты жағдайда табыстады.
Бірден екі өте жоғары марапатқа ие болу – мен үшін күтпеген жағдай болды. Қуанышымда шек жоқ! Еңбектің бағаланғаны жұмысыңның жемісі деп білемін. Меніңше, бұл «Өзенмұнайгаз» АҚ барлық геологтарының тер төгіп, ерен еңбегінің арқасында келген ортақ жетістік. Сондай-ақ, «Кендірліде» ҚМГ БӨ компаниялар тобы геологтарының кәсіби мерекеге орай салтанатты жиыны өтті. Осындай шараны дәстүрлі өткізуді ұйымдастыруды ұсынған  «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның Басқарма төрағасы Құрманғазы Есқазиевке және ҚМГ БӨ Өндіріс және кен орындарын игеру жөніндегі басқарушы директоры Қуанышбай Нұрғалиевке алғысымды айтқым келеді.
Қазақстан Республикасының барлық геологтар қауымын кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, отбасыларына береке, жұмыстарына жетістіктер тілеймін! Алдағы уақытта да мемлекетіміздің игілігі жолында тынбай еңбек етемін. Алғысым шексіз!

Күләш Рахатова,
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, геология және кен игеру департаменті директоры:

– Мерекемізге Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың өзі қатысып, біздерді құттықтады. «Жақсы сөзге жан семіреді» – дейді қазақ. Жақсы сөз бен марапат адамның мерейін өсіріп қана қоймай, жұмысыңа деген сүйіспеншілігіңді оятып, компанияға деген мақтанышыңды тудырады. Әріптестерімізбен кездесіп, өзара пікір алмастық. Осындай шаралар жиі өткізіліп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Кездесу-мамандардың біліктілігін шыңдайды, жетілдіреді, өсіреді.  

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх