«Өзенмұнайгаз» АҚ Амал мерекесін тойлады

«Өзенмұнайгаз» АҚ  Амал мерекесін тойлады
20.03.2018
59
Қызметкерлер

«Өзенмұнайгаз» АҚ Амал мерекесін тойлады

Жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып, Наурыз тойын тойлатып Амал мерекесі де келіп жетті. Наурыз-бақтың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, өмірге нұр сыйлаған, халық қастерлейтін күн. Қазақ Ұлыстың ұлы күні алдына келсе, атасының да құнын кешкен. Бұл қасиетті күні дүрдараз адамдар бір дастарханнан дәм татып, бір-бірімен құшақ айқастырған. 
Осы мейрамға орай Жаңаөзен қаласында ауқымды шара ұйымдастырылып, қала деңгейінде тойланды. «Мұнайшы» мәдениет сарайының жанындағы «Даңқ» аллеясында үлкен сахна қойылып, жиырмадан астам киіз үй тігілді.
Шараға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев, «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Бекзат Абайылданов қатысып, көпшіліктің қуанышына ортақтасып, Наурыз мерекесімен құттықтады. Қонақтар «Өзенмұнайгаз» АҚ киіз үйіне кіріп, тұсау кесу рәсімін тамашалады. Компания қызметкері Гүлзира Дәрменованың Сафия атты тәй-тәй басқан кішкентай бөбегінің тұсауы кесіліп, балдырғанға ауыл ақсақалы бата берді.  

 
«Баршаңызға Амал мерекесі құтты болсын! Бабалардан аманат болған «Көрісу» дәстүрін көздің қарашығындай сақтап жүрген Сіздерге шексіз алғысымды білдіремін. Тұсауы кесіліп, өмір атты көшке ілесіп, қадам басып жатқан Сафия балдырғанымыздың жолы ақ болсын, әке-шешесінің көз қуанышы, еліміздің сыйлы қызы боп өссін. Бейбіт еліміздің бақытты жасы болсын» – деді облыс басшысы Ералы Тоғжанов. Бұл күні мұнайшылардан өзге коммуналдық, білім мекемелері ағаш үй тігіп, мерекені тойлап жүрген әрбір жаңаөзендікке есіктерін айқара ашты, құшақтарын жайып, дәм ұсынды. Мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында сахналандырылған көріністер қойылды. «Көрікті көркем – Наурыз» ұлттық киімдер, «Достық дастарханы» атты өзге ұлт өкілдерінің ұлттық тағамдар және киіз үй байқаулары, «Наурыз кубогы» ұлттық ойындар жарысы, Наурыз жәрмеңкесі өтті.  Облыс әкімі бастамасымен наурыз айы бойы өткізілетін «Жомарт жүрек» акциясы аясында аталмыш әл-ауқат қоры жаңаөзендік 100 отбасыға қажетті тұрмыстық техникаларын табыстады. ҚР Мәдениет саласының Үздігі маңғыстаулық әнші – сазгер Ұлықпан Жолдасов жаңаөзендіктерді құттықтап, әннен шашу шашты. Шара жастардың «Менің сүйікті қалам – Жаңаөзен» флешмобына ұласты.
«Қырдағы ел, ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып...» деп ақындар жырлағандай, қыстан аман шығып, көктемнің шуақты күнінен үмітті жұрт бірін-бірі құшақтап көрісіп, қонаққа шақырып жатты.   
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх