Мерекелік лебіздер

Мерекелік лебіздер
05.03.2018
180
Қызметкерлер

Мерекелік лебіздер

Алима Қазиева,
«Жайықмұнайгаз» МГӨБ С.Балғымбаев жатақханасының қызметкері:
– Салалас құрылымдарда еңбек ететін барша қыз-келіншектерді, ардақты да аяулы ана, апа-сіңлілерді көгілдір көктемнің алғашқы мерекесі – 8 наурыз халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын. Мұнайлы өлкеміздің жер асты қазына байлығын ел игілігіне жаратуда сіздердің қосып отырған үлестеріңіз шексіз екеніне біз куәміз. Ғасырлық тарихы бар отандық мұнай өндірісінде мұнайшы кәсібін игеріп, азаматтармен иық тірестіре еңбек етіп жүрген асыл арулар біз үшін мақтаныш. Анаға құрмет – өткен мен болашаққа құрмет. Мен де перзент сүйген ана ретінде ұрпағымның бүтін, бақытты болуын қалаймын. Барлық аналарға үйде де, түзде де соны тілеймін. Өндіріс басындағы жатақхана – жұмысшылардың екінші үйі іспетті. Мұнда оларға барлық жағдай жасалып отыр. Әсіресе, қыз-келіншектердің өздерін жақсы сезінуіне, мұнтаздай тазалыққа, жайлы тыныс алуына, т.б. мүмкіндік жасауға тырысып келеміз. Мереке құтты болсын, аналар! 
 

Майра Иманғалиева,
«Доссормұнайгаз» МГӨБ Қошқар мұнай өндіру участогінің шебері:
– Әкем Есқайыр, анам Сақыпжамал Қошқар кәсіпшілігінде еңбек етті. 1987 жылы ҚазПТИ-ді бітіріп, Қошқарға келдім, қазір мұнай өндіру участогінің шеберімін. Бүкіл өмірім өндіріспен байланысты. 6 баланың анасымын. Жолдасым Нұрлан да мұнайшы. Әйел адамға 14 күн отбасын көрмеу қиын әрине. Бәрінің де өз ошағы, балалары бар. Сөйте тұра, өндірістегі қыз-келіншектер қалаған мамандығын адал атқарып, ерен еңбек екпінін көрсетіп жүр. Оларды қалай айтпассың. Әрқашан шаңырақтарыңыздың берекесі болып, үйіңізден қуанышқа бөлеген жылылық кетпесін, қыздар!  
 

Қаншайым Сахипова,
«Ембімұнайгаз» АҚ, ӨТҚжЖК басқармасының қоймашысы:
– Адам өз жұмысын ұнатып істесе ғана еңбектің өнімділігі болады. 36 жыл бір қызметте жасап келем, жұмысым өзіме ұнайды. Ұжымдастырымның бір-біріне деген қарым-қатынасы да жақсы. Қазақ қыздары өзге шаңырақтың келіндері де. Менің де екі келінім шаңырағымызға бақыт құсы болып қонды, қыздарым да тұрмыста. Немере-жиендеріммен ұрпақ қызығын көрудеміз. Отбастарыңыз аман, бауырларыңыз бүтін, балаларыңыз бақытты болсын, құрметті әріптес аналар!
 

Үміт Тоқсанова,
– Мен мұнайшы болып еңбек еткен ата-ана жолын жалғастырып, осы мамандықты қаладым. Қазірде 84 жаста анам бар, біздің тілеуімізді тілеп отырады. «Анасы бар адамдар қартаймайды» дегендей, ол кісіге еркелігіміз де бар. Өзім де 5 баланың анасымын, бүгінде әжемін. Отағасым ұстаз, қыздарым да әке жолын қуды, мұғалім болып абыройлы еңбек етуде. Немере-жиендерім бар. Бесік тербейтін, ұлтымызды сақтайтын, ертеңгі ерлерді өсіретін – әйел, келін, ана. Дала төсінде жүрген мұнайшы әйелдер, сіздер мықты болыңыздар, ұрпақ аман болсын. Жанарларыңыз әрдайым нұр шашып, жүздеріңіз күндей күлімдеп жүрсін!  
 

Амандық Уалиева,
«Жайықмұнайгаз» мұнайгаз өндіру басқармасының есепшісі:
– Шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Ана қуанышы, әйел қуанышы – әр үйдің, отбасының, Отанның мерейі. Биыл біз еңбек етіп жатқан Салтанат Балғымбаев кен орнына 50 жыл толады. Осы жылдар ішінде қаншама мұнай өндірілді, қаншама адам өндірістің дамуына үлес қосты! Мұнайшы апа-сіңлілеріме әйел бақытын, еңбек жемісін тілеймін. Ұрпағымыз аман болсын! Отағасым екеуміз қазақы тәрбие алған үш келіннен 7 немере сүйіп отырмыз, немеренің тәтті қылығына қуанамыз. Бәріңізге сондай тілек. Өмірлеріңіз берекелі болғай, арулар!
 

Қымбат Гусманова,
«Ембімұнайэнерго» басқармасында сым ораушы:
– Жылы, шырайлы көктемнің алғашқы күндері барша адамзаттың көңілін жадырата келген 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен барлық қыз-келіншектерді шын жүректен құттықтаймын. Әрбір шаңыраққа шаттық, зор денсаулық, мол бақыт, жанұяларыңызға береке-бірлік тілеймін. Жылдан-жылға табиғаттың тамаша мерзімі көктемдей құлпырып, жасара беріңіздер. Тек қана жақсы қасиеттерімізді сақтап, қашанда айдай сұлу, күндей жылы жүздеріңізден нұр төгіліп, сүйікті де сүйкімді болып жүрулеріңізге тілектеспін! Басқармада 1996 жылдан бастап еңбек етіп келемін. Қазіргі уақытта жолдасым екеуміз төрт баланың ата-анасымыз. Фатима, Әмина атты егіз қызымыз да бар. Біздің мекемеде өз істерін жетік меңгерген әріптестер жетерлік. Олардын көпшілігі қыз-келіншектер. Бәріне тілейтінім – бақытты ғұмыр! 
 

Нұрзиба Бурабаева,
– Қырық жылғы еңбек өтілімде талай жақсы-жайсаңдармен, ақылман апалар, сенімді сіңлілермен әріптес болдым. Өндірісте де, қоғамдық өмірде де белсенді қыз-келіншектер көп. Бүгінде жастар қатарының артып келе жатқаны да рас. Жас қыздар алдыңғы буын апаларының мол тәжірибесін үйреніп, еңбек етуде. Ұрпақ сүйген ана, әже ретінде баршаңызды Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріңіз сау болып, алақандарыңыздың жылуы, жандарыңыздың мейірімі таусылмасын. Істеріңіз сәтті болсын. Қазақ еліндегі бейбіт, тыныш өмірдің шырқы бұзылмасын. Барлығыңызға баянды бақыт тілеймін! 
 

Рахилаш Сапарова,
«Ембімұнайгаз» АҚ Ақтөбе кен орнында мұнай өндіру операторы:
– Ақиқаты, әр қоғамның іргетасының мықтылығы – отбасының бірлігінде. Әйел – шаңырақтың ұйытқысы, бірлігін сақтаушы. «Ер – елдің иесі, әйел – үйдің киесі» демекші, олар отбасының да шырайын келтіруші жандар. Мұнайшы қыздар үйінен жырақ жүріп еңбек етуде. Бірақ сонда да болса, ұрпақ өрбітіп, бала тәрбиелеуде де еңбегі зор. Менің 5 балам бар. Алды кәмелеттік жасқа жетті. 25 жыл өндірісте жүрсем де, осы балаларымызды ешкімнен кем қылмай өсіріп келеміз. Ардақты арулар, көктем мерекесі көңілдеріңізге қуаныш сыйлап, шаңырақтарыңыз берекелі болсын. Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт, жанұяларыңызға береке-бірлік тілеймін!
 

Зәуре Қалиева,
«Ембімұнайэнерго» басқармасының қызметкері:
– Аяулы әріптестерімді 8 наурыз халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Жер дүниені жаңартып, оның сәні мен мәнін паш етіп келе жатқан тамаша көктемнің мерекесі қарсаңында Сіздерге және отбасыларыңызға мол береке, нұрлы өмірлеріңізге биік белес пен толағай табыс, шуақты шаңырақтарыңызға шаттық пен қуаныш және баянды бақыт, болашаққа зор сенім, көтеріңкі көңіл-күй тілеймін. Әр істеріңізге сәттілік серік болып, басқан қадамдарыңызға Алла Тағаланың шапағатты нұры жаусын! Өмір баламен бақытты, анамен көрікті ғой. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, 96 жасқа келген енем бар, ертелі-кеш біздің амандығымызды тілеп отырғаны. Үйдің берекесін келтіріп отырған да сол кісінің ақ тілегі деп білемін. Өзім де 8 жиен, 4 немере сүйген әжемін. Заман тыныш, жастарымыз, қыздарымыз бақытты болсын!
 

Гауһар Мекебаева,
– 8 наурыз мерекесі – бүкіл адамзаттың аналар алдындағы тағзым етер күні десек артық айтқандық болмас. Ауылда туып-өстік. Әже-аналарымыздың мал сауып, жем беріп, ішек-қарын аршып, құрт қайнатып, ірімшік дайындап, жүн түтіп, жіп иіріп, алаша тоқып, киіз басқан, табанан көмген, басқа да ертеден қара кешке дейінгі тынымсыз тірлігін көріп өстік. Бәрі қол еңбегімен жасалушы еді, берекелі, мерекелі тіршілік болатын. Сол әжелер салған сара жолдан айнымасақ екен. Ұрпағымыз, қыздарымыз салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіріп өссе дейміз. Өндірісте де қыздардың рөлі жарқын. «Қайнармұнайгаз» МГӨБ 2000 жылдан қызмет етемін. Кенбай кен орнында оператор болып жұмыс жасай жүріп, өндірістік-техникалық бөлім жұмыстарына араласып келдім. Себебі  жұмысқа кірген кезде енді компьютерлендіріле бастады, басқарманың даму кезеңі көз алдымда өтті. Сондай-ақ, орталық инженерлік-технологиялық қызметте, геология және кен орындарды игеру бөлімінде жұмыс жасадым. Үнемі жан-жақты болуға, үйренуге талпынамын. Бос уақытымда ермегім  кітап оқу, тоқуыш тоқу, іс тігу, дәмді тағам дайындау, волейбол, үстел теннисі, поэзия, т.б. 5 сынып оқитын қызым Камила да домбыра, би, сурет, қолөнер сынды әртүрлі үйірмелерге қатысады, компьютерлік бағдарламаларға қызығушылығы бар. Ұрпағымызбен бақытты болайық, аналар! 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай сіздердің көктемнің гүліндей әрдайым құлпырып, әсемдіктің, әдеміліктің, нәзіктіктің иесі болып қала берулеріңізге тілектеспін!
 

Майра Бажикова,
«Өзенмұнайгаз» АҚ, Персоналды басқару және дамыту департаменті директорының орынбасары:  
– Егеменді еліміздің аяулы да ару қыздары! Баршаңызды көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтаймын! Сіздер сүйікті компаниямызда өткізілген жұмыстарға кеңінен қатысып, қоғамдық өмірге белсенді араласып жүрсіздер. Ару-әлемнің барометрі. Ол өзі де жайнап, айналасын да жайнатып жүреді. Қадірлі құрбылар, апалар, сіңлілер, армандарыңыз орындалсын! Жұмыстарыңыз берекелі, өміріңіз мерекелі болғай!
 

Ақкенже Ембергенова,
«Жылыоймұнайгаз» МГӨБ Құлсары қаласы асханасының бас аспазы, «KMG EP-Catering» ЖШС:
– «Ас – адамның арқауы» дегендей, мұнайшылардың құнарлы аспен тамақтануына асхана қыз-келіншектерінің сіңіріп келе жатқан еңбегі зор деп білемін. Олардың бәрі дерлік аналар. Менің де екі қызым өсіп келеді.  Біздің бүгінгі қоғамда ананың рөлі ерекше екені даусыз. Олар баласын тәрбиелеп, үй шаруасын реттеп, қоғамның тіршілігіне де белсене араласып жүр. Аяулы да сүйікті асыл аналар және барша қыз-келіншектер! Сіздерді ЕМГ-нің барша асхана қызметкерлері атынан 8 наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Қашан да жандарыңызға жақсылық нәсіп болғай. Ұл-қыздарыңыздың қызығын көріп, аман-сау ортамызда жүре беріңіздер. 
 

Намазгүл Әжмұқанова,
«Өзенмұнайгаз» АҚ, №4 МГӨБ, орталық инженерлік-технологиялық қызметінің аға диспетчері:    
– Ана мен мейірім-бірінен бірі бөлінбейтін егіз ұғым. Ана өмірінің сәні-мейірімде. Ананың мейірімі көзінде, ықыласы көңілінде, ақылы сөзінде. Ана махаббаты адамға қанат бітіреді, күш береді, ерлікке рухтандырады. Шаңырақтың, отбасының ұйытқысы – қыз-келіншектерімізді 8 наурыз көктем мерекесімен құттықтаймын. Өсе берейік, өне берейік, бар болайық, бай болайық. Мағыналы жүріс-тұрысымызбен ұл-қызға үлгі болып, тынымсыз еңбегімізбен компанияның дамуына үлес қосып, аман-есен жүре берейік!
 

Аққайша Жұбаниязова, 
Набат Есқалиева,

«Өзенмұнайгаз» АҚ, №2 МГӨБ, №6 ШСС машинистері:
– «Дүние жүзінде барлық адам баласында еркектің бәрі еркек емес, қыздың бәрі бірдей қыз емес, ал енді Ана дегеннің бәрі –Ана» – дейді қазақтың классик жазушысы Ғабит Мүсірепов. Халқымыз ананы айрықша құрметтеп, ардақ тұтады. Бүкіл ұлтымызды тәрбиелеп отырған әзиз аналарымыз аман болсын! Көктеммен бірге ілесе келген аналар мерекесі құтты болсын. Жұмысымыз жемісті, өміріміз келісті болғай!
 

«Өзенмұнайгаз» АҚ, №1 МГӨБ бір топ қызметкері:
– «Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын, сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі» – дейді қазақ жазушысы Мұхтар Мағауин. Шаңырақтың шаттығы, отбасының қызығы қыз-келіншектермен ғана көрікті. Арулардың араласуынсыз өткен тіршіліктің бәрі бос, мәнсіз, мағынасыз болып тұрады. Қымбатты, өзенмұнайгаздық ханымдар мен бикештер,Сіздерді мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз. Төрт құбылаңыз сай, көңіліңіз әркезде жай болсын!
 

Айжан Садырова,
«Argymak TransService» ЖШС персоналмен жұмыс және әкімшілік бөлімінің бастығы:
- Сүйкімді де нәзік, сұлу да сымбатты қыз-келіншектер, Сіздерді әсемдік пен әдептіліктің, махаббат пен көктемнің мерекесімен құттықтаймын! Наурыздың шұғылалы жарқын күні Сіздерге қуаныш пен жақсы көңіл-күй сыйласын. Асыл армандарыңыз орындалсын. Әрдайым мейірім мен шуаққа бөленіңіздер. 

 

Сәуле Дәрменова, Дариға Досымова, Жанар Мананова,
«Өзенмұнайгаз» АҚ кәсіподақ қызметкерлері:
– Біз қазақ қызының жаратылысы қалыпты өлшемдерге сыя бермейтін ғажайып құбылыс деп санаймыз. Қазіргі таңда қазақ қыз-келіншектерінің қоғамдағы алатын рөлі, маңызы өте зор. Біз жаратылыстың өзі сұлулық сыйлаған әріптес апаларымыз бен сіңлілерімізді  мерекелерімен шын жүректен құттықтай отырып, оларға оптимизм, үміт, махаббат, достық тілейміз. Жемісті еңбек ете жүріп, жарқын болашаққа бірге қадам жасайық!
 

«Өзенмұнайсервис» ЖШС бір топ қызметкерлері:
– Түркіде әйел жұрағатын қазақтай қадір тұтқан халық кемде-кем. Өсер ел ана мен баланы төбесіне көтереді, өйткені, екеуі де ұлттың болашағы. Ана деген баласынан еш уақытта еш нәрсесін аямайды. Анамыздың осынша ағыл-тегіл ықыласы мен пейіліне жер басып жүрген бәріміз қарыздармыз. Ендеше, аналар мерекесінде бүкіл қыз-келіншектерге ұзақ ғұмыр, бақ-дәулет тілейміз. Әрқашан жүрегіңіз махаббат пен сүйіспеншілікке толы болсын!
 

Нұрсұлу Бопанаева, 
«Argymak TransService» ЖШС офис менеджері:
- Қымбатты ханымдар, аналар, мейірімді әжелер, әдемі арулар! Сіздерді көктемнің шуақты мерекесімен құттықтаймын! Сіздердің атыңызға айтылатын ақ алғыстар мен жылы сөздер ешқашан толастамасын! Көктем самалымен келетін мерекелік көңіл-күй Сіздердің сергектігіңіз бен күш-жігеріңіздің қуат көзіне айналсын! Сіздерге және отбасыларыңызға баянды бақыт тілеймін! Әрқашан да сәттілік серігіңіз болып, жүздеріңізден нұр шашып жүре беріңіздер!
 

«Өзенмұнайгаз» АҚ, ТТБ бір топ қызметкерлері:
– Қазақ ханымы парасатты, отбасын сақтауға дегенде шегедей берік. Бүгінгі мереке біз үшін-үлкен мақтаныш, үлкен мерей. Айналаның бәрінде біздің ізіміз бар. Біз – көңілдің де, көздің де нұрымыз! Аяулы да, ардақты қыз-келіншектер! 8 наурыз төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, жұмысыңызға табыс тілейміз!
 

Әсел Рахманова,
«Ембімұнайгаз» АҚ жас маманы, ұңғымаларды зерттеу цехының операторы:
– Мен мұнай саласында 2009 жылдан бері еңбек етемін. Жұмысым жақсы, өзіме ұнайды. Әріптес аға-апалар бастапқыда ақылдарын айтып, жол көрсеткен еді. Бүгінде жұмысқа әбден төселдік, ыстық-суығына үйрендік. Игілігін де көріп келемін. Жыл сайын жас мамандар ұйымдастырған шараларға қатысу – соның бір айғағы. Отбасында ұл мен қызымыз өсіп келеді. Қымбатты ханымдар! Сіздердің атыңызға айтылатын ақ алғыстар мен жылы сөздер ешуақытта толастамасын. Көктемнің басымен келетін мерекелік көңіл-күй сіздердің сергектіктеріңіз бен күш-жігерлеріңіздің қуат көзіне айналсын. Баршамыз бақытты болайық!
 

«Қазгермұнай» БК»ЖШС-де және «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ компаниялар тобында еңбек етіп жатқан қыз-келіншектерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Көктемнің сұлу арайын ала келген мереке Сіздерге бақыттың гүлін, шаттықтың нұрын, сұлулық пен бейбітшіліктің жасампаздығын, әр күннің жылылығы мен жақсылығын, берекесі мен молшылығын, ырысын ала келсін. Бұл мейрам қашанда ең ізгі, ең ыстық, ең қастерлі сезімдерге толы. Өйткені, дана халқымыз нәзік жандыларын қастерлеп, шаңырақтың ұйтқысына балап, ынтымақ пен ырыстың алтын діңгегі деп білген. Сіздердің ел дамуы жолындағы ерен еңбектеріңізге жеміс тілейміз. 

Ізгі ниетпен,
Индиана Камалова, «Қазгермұнай»БК» ЖШС 
банк істері жөніндегі есепшісі,
Алия Шайтымова, «Қазгермұнай»БК» ЖШС есепшісі,
Инна Энграф, Бюджетті жоспарлау және экономикалық 
талдау бөлімінің орынбасары, 
Нұргүл Орынбекова, Бюджетті жоспарлау және 
экономикалық талдау бөлімінің жетекші маманы

 

Фарида Нұрсейітова,
«ӨзенМұнайСервис» ЖШС ӨҚБ (өндірістік қамту базасы) экономисі
– Мен мұнай-газ өндіру саласында 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін. Еңбек жолым «Жөндеу» ЖШС-де басталып, жоспарлау бөлімінде экономист, жетекші экономист қызметтерін атқардым. 2016 жылдан бері «ӨзенМұнайСервис» ЖШС-де өндірістік қамту базасында экономист болып еңбек етіп келемін. Өткен жылы ұңғыларға күрделі жөндеу жұмыстарына 45 жыл толған мерейлі мерекені кең көлемде атап өттік. Жаңа 2018 жылды жақсы көңіл күймен қарсы алдық. Әне-міне дегенше, қыс бітіп, көктем де келді. Көктем бар тіршілік атаулының бусана жаңаратын сәті. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы, төрт түліктің төлдеп, қыбырлаған жәндікке дейін жан бітетін кезең. Көктем жаңалықпен ғана емес, мерейлі мерекелерімен де төрімізге енеді. Сондай атаулы күндердің бірі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні. Сұлулықтың символы әйелдің, тұнған мейірімнің бұлағы ананың, нәзіктіктің белгісі қыздардың мерекесі баршамызға құтты болсын! Жүрген жеріне ерекше рең сыйлап жүретін нәзік жандыларымыз аман болсын! Әр шаңырақтың бағына баланған аналарымыздың жүздерінен қуаныш кетпесін! Аяулы азаматшаларымызға сәттілік пен шаттық серік болып, ерлердің сыйластығы мен құрметіне бөлене берсін деген тілек білдіргім келеді. 
 

Айнұр Молбаева,
«ӨзенМұнайСервис» ЖШС, жетекші инженер-эколог, көп балалы ана
– Жыл мезгілдерінің ішінде ерекше саналатын «Көктем» мезгілінде адам көңілін жадыратар мерекелер жиі болады. Соның бірі нәзік жандыларымыз асыға күтетін халықаралық әйелдер күні. Барша қазақстандық әжелерді, аналарды, аруларды аталмыш мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Қымбатты ханымдар, осынау шуақты мерекеде сіздерге зор денсаулық, таусылмас бақыт, мол жетістіктер тілеймін. Әрқашанда жанұяларыңыздың берекесінің себепкері болып, өз ортаңыздың жарығын сыйлар шамшырағы атанып жүре беріңіздер! Бар тіршіліктің тұтқасын ұстап, перзентін бақытына балаған аналарымыздың жүзінен күлкі кетпесін. Еңбекте табыстарға кенеліп, биік белестерді бағындыра беріңіздер! Әрқайсыңызға жарқын көңіл мен жақсылықтар болуына тілектеспін!  
Қыз қызғалдақ қырдағы
Таққан сұлу сырғаны
Бізге мәлім тек қана
Ақ орамал сырлары 
– деп ақ орамалды тағынып, ана деген атақты жамылып, жақсы жандардың қасынан табылып жүре берейік, қымбатты арулар! 

Сәуле Байжанова, 
«Argymak TransService» ЖШС бас бухгалтері:
- Қымбатты қызғалдақтай жайнаған ару қыз-келіншектер! Сіздерді 8 наурыз мерекесімен құттықтаймын! 
Әйел – өмірдің тұтқасы, шаңырақтың сәні. Қазіргі заманның арулары отбасы берекесін де келтіріп, балаларды да тәрбиелеп, сонымен бірге сұлу да сәнді қалыпта қызметте де табысқа жетіп жүр.  Мұнай саласында ер азаматтармен бірге ел игілігіне аянбай еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерге жұмысыңыз жемісті, отбасыңыз аман болып, өміріңіз шырайлы махаббат пен күтпеген тосын сыйларға толы болсын деген тілек білдіремін. 

Балзия Наятова,
«ӨзенМұнайСервис» ЖШС диспетчері, алтын алқа иегері:
– Ардақты аналарымыздың, аяулы қыз-келіншектеріміздің ерекше мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! «Сыйынар ем, ана деген тәңірге» демекші қазіргі біздің қоғамда әйел тек қана отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол тұтастай елдің тіршілігін қамдап, тіпті саяси мәселелерге де өзіндік үн қосатын белсенді топтың мүшесі десек те болады. Ана перзентіне жарық дүниені сыйлап, оның алғаш қадам басуына да демеу болатын мейірімді жан. Ұрпақ тәрбиесін ойлап, бүтін бір ұлттың негізінің қалануына тікелей атсалысатын адам. Сондықтан да қазіргі таңда қыз-келіншектер қызметпен қатар отбасының ұйытқысын сақтап, көп балалы болып ана бақытына да бөленуі тиіс деп ойлаймын. Құрметті ақ жаулықты әжелер мен аналар, аяулы қыз-келіншектер, сүйікті жеңгейлер мен келіндер, көктемгі мерекелеріңізбен құттықтай отырып, отбасыларыңызға мол ырыс-несібе, береке-бірлік тілеймін. Айналаңызға шашар қуат көздеріңіз, төгер мейрім-шуақтарыңыз таусылмасын! Әрдайым әдемі күйлеріңізден айнымай, жылы жүректі аналық абыройларыңыз арта берсін! 
 

Ұштап Бекжанова,
«ӨзенМұнайСервис» ЖШС-де темір жонушы:
– Мен жастайымнан түрлі жұмыстарға араластым. Оның ішінде еден жуып, жөндеу жұмыстарын да жасадым. Содан 1988 жылы бұрынғы «Жөндеу» мекемесіне өзімнің таңдап оқыған «Темір жонушы» мамандығы бойынша қызметке орналастым. Ер адамдардың табиғатына сай мамандық болса да мен өзімнің мамандығымды жақсы көремін. Ешқашан шаршап, жалыққан емеспін. Жаратушым маған осындай еңбек арқылы несібемді бұйыртып отырған болар. Еңбекте ердің қызметін қылсам да, өз үйімде әйелдің қызметін жасаймын. Отбасымда анамын. Жаңалыққа жаршы болып келетін көктемнің күнінде өтетін мерейлі мереке Халықаралық әйелдер күні құтты болсын! Қазақ халқы ертеден қыз балаға төрден орын беріп, ананы, әйелді құрметтеген. Әйел адамды ошақтың, отбасының ұйытқысы санаған. Сондықтан, аналарымыздың дендері сау, жүздері жарық, көңілдері әрқашан көтеріңкі болсын! «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеген» аналарымыздың қызметіне де береке тілеймін. Балалары бақытты болса, ананың әрбір күні мереке секілді, сондықтан өміріміздің жалғасы балаларымыз аман болсын! 
 

«Бұрғылау» ЖШС бір топ қызметкерлері:
– АНА-батырлықтың, батылдықтың, шыдамдылықтың, тұрақтылықтың, даналықтың, инабаттылықтың, парасаттылық пен ақылдылық, сезімталдық пен әсемдіктің көзі. АНА-әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер балаға алдымен анадан тарайды. Жылына бір келетін аналар, қыз-келіншектер мерекесі құтты болсын. Басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын!
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх