Ембілік мұнайшылармен кездесті

Ембілік мұнайшылармен кездесті
05.02.2018
46
Жаңалықтар

Ембілік мұнайшылармен кездесті

Ақпан айының 1 күні Ембіге «ҚазМұнайГаз БӨ» АҚ Бас директоры Құрманғазы Есқазиев келіп, «Ембімұнайгаз»АҚ мұнайшыларымен кездесті және басшылық­тың өндірістік көрсеткіштер бойынша жыл қорытындысының есебін тыңдады. Жиынға барлық мұнайгаз өндіру басқармасы және цех басшылары, қосалқы құрылымдық бөлімшелер өкілдері мен басқару аппаратының ұжымы қатысты. 
«Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков өткен жылдың қорытындысы мен 2018 жылғы жоспарларға тоқталды. 2017 жылы ембіліктер 2 млн. 840 мың тонна мұнай өндіріп, 2 млн. 805 мың 867 тонна мұнай тапсырды. Бұл жоспарланған өндіру көлеміне сай көрсеткіш. Әрине, Компанияның басты міндеті – жұмысшылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі. Соған сәйкес, 2017 жылы өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбек қорғау бойынша 13 түрлі, ал еңбек қорғау шаралары бойынша 15 түрлі жұмыс пен қызмет түрлері белгіленіп, сол жұмыстарды атқаруға бөлінген қаражат толықтай игерілген. Атап айтқанда, өрт қауіпсіздігі мен нысандарды өрттен сақтау, өндірістік нысандарды апат-құтқару қызметтерімен қамтамасыз ету, цехтар мен учаскелер арасында үздік жұмысқа, өндірістік мәдениетті дамытуға бағытталған байқаулар өткізу шаралары. Қоршаған ортаны қорғау саласында ластанған жерлерді өңдеу, экологиялық мониторинг, өндірістік қалдықтарды жою, т.б. жұмыстар да өз дәрежесінде жасалды. 
Күрделі құрылыс жұмыстары бойынша 2017 жылға барлығы 27 нысан белгіленген. Мердігерлер тарапынан жұмыстың баяу жүруі құрылыс қарқынына әсер етіп отыр. Бүгінде 8 нысан құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Ол Оңтүстік-Батыс Қамысты мен Оңтүстік-Шығыс Қамысты аралық екі автожол, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ әкімшілік ғимаратын қайта жаңарту, Жаңаталапта мультифазды сорап станциясының құрылысы, т.б. Компания бойынша бірқатар бизнес-үдерістерді оңтайландыру бағытында да үлкен жұмыс жүруде, ондағы мақсат – еңбек өнімділігін арттырып, жұмысшылардың еңбегін жеңілдету. Соның ішінде материалдық-техникалық қамту, жабдықтарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу, транспортпен қамтамасыз етудің тиімділігін арттыру бойынша да қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда Ембіде бұдан бұрын жасақталған «Ембімұнайгаз. Өсудің жаңа көкжиегі» Даму стратегиясы бойынша да үлкен жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде, геологиялық барлау жұмыстары, газ өндіру және өңдеу, энергиямен қамтамасыз етудің балама көздері, бизнес-үдерістерді автоматизациялау, ІТ-технологияны дамыту, мамандарды қайта даярлау жұмыстары бар. 
2018 жылы Компания алдына мұнай өндіру көлемін 2 895, 0 мың тоннаға жеткізу, мұнай өндіру көлемін арттыру мақсатында жаңа 40 ұңғыманы іске қосу, 290 ұңғымаға күрделі жөндеу жасау, күрделі құрылыс жұмыстарын жүргізу, т.б. көптеген міндет қойып отыр. «Әрине, ол жетістіктерге жету үшін бірлесе жұмыс жасау қажет», –  деді Басқарма төрағасы Ә.Жақсыбеков.  
Жыл қорытындысы бойынша «ҚазМұнайГаз БӨ» АҚ Бас директоры Қ.Есқазиев «Ембімұнайгаз» АҚ-ның бүгінгі таңдағы өндірістік көрсеткіштері өз деңгейінде келе жатқанын айтып, әлеуметтік мәселелерге де тоқталып өтті. 
– Қадірменді мұнайшылар, әріптестер! «Ембімұнайгаз» АҚ-ның өнеркәсіп болып құрылып, жер қойнауынан мұнай өндіріп келе жатқанына жүз жылға жуықтады. Шынын айтқанда, мұнай қоры қазір түгесілмегенімен де, оның да шегі бар. Сіз бен біз мұнай өндіруде межеленген жоспар үдесінен шығу үшін тер төге еңбек етіп келе жатырмыз, жаңа технологияларды енгізіп, геологиялық барлау жұмыстарын да жүргізіп келеміз. Сол талпынысымыздың нәтижесін де көруге тиіспіз. Өндірісті одан әрі дамыта беру үшін әрине ұжымда бірлік керек. Әлеуметтік мәселе бойынша айтсам, біздің жұмысшыларымыз өмірінің тең жартысын өндірісте, жатақханада өткізеді. Ал оларға жұмыста жеткілікті деңгейде жағдай жасап отырмыз ба? Біз өндіріс, тұрмыс, тамақтану мәдениетін, жұмысшыларға жағдай жасауды шетел компанияларындағыдай дамытуымыз абзал. Жұмысшыларды тасымалдайтын автобустарды жаңарту да кезек күттірмейтін мәселе. Алда өндіріске қажетті арнайы техникалар алуды үдетуді көздеп отырмыз. Жалпы айтқанда, Ембінің барлық бағытта көрсеткіштері жақсы. Сонда да болса бес мың жарым жұмысшының алдағы тірлігін ойласақ, өндірісті дамыту керек. Ол үшін қарт Ембінің ата-бабадан жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан бірлігінің мықтылығын ұмытпау ләзім. Бір-бірімізге сүйеніш, таяныш, қамқор болуымыз керек. Бұл бағытта кәсіподақтар да ұжымның тұтастығын мұрат етіп, белсенділік танытқаны маңызды.Қашанда ырыс алды ынтымақ, – деді Құрманғазы Есқазиев.   
Жиын барысында мұнайшылар тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап берілді. 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх