Менің шешем...

Менің шешем...
05.03.2018
167
Әлеумет

Менің шешем...

Мен көп балалы отбасында дүниеге келдім. Мен тәрбиеленген отбасы мен қазіргі отбасыны салыстырамын да, айырмашылықтың жер мен көктей екендігін байқап, айран-асыр қаламын. Бәлкім, қазақтың «елу жылда – ел жаңа» дегені осы ма екен?! Қара жердей салмақты менің шешем үшін өмір сондай түсінікті болатын. Аштықты, жетімдікті көріп өскен ол жерге түскен нан қиқымын немесе төгілген сүтті көрсе,  шошып кететін-ді. Жалма-жан төгілген сүтті саусағымен маңдайына тигізіп, әлдене деп күбірлейтін. Мен шешемнің қылығына күлетінмін. Ол кезде үстінен күн иісі мен малдың қиы араласқан әлдебір түсініксіз иіс шығатын қара кемпірді өмір-бақи сағынып, іздеп жүретінімді білмеппін. Сөйтсем, қара кемпір менің өмірдегі тірегім, қорғаным, қолдаушым, қорғаушым болған екен. Құшақтап отырып: «Небір заман өтті ғой. Беу, дүние-ай! Қазақтың небір марқасқа жігіттері кетті-ау...Түндігі ашылмай қанша түтін қырылып қалды-ау...» – деп жылаушы еді. Бала-бақшаға барып жүрген мен сорпаға тойып алып, ана құшағында маужырап ұйқыға кетіп бара жатушы едім... Анамның ащы жасы бетіме тамып кететіні де есімде қалыпты.
Кешкілік отбасы болып теледидардан кино көріп жатамыз. Советтің киносы...Шабалаңдап семіз орыс қатын отағасының бетінен алып жатады. «Көргенсіз!» – дейді рахаттанып шай ішіп отырған шешем тіксініп... «Ер-азаматының бетіне осылай келуге бола ма?» – дейді күйіп-пісіп. Ол үшін ер-азаматқа қатынның қарсы сөйлеуі – абсурд. Ақылына сыймайды...
Әкем мен шешем бір-біріне ғашық болып үйленді деп айта алмаймын. Алайда олардың арасындағы балдай тәтті татулық пен сыйластықты қазіргі «сүйіп-күйіп» үйленген кейбір жас жұбайлардан таба алмайсың. Олардың арасында бізге беймәлім араласу мәйегі болды, үзілмейтін жіп бар еді. Қазіргі жастар бір-бірін көрместей таптап, жүрекке салмақ салып, сүйектен өтер сөздерге жол береді. Олар эмоцияға берілгіш, тыйым салынған нәрселерге бойы бейім, соны түсінуден уайымға салынады. Мені «сүйгенімізбен тұрып жатып, отбасында кіршіксіз үйлесімділікке қол жеткізе алмауымыздың себебі неде?! Олар сүйіспеншіліксіз қалай тату да бақытты өмір сүрген?!» – деген ойлар толғандырады. Қазір заман басқа ғой – деген жауап бергеніміз дұрыс па?! Мәселе тек заманға ғана тіреліп тұр ма?! Ой елегінен өткізсем, ол кездегі өмір заңы тым қарапайым екен. Әке-отбасы тірегі, асыраушы. Шеше-екінші сатыда, үй тіршілігі мен тауқыметін тартушы, балаға жауапты, әрі жұмыс істеп, отбасының бірлігін нығайтушы, ол ешқашан күйеуіне ренжімейді, өзінің екінші екенін терең түйсінгендіктен де, өкпесін айтуға да қақысы  жоқ. Әрбір отбасы мүшесі өз орнын нақты біледі. Әкелік билікке бағыну-ол кездің балалары үшін қалыпты жағдай еді. Олар «отбасы басшысы кім?» – деген сұраққа бас ауыртпайды. Онсыз да белгілі жайт. 
Қазіргі ерлі-зайыптылардың жан-дүниесінде тыныштық жоқ. Әйел санасы бүтіндей өзгерді. Отағасының бетіне жел болып келіп, бір ауыз сөз айтпай өмірден озған менің шешемдей шешелердің қатары сиреді... Ішіп келген әкемді қара нардай қара кемпір аппақ төсекке жатқызады. Үйде қазан асылып жатады...Өрістен қойлар келіп жатады. Шешемде ләм-мим сөз жоқ. Бәріміз кешкі асқа тойған соң, ұйықтаймыз. «Ия, Алла мың да бір шүкіршілік...» деп күбірлейді жастыққа қисайып жатып ол. Рақат, керемет жайлылық. Үйде кішкентай мәселе бола қалса «әкелерің не дейді екен» – дейді шешем. 
Ақылды жан өзінің ақылымен, парасат-пайымымен-ақ отағасын өмір-бақи өзіне табындырып өтті. Халықтың болашағы өзіне қарап тұрғандығын, аналық парызын, халқының алдындағы қастерлі міндетін естен шығармаған, «тоғыз ай, он күн көтерген, еңбегінде еті өлген, мұздай бесік таянған, жыласаң шошып оянған» (Майлықожа) қазақ деген ұлттың тәрбиешісі асыл шешелерге мың тағзым!

Сарша Сүгірәлі, 
«Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкері

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх