Құрметті демалысқа шықты

Құрметті демалысқа шықты
05.02.2018
193
Әлеумет

Құрметті демалысқа шықты

«Ембімұнайгаз» АҚ-да зейнеткерлік жасқа жеткен мамандарды демалысқа құрметпен шығарып салу дәстүріне сай, үш қызметкерді әріптестері ұлығылап, құрмет көрсетті. 


«Ембімұнайгаз» АҚ геологиялық барлау жұмыстары департаментінің бөлім бастығы Ғалия Ерниязова бүкіл саналы ғұмырын мұнай-газ өнеркәсібінің геология саласына арнаған адам. Оның өндірістің дамуына қосқан үлесі елеулі. Еңбек жолын «Эмбанефть» бірлестігінде геолог болып бастап, осы саланың білікті маманы атанды. Геологиялық зерттеу жұмыстарының орындалу сапасын, ұңғыларды күрделі жөндеу жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілуін қадағалап, ұңғылардан сынама алу, ай сайынғы есебін жүргізу жұмыстарын біліктілікпен жүргізді. Өз ісін мінсіз атқарып, шеберлік шыңына шыға білген маманның марапаттары, атақ-дәрежелері аз емес. Әріптестері сауатты, өз ісіне мығым, өндірістегі тәжірибесі мол маман, өмірде мейірімді жан ретінде ерекше құрметтейді. 


Дүйсенов Тәңірберген Ембінің кеніштерінде 1970 жылдан бері еңбек етіп келеді. Еңбек өтілін «Мақатнефть» мұнай-газ өндіру басқармасында Мақат мұнай газ өндіру кең аланында қарапайым мұнай газ өндіру операторы болып бастап, сол мекемеде оператор, шебер, техник, технолог, цех бастығы, орталық инженерлік технологиялық қызметінде инженер, өндірістік техникалық бөлім инженері, бөлім бастығы, басқарманың өндіріс жөніндегі бірінші орынбасары, бас инженері, «Мақатмұнайгаз» МГӨ басқарма бастығы болып қызмет етіп, өндірістің дамуына зор үлес қосты. Соңғы жылдары «Доссормұнайгаз» МГӨБ-де еңбекті қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздік бөлімінің бастығы болып еңбек етті. 
«Ембімұнайгаз» АҚ 2014 жылдан бастап әйелдер үшін жасы 55-ке және ерлер үшін жасы 60-қа толып, тараптар келісімі бойынша аталған жаста зейнеткерлікке шығуға ерікті түрде келісім берген тұлғаларға зейнеткерлік жасқа жеткенше жәрдемақы төлеу Ережелерін бекіткен болатын. Бұл Ереже тек өндірісте, ауыр жұмыста жасағандар үшін ғана емес, жасы жеткен Қоғамның барлық мүшелеріне де қолданылады. 


Айбаров Амангелді де осы бағдарлама аясында 60 жасқа толған соң, демалысқа шығуға шешім қабылдапты. Ол білікті инженер, сапа қызметінің жетекшісі ретінде компанияға бірқатар халықаралық стандарттардың енгізілуіне бастамашы болып, осы бағытта біраз тер төккен. Мамандарды әріптестері келіп құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков: «Зейнет жасына жеткендердің демалысқа шығуы кейінгі толқын біздерге жауапкершілік пен сенім жүктейді. Сіздерді көп жылғы еңбектің зейнетін көрер қуанышты шақтарыңызбен құттықтаймын» деді. «Зейнеткерлік те бір белес қой, құрметтеріңізге зор рахмет» деп зейнеткерлер ризашылығын білдірді. 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх