Жақсы сөз айтып үйренейік

Жақсы сөз  айтып үйренейік
05.02.2018
20
Әлеумет

Жақсы сөз айтып үйренейік

Біз күніне қанша сөз айтатынымыз бір Аллаға ғана аян. Тілдің пайдасы мен зияны бірдей. Тіл екі жүзді қанжар секілді. Тілден бақ қонады, тілден бас кетеді. «Қылыш жарасы бітер, сөз жарасы бітпес», «Тыймаған ауызда бәле бар», «Таяқ сөзден өтеді, сөз сүйектен өтеді», «Көз жетпеген жерге сөз жетеді» ... дейді қазақ. Бұл дана халықтың қай дегенін айтып тауысарсың. Киелі кітапта айтады: «Әуелі сөз болған, сөз Құдай еді...» Жақсы сөздің керек емес жері бар ма? Жарық дүниеге жарты күн қонақ болсаң да, жаныңды жақсы сөзбен жылытқанға не жетсін! Жаман сөз пәле шақырады. Қазақта сөздің түрі көп. Образды сөйлеу, тебіреніп сөйлеу, мұңайып сөйлеу, екпіндеп сөйлеу, тұспалдап сөйлеу...мысқылшыл сөз, қаңқу сөз, шаншу сөз, кісі өлтіретін тым ауыр сөз, су татыған сөз, ойланбай айтылып опық жегізетін сөз, құйындай ұйытқыған шулы сөз... Қаныңды қыздырар, арқаңды қоздырар сөздің құдіретіне шәк келтіруге бола ма? Сөз семіп қалған көңілді сергітеді. Сөздерді дұрыс қолдана білудің өзі сіздің өміріңізде артық мәселерді туғызбайды. Адамды ауыртатын да, жазатын да – сөз. Іштен шыққан сөз де – перзент. Сөз жүрек кірін тазалайды. Адам ағзасына жаман сөз кері әсер береді. Қалай болса солай сөйлеген адам «өзінің жетістікке жетуіне тұзақ құрады» екен. «Әдеп басы – тіл» дейді. Сөздің сақтаушы күші бар. Сөз өнері кісіліктің сырын ашады, сонысымен асыл. Сөздің қадірін білетін, әңгімесі жүйелі адамның аузынан шыққан лебіз көкірегіңе сәуле құйып, жан-дүниеңді рухтандырып, қанаттандырады. Адамды қуантудан артық бақыт жоқ. Адамды жер қылуға бір ауыз сөз жетіп жатыр. Бір ауыз сөзбен адамды тұқыртуға, жертезек етіп қорлауға, рухын таптап жасытуға болады. Бір ауыз сөздің бір түйелік салмағы болады. Асылы адамзатты бұзатын ауыз, одан шығатын жел сөз. Оспанхан ағамыздың пікірінше «Итің жаман деген де ауыр сөз»...Не пәленің бәрі сөзден басталған. «Түу, Бекежан, сен сөзді бөле бердің ғой?» Бұл – «Қыз Жібек» фильміндегі Сырлыбай аузымен айтылатын ауыр сөз. Сөз дегенің де бір дауасыз дерт ғой. Қазақта өзге дүние жетпесе де, шүкір, сөз жағы жетеді. Баяғы Сырым батырдың Хиуаның ханына: «Басқа бәле – тілден» дейтіні тегін дейсің бе? 
– Жапалақ ұшпас жасыл тау,
Жақсылардың өзі өлсе де, сөзі сау.
Ойлап тұрсам жаманның,
Жалаңдаған өз басына тілі жау.

Қаланың қулық-сұмдығынан ада қазақтың сайын сахарасында сөзге тоқтаған, екі сөйлеуді өлімге санаған. Сөзге тоқтамағанның төбесі бітеу. Неге қазір сөз жүрекке жетпейді? Неге жетемізге тексізсің деген аталы сөз батпайды. Өйткені, біз бүгін адамзат үшін ең асыл қазына –Тіл мен Сөз екенін ұмыттық. Ата-бабамыз сөз түсінбегенді «мақұлық» демеуші ме еді? «Білгенге – маржан, білмеске – арзан, надандар баһыра ала алмас» деп шамырқанды дана Абай. «Бір ауыз жылы сөз – қылышты да қынына кіргізеді». Иманның жартысы жақсы мінез болса, жақсы мінездің жартысы – жақсы сөз. Рухымыздың тазалығы – аузымыздан шыққан сөзіміздің жақсы-жаманынан білінеді. Деннің саулығы – тілдің саулығынан басталады. Лұқпан хакімнің «Жақсы болмақ та тіл мен жүректен, жаман болмақ та тіл мен жүректен» – деуі бекер емес. Қызмет те, мансап та, даңқ та, дақпырт та мәңгілік емес. Сөз ғана мәңгі! Қазақ көбінесе астарлап сөйлейтін халық. Астарлы сөздің астарында шындық жатады. Құпияны жалаңаштай берудің пайдасы жоқ. Сөз ойдан туады, ойдың шарламайтын қиыры жоқ. Көркем сөз қуған адамның сана-сезімі, қиялы ұшқыр болады. Асқар Сүлейменов айтпақшы: «Жақсыдан сөз шығады жан секілді, тамырдан атқылаған қан секілді». Адам баласы әсте астам сөйлемеу керек. Қылыш жарасы біткенмен, сөз жарасы бітпейді. Атақты шығыс дәрігері Ибн Сина «Дәрігердің үш түрлі құралы бар. Біріншісі – сөз, екіншісі – дәрі, соңғысы – пышақ» – дейді. Жақсы сөз – жарым ырыс...Жақсы сөз, жақсы ниет, жақсы пейілден артық жанға шипа не бар. Қазақ нақылына сүйенсек: «Жақсы сөзге жан семіреді, жаман сөзге жан түршігеді». 
Адамды адам мерт етпек
Улы тілдің ұшымен 
Жаннан тәнге дерт өтпек,
Жылы қанның ішімен.

Қазіргі балаларымыздың тілімен бірге мінезінің күрт өзгеруі жаныңа батады. Олар «Па, шіркін!», «Бәрекелді!», «Жарайсың!» деудің орнына «Уау!», «Иесть!», «Класс!» дейтінді шығарды. Бұл енді бөлек әңгіме.Ауыздан шыққан жақсы лебіз әлемдік сананы сауықтырады. Әбіш Кекілбайұлы сөз хақында былай деп тұжырым жасайды...
«Қазақтың Сөзден басқа мемлекеті болмаған. Сөзі құласа – өзі құлайды. Сөзі түзелсе – ісі түзеледі, ісі түзелсе, көші түзеледі». Расында да ұлы даланың идеологиясын жасаған сөз зергерлері – билер, шешендер екені даусыз....    

Сарша Сүгірәлі,
«Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкері
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх