Мамандар ұстаханасы болған Сағыз кәсіпшілігі

Мамандар ұстаханасы болған Сағыз кәсіпшілігі
16.02.2018
163
Әлеумет

Мамандар ұстаханасы болған Сағыз кәсіпшілігі

Біз бала болып ойнамаған ұрпақпыз, заман сондай болды. 1944 жылы мен Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігінің геология бөліміне жұмысқа орналастым. Құжаттар жинақтаушы техник болып жұмыс жасап, одан зерттеушілер бригадасына оператор, мұнай ұңғыларын зерттеу технигі, мұнай өндіру учаскесінің шебері, жер асты жөндеу бригадасының шебері, кадр бөлімінде инспектор, цех бастығы, өндіріс басшысы болып Сағыз кәсіпшілігі жабылғанша жұмыс жасадым. Қарапайым үйренушіден барлық сатылардан өтіп, өндіріс басшысына дейінгі жолдан өттім. Ол заман ел басына күн туған, ер етігімен су кешкен кез еді ғой. Соғыстың қайнап тұрған кезі, техника жоқтың қасы, барлық еңбек қол күшімен жасалатын. Осындай қиыншылыққа қарамастан, халықтың барлық ниеті жеңіске жету ғана болатын.  
Сол кезде өндіріс директоры П.Ф.Калашников деген адам болды. Өзі бұрынғы партизан, жасы алпыстарға жақындаған үлкен кісі. Балажан адам  болатын, Приезжийде жалғыз тұрды. Демалыс күндері бірдей түстен үш ат шанаға жеккізіп, көзіне түскен қазақтың балаларын шақырып алып, шанаға мінгізіп, көлік айдаушысымен бірге Доссор жақтағы жалпақ сорға қыдыртып келетін. Балалар тоңып қалмасын деп, үлкен тұлып алып балаларға жабатын еді. Ал, бас инженер М.Шелёпин күлмейтін суық адам еді,  атқа жақсы отыратын. Ол кезде машина деген жоқ, әрбір адамның, бастықтардың өндіріске баруға бекітілген аттары болды. Шелёпиннің торы жорғасы анда-санда жалпақ сорға салып жорғалатқанда өткен-кеткеннің бәрі таң қалып қарап тұратын. 


Есімде қалғандары бойынша сол кезде, жылдарымен көрсете алмаспын, өндірісте еңбек еткендер туралы айтып өтейін, арада қаншама жылдар өтті... Кейбірінің атын, кейбірінің фамилиясын ұмыттым. Мұның бәрі тарих үшін керек қой, ауылымыздың тарихында әр кездерде ізі қалған адамдардың аттары ескерусіз қалмасын деген ойым. Өндірістің бас геологы Борис Свищев болатын. Эксплуатация геологы Струняшева Александра деген қыз болды. Каванкин деген бас механигіміз болды. Диментман Исаак Наумович, ұлты еврей болатын, мұнай өндіру цехының бастығы болып қызмет етті. Фридбург Лев Мордукович, ұлты еврей, техника бөлімінің бастығы болатын. Сонымен қатар, Фридман деген еврей, техникалық бөлімнің инженері, Тамчани Анатолий – аға инженер, Райшор, еврей, күрделі құрылыс инженері, Ермаков Василий Михайлович, зерттеу бойынша техник, москвалық болатын. Басқа да көптеген майталман мамандар еселі еңбек етті. Мектеп директоры 1944 жылдан Көшербаев Муса болды. Әр кездерде Өтебалиев, Айтбаев, Қостанбеков С., Атағозиев Қ., Демеуов С. поселкелік кеңестің төрағалары, ал, поселкелік кеңестің хатшылары Латипов Қуан, Оразалиев Құсайын, Демеуов Серік, т.б. болды. Еңбегімен елеулі болып, Сағыз тарихында Ленин орденіне ие болғандар Шынтасов Бауыржан, Есенжанов Қаратау, Қалдығариев Жұпбол, Оразғалиев Қабидолла, Түрікпенбаева Айгүнше, Аманбаев Балықбайлар болатын. Ал Еңбек Қызыл ту ордені иелері Әлиев Сүйеу, Кенжеғалиев Сағынғали, Жұмабаев Мерген. Осындай еңбеккер жандардың арқасында Сағыз мұнай кәсіпшілігінің атағы жер жарды. 
Сағыз аумағы шағын болғанымен онда келген кадрлар тез өсіп, жақсы тәжірибе алып, ысылып, басқа жаққа жоғарылатылып жіберілетін. Яғни, Сағыз – кадрлар өсуінің трамплині еді. Мысалы, Қалыбаев Мақат та қатардағы жұмысшы, оператор, мастер болып жүріп Сағыз мұнай кәсіпшілігінің бас инженерлігіне дейін көтерілді. Балжанов Құмар Сағыздан Прорваға бас инженер болып барып, одан Қазақстан Мұнай бірлестігіне бас инженерлікке дейін көтерілді. Қаратонда участок бастығы болған Ғабдуллин Хамит Сағызда өндіріс басшысы, одан Құлсарыға директор болып, одан Ембімұнай бірлестігінің басшысының орынбасары болды. Сағызда өндіріс басшысы болып еңбек еткен Есенғалиев Бағытжан министрлікке дейін көтерілді. Айдыналиев Зияддин мұнай-газ жұмысшылар кәсіподағы комитетін басқаруға дейін көтерілді. Бас инженер болған Атшыбаев Әбу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, одан Маңғыстау облысының партиялық халықтық бақылау комитетінің басшысы болды. Сағызда өндіріс басшысы болған Аухатов Хансұлтан Доссор мұнай өндірісі директоры болып қызмет атқарды. Техникалық бөлімнің бастығы болған Фридбург Лев Қошқарда бас инженер, директор, ал Сағыздан кеңсе қызметкерінен соғысқа кеткен Сүйесінов Дүйсен Сегізінші гвардияның комсоргы болып, офицер, Жауынгерлік Қызыл ту орденімен, көптеген медальдармен майданнан келіп, аудандық партия комитетінің хатшысы болып жүріп өмірден өтті. Сағызда кеңсе жұмысында болған Есенжанов Жетпісбай аға лейтенант, артиллерияда батарея командирі болып, бес орденмен, бірнеше медальдармен келіп, аудандық партия комитетінде, одан Қазақстан жұмысшылары мұнай химия өнеркәсібінің комитетін көп жыл басқарып, кейін Маңғыстау ашылғанда сонда жауапты жұмыстарда болды. Оразғалиев Қабидолла, үш Қызыл Ту, екі Отан соғысы ордендерімен, «Ерлігі үшін» медалімен, т.б. медальдармен марапатталып, ол жайында Қазақ ССР-ның 25 жылдығы тарихына орай орталық газетке «Отважный танкист» мақаласы суретімен шықты. Жетпісінші жылдары Сағызда оператор болып еңбек етіп жүріп, ол Ленин орденімен марапатталды. Айта берсем, Сағыздықтардың еңбектегі де, майдандағы да жеткен жетістіктері, көрсеткен ерліктері ұшан-теңіз. Олардың барлығын менің қысқа ғана естелігімде түгелдей атап көрсету мүмкін емес, мен тек есімде қалған кейбіреулерін ғана көрсеттім. Кезінде біздің Сағыздықтардың майдандағы да, тылдағы да ерліктері, бейбіт өмірдегі еңбек ерліктері жайында көптеген орталық басылымдар жарыса жазды, суреттерімен қоса жариялады.
Сағыздың тәулігіне ең көп мұнай өндіргені 1944 жылдың август айы. Қазақ мұнайшыларының «Мұнайшылар, мұнай бер, Соны сізден сұрайды ел!» деген Отан шақыруына теңдессіз үлес қосқан жылдары осы кез. «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деген ұранмен еңбек еткен сол бір жылдарда Сағыздықтар да барлық отандастарымыз сияқты қолдан келгенін аяған жоқ. Аталған айда Сағыз мұнай кәсіпшілігі тәулігіне 222 тонна мұнай берді. Ол кезде жаңа ұңғыларды бұрғылау мұнай өндірумен қатар жүреді. Қазу жұмыстары аяқталған ұңғылардың мұнай қабаттарын аттырып мұнайын алады да өндіріске қосады. Ол заманда Сағыз мұнай кеніші жаңа кеніш саналды, мүмкіншіліктері орасан зор еді. Сондықтан да тәулігіне осыншама көп өнім алу мүмкін болды. 
Сағыз мұнай өндірісіне басшылыққа Айдыналиев Зияддин Мәжитұлы келісімен поселкені көркейту жұмыстары қолға алынды. 1958 жылы жаз айында Евдокимов бастаған төрт кісіден тұратын арнайы бригада құрып, сол бригада соғыс алдында  тұрғызылып, бітірмей тастап кеткен орталық жылу қазандығын салып бітіріп, моншаны, кеңсені, мектепті, тағы да басқа бұқаралық нысандарды, барлық тұрғын үйлерді ыссы сумен бір орталықтан жылытылатын қылды. Көшеге жарық қондырылды. Жаңадан салынған корпустарға, бала бақшаға тас жол салынды, әрбір үйге ауыз су жеткізілді. Тұрғындардың тұрмысын жақсарту үшін жасалған бұл жұмыстар өндіріс басшысы Айдыналиев, поселкелік кеңестің төрағасы Қостанбеков С., партия ұйымының жетекшісі Тасболатов, кәсіподақ комитетінің төрағасы менің басшылығыммен жүзеге асырылды. Тұрғындардың жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатында бақшаны жөнге келтіріп, бақшаның ортасына тақтайдан жазғы клуб тұрғызылып, жаз маусымында кешкі кинолар, жиналыстар, концерттер, жастардың би кештері сонда өтетін болды. Жазғы клубтың қасында әдейілеп су бұрқағы тұрғызылды, би алаңы жасалды. Бұл Сағыз үшін үлкен бетбұрыс еді. Сағыздың қысқы клубы сол кездерде адам танымастай әрленді. Сахнаны безендіруге арнайы Ресейден келген әскери суретші Артюшин деген гвардия майорының еңбегі сіңді. Клубтың фойесіне биллиард, үстел теннистері қойылып, халыққа қызмет көрсетті. 1959 жылы Львов политехникалық институтын бітірген Тихонов деген маман жігіт, тройной прыжоктан спорт шебері, ауыл өмірімен таныса келе, көшеге күн батарда өзі жанатын таң ата сөнетін автомат құрал-жабдығын қондырды. Қысқасы, бұл жылдар Сағыздың мәдени даму кезеңі болды. Жоғарыда айтқандай Сағызда кең байтақ кеңес елінің әр қиырынан келген өндірістік те, мәдени де көргендері көп, тәжірибелері мол орыстар мен еврей ұлтының өкілдері басшы жұмыстарда болды. Ол басшылар өздерімен бірге Сағызға көп өзгерістер ала келді. Тек өндірісті дамытпай, олар ауыл халқын мәдени, тұрмыстық жағынан ілгері сүйреді, халыққа үлгі болды. Сағыздықтар соларға теңелуге, үлгі алуға тырысты. Солардың арқасында Сағыздықтар көрмегенді көріп, көп нәрсені үйреніп, барлық жағынан да көтерілді, біліктіліктері артты, мәдени тұрғыдан да өсті.
1949 жылы мен армия қатарына алындым, одан 1952 жылы оралдым. Содан кейін комсорг, профком, парторг, совет жұмыстарында болдым. Қандай жұмыста жүрсем де, абыройлы болдым, бірнеше дүркін облыстық партия, атқару, кәсіподақтар, комсомол ұйымдарының, аудандық партия, атқару, кәсіподақтар комитеттерінің, мұнай, газ өндіру басқармасының құрмет грамоталарымен марапатталдым. 1972 жылы июнь айында Сағыз кәсіпшілігінің мен басқаратын жер асты жөндеу бригадасының көрсеткіштері Қазақстан мұнай өнеркәсібі бойынша үздік деп танылды. Озық тәжірибеміз бүкіл Қазақстан мұнайшыларына таратылды. 1977 жылы тағы да осы бригада үздік деп танылды. Қазақстан мұнай өндірісі кәсіпшілігінің дипломымен марапатталды. Сол кездегі үздіктерді ұлығылаудың бір түрі ретінде бригада мүшесі Қостанбеков Жекенбай КСРО астанасы Москва қаласындағы Кремльдің жанында суретке түсу құрметіне ие болды.  Сол кезде Сағызда еңбек еткендер, өндіріс басшылары қарапайым адамдардың тұрмысын жақсарту үшін аянбай, адал еңбек етті. 
Содан 1987 жылы ауылды көшіргенде өндірістің барлық беретіні тәулігіне 36 тонна болды. Осыншама деңгейге дейін мұнай өнімі құлдырап кетті. Зерттелген мұнай қабаттары әбден тозған, берерін беріп болған көне мұнай өндірісі болғандықтан жаңа ұңғымалар қазылмады, сондықтан мұнай өндіру де өте нашарлап кеткен еді. Оның аяғы өндірісті оңтайластыру қажеттігіне ұласты, халықты үлкен шығынмен ауылда ұстап тұру тиімсіз болды. Ауыл халқы Мақат поселкесіне көшірілді. Кен қабатындағы мұнай қорының азаюына байланысты, ауылымызды ұстап тұру экономикалық жағынан тиімсіз болғандықтан көшіргенге дейін, Сағыз шағын кәсіпшілік болғанымен, бірлігі мен ынтымағы жарасқан, орыс-қазағы аралас, тату-тәтті, айрандай ұйыған ауыл болып еді. 
2016 жылы Сағыздық азаматтар жиналып, Атырау Құлсары бағытындағы тас жолдың бойына, бұрын кәсіпшілік болған жердің тұсына ескерткіш белгі орнатып, «Сағыз мұнай кәсіпшілігі» деп аталатын кітап шығарды.  Өткен жылы Сағыз мұнай кәсіпшілігінің алғаш мұнай бере бастағанына 80 жыл болды. Осы атаулы мерекені де сағыздық азаматтар ескерусіз қалдырған жоқ. Ескерткіштің айналасын абаттандырып, тағы екі композициямен толықтырды. Мақат аудандық мұражайы мен аудандық архивте, М.Баймұқанов атындағы орта мектепте Сағыз мұнай кәсіпшілігіне арналған бұрыштар ашылды. Бұл мереке Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласында айтылған туған жер бағдарламасына сай келгені қуантады. Өйткені, тарихты жасайтын-біздер, адамдар. Кешегі күн – тарих, бүгінгі күн – оқиға, ертеңіміз – болашақ емес пе? 


Бүгінгі күні мен сол ауылдың өсіп-өркендеуіне, көркеюіне, тұрғындарының сан түрлі проблемаларын шешуге бір адамдай атсалысқанымды мақтан етемін. Бұл менің ғана емес, сол ауылда туып өскен, азамат болған, саналы ғұмырын туған өлкесінің тағдырына арнаған бар азаматтың борышы деп білемін. Қай жерде жүрсе де біздің Сағыздың азаматтары биіктен көріне білді, туған жерінің атына кір келтірген жоқ. Тоқсанға келген мен соған қуанамын, риза боламын, мақтан тұтамын!

Құлымғара Атағозиев,
Еңбек ардагері. Сағыз мұнай кәсіпшілігінің  ең соңғы басшысы. 
«КСРО Мұнай кәсіпшілігінің үздігі» медалінің, бірнеше Құрмет грамоталарының иегері, 
Қазақстан Мұнайының 100 жылдығына орай ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Алғыс хатын алған. 

 

Құрметті 
Атағозиев Құлымғара Бисенғалиұлы!

Сізді Сағыздық ауылдастарыңыздың атынан мерейлі 90 жасқа толуыңызбен құттықтаймыз! Сіз бұл жасқа үлкен абыроймен, ауылдың ақсақалды Қариясы, үлкен әулеттің асқар биік Бәйтерегі, өзіңіз еңбек еткен мұнай саласының Абызы болып келіп отырсыз. Өзіңіздің өмір жолыңызды бәріміз үшін қымбат та киелі мекен Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігінде коллектор болып бастап, осы өндіріс орнының басшысы лауазымына дейін көтерілдіңіз. Осы кәсіпшіліктің ыстығына күйіп, суығына тоңа жүріп, ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, туған өлкеңіздің өркендеуіне азаматтық үлесіңізді қостыңыз. Еңбегіңіз еленіп, еліміздің бірқатар марапаттарына да ұсынылдыңыз, «КСРО Мұнай кәсіпшілігінің үздігі» атағын иелендіңіз, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталдыңыз. Жарыңыз Махамбетова Нұрбиғамен бірге алтын асықтай ұл мен қыз тәрбиелеп өсірдіңіз, оларды азамат қатарына қосып, еліміздің өмірінің сан саласына қанаттандырып, ұшырдыңыз. Сізден алған үлгісімен бүгінгі күні ұрпақтарыңыз да сіздің жолыңызды жалғастыруда. «Аталастың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дегенді айтқан қазақтың ұрпағы емеспіз бе? Балаларыңыз Сіздің атыңызға кір келтірген емес, біз де оларға әрқашан тілеулеспіз!
Келген жасыңыз құтты болсын! Сізге денсаулығыңыз мықты болып, ұрпақтарыңыздың рахатын көріңіз деген тілек білдіреміз! 

Игі тілекпен: 
Еліміздің әр қиырында жүрген Сағыздық ауылдастар


 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх