«Тегінде бар тек жатпас»

«Тегінде бар тек жатпас»
05.02.2018
16
Әлеумет

«Тегінде бар тек жатпас»

«Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты Технологиялық транспорт басқармасында автобус жүргізушісі болып қызмет атқарып жүрген әріптесіміз Болат Самалаев жан-жақты өнерлі жан. Ол әнші және композитор. Тіпті өнер сайысына қатысып, жүлдегер де атанып жүр. 
Болат 1964 жылдың 5 тамызында Түпқараған ауданына қарасты Таушық аулында өнерпаздар отбасында дүниеге келіп, екі жасында Шетпе аулына көшіп келеді. Домбырашы әкесі 1957 жылы Атырау қаласында өткен домбырашылар фестивалінде Есірдің «Ақжармасымен» шығып, жүлдегер атанады. Ал анасы қазақтың небір халық әндерін тамылжыта орындағанда адамның жан дүниесін баурап алатын. Өнерлі әке-шешенің дарыны ұландары да дарыды. Болаттың ағасы Марат Ордабаев республикаға танымал композитор. Мектеп қабырғасында ағасының жетекшілігімен «Адай» тобын құрып, ауылдың шараларына қатыса бастауы – Болаттың өнер әлеміне жасаған алғашқы қадамы болатын...
«Ән қалай пайда болады?» – деген сұрағымызға Болат «Әннің пайда болуын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бір тылмыс күш алып-ұшып, кеудеңнен жарып шыққысы келіп тұрады» – дейді.


Әрине, Сіз бен Біз әннің махаббаттан, шабыттан, ыстық сезімнен, жүрек толқынысынан туатынын жақсы білеміз. Бүгінде ердің жасы елуді еңсерсе де Болат жаны сүйген өнерден қол үзіп кете алмады. Компаниядағы вокалды-аспаптық ансамблінде музыкант. Бас гитарада ойнайды. Өнерпаздар 2013 жылы Ақтау қаласында өткен «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ 10 еншілес мекемелерінің өнерпаздары қатысқан «Дала дарындары» атты өнер додасында бас жүлдеге ие болып, ауылға көңілдері әндетіп қайтқан болатын. Әбіш Кекілбайдың туған ауылы Оңдыда өткен 70 жылдық тойында өнер көрсетіп, көрермендер қошеметіне бөленді. Жуырда облыстық «Сөз бен саз» бағдарламасында қонақта болып, өнер хақында сұқбат берді. Аталмыш бағдарламаның есеп беру концертінде шырқаған «Айналайын» әні тыңдаушыларға тымырсық кеште жаныңды жадыратар самал сияқты әсер етті десек қателесе қоймаспыз. Көрермен Болаттың әнін құмарта құшырлана тыңдады. 
Бір қызығы бұл әннің сөзін өзіміздің әріптесіміз ӨЭМБ қызметкері әуесқой ақын Нұрлан Бекжанов жазыпты. Вокалды аспаптар ансамблі Болат Самалаевтан басқа, Айса Қожбанов, Талап Ақшабаев және Рахат деген өнерлі жігіттерден құралған. 
«Өнер қан қуалайды», – дейді қазақ. Бәлкім бұл сөздің жаны бар шығар. Өйткені, Болаттың бала-келіні Қуат Самалаев пен Сәнзира Қазиева дуэт болып, ән шырқап жүр. Болаттың Шетпе аулында тұратын апалары Айсұлу мен Бақыт Ордабаевалар да «Әжелер» ансамблінде ән айтады. Оның әндері құлаққа жағымсыз, көңілді айнытатын әндер қатарынан емес. Әріптесіміздің әкесіне деген сағыныштан туған «Әкешім» әні де жаныңды балқытып, көңіліңді босатады. 
Жер бетінде бар болғаны жеті-ақ нота бар. Сол 7 нотаның өзінен әлемде күніне бір-біріне ұқсамайтын миллионға жуық әуен туатыны қандай ғажап! 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх