Компания шығындарын қалай қысқарта алады?

Компания шығындарын қалай қысқарта алады?
12.04.2016
342
Экономика

Компания шығындарын қалай қысқарта алады?

Қандай да бір себептермен кіріс кемісе отбасы не істейді? Әлбетте, бұл жағдайда отбасы мүшелері шығындарын азайтуға тырысады. Қонақ шақыру, қыдыру, сыйлық алуға жұмсалатын ақшаны қысқартып, жаңа жиһаз, тұрмыстық техника сатып алудан бас тартып, қолдағы қаражатты тек тамақ, коммуналдық төлемдер мен балалардың оқуы сияқты негізгі қажеттіліктерге ғана жұмсайды.

Тығырыққа тірелгенде компания да тура отбасы сияқты шығындарын азайтуға тырысады. Мұнай бағасы арзандаған уақытта компания «қара алтынның» құны 100 доллардан асқан оңтайлы жылдардағы сияқты шығындала алмайды. Шығындар барынша қысқарады. Отбасының бюджетіндегі сияқты компанияда да тек негізгі шығындар қалады: қажетті құрал-жабдықтар сатып алу, электр қуаты мен мұнай тасымалы үшін ақы төлеу, қызметкерлердің жалақысын төлеу. Дағдарыс кезінде компания қомақты қаражатты талап ететін ірі жобаларды кейінге қалдырады.

Десе де, компания бұрынғысынша мұнай өндіру жоспарын орындауы тиіс. Яғни, шығындарды қысқартып қана қоймай, өндірістік процесті үзбей қамтамасыз ету үшін бюджетті үнемді пайдалануы керек. Оның үстіне, кен орындары сарқыла бастаған болса, мұнай өндіру коэффициентін арттыру үшін қосымша технологияларды іске қосу қажет. Бұған қоса, шикізат қорын толтыру үшін геологиялық барлау жұмыстарын да жүргізіп отыру керек.

Бұл өте күрделі іс, себебі мұнай бағасы құлдыраған уақытта компанияның шығындары кірісінен асып кетеді. Қазақстан Республикасының Үкіметі бұл жағдайда тиімділігі төмен немесе тиімсіз кенорындарына арнап пайдалы қазбаларды өндіру салығын жеңілдетті. Бұл тек мұнай бағасы төмендеген кезеңде берілетін жеңілдік. Ал «Қаражанбасмұнай» компаниясы 2014 жылы тұрақты түрде жеңілдікке ие болды. Қаражанбас кенорнының мұнайы ауыр, құрамында парафин көп және нарықта қандай жағдай қалыптасса да Қаражанбастың мұнайы өзгермейді. Сол себепті бұл компанияға тұрақты түрде салық жеңілдігі берілген. Шикізат бағасы төмен болып тұрғандықтан «Өзенмұнайгаз» АҚ 2016 жылы пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша жеңілдік алу мақсатымен Қазақстан Республикасы Экономика министрлігіне Өзен және Қараманды бас кенорындарын тиімділігі төмен кеніштердің қатарына қосуды сұрап өтініш жазды.

Мұнай шет елге сатылған жағдайда мемлекетке төленетін экспорттық кедендік баж салығытағы бар. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР Үкіметі экспорттық кедендік баж салығын 60 доллардан 40 долларға дейін төмендетті, ал 1 наурыздан бастап салық мөлшерін мұнай бағасына байланысты анықтайтын болып шешті. Егер әлемдік нарықта бір баррель мұнайдың бағасы 25 АҚШ долларынан төмен түссе, экспорттық кедендік баж салығын нөлге теңеледі. Бұл шара мұнай өндіруші компаниялардың тиімділігі мәселесін түбегейлі шешпейді, алайда компанияларға едәуір қолдау көрсетеді. Егер мұнай бағасы көтерілсе, экспорттық кедендік баж салығы да өседі және компанияға артылатын салық жүгі ауырлайды.

Мұнай бағасы қазіргідей болып қала берсе 2016 жылы ҚМГ БӨ операциялық қызметі шығынмен аяқталады деп күтілуде. Соған қарамастан компания жұмыс орындарын сақтап қалып, ағымдағы ұжымдық шарттарын орындауға ниетті. Алайда егер баға тағы төмендесе, ал мұндай болжам да бар, компания баршаға қолайлы болатындай дағдарысқа қарсы шаралар кешенін қарауы мүмкін.

Қазіргі уақытта компания қолайлы жылдары жиналған қор мен табысты инвестициялық салымдардың және бүгінгі күнгі сауатты қазыналық саясаттың арқасында қызмет етіп отыр. Сонымен қатар, ҚМГ БӨ өндірістік шығындарды азайтып, жаңа технологияларды енгізу, нормативтік база мен регламенттерді қайтақарау, бизнес-процесстерді оңтайландыру арқылы өндіріс тиімділігін арттыруға тырысып жатыр.

Жағдай қаншалықты қиын болса да, парасатты отбасы балаларының білім алуына қаражатты аямайды, себебі бұл – болашақтың кепілі. Сол сияқты біздің компания да тек болашағы зор жобаларға инвестиция салады, басқа шығындарды мейлінше қысқартуға тырысады. Осылайша, әлемдік нарықтағы жағдай түзелген кезде компания еркін дамып, болашағына сеніммен қарайалады.

Нарықтағы жағдай аумалы-төкпелі болғанымен, қашан да ҚМГ БӨ үшін басты құндылықтар – компания қызметкерлері, еңбек қауіпсіздігі, табиғатты қорғау және инновациялар. Компаниялар тобы бойынша біздің ұжымда 26 мыңнан астам адам қызмет жасайды жәнеуақытша қиындықтарды біз тек бірігіп еңсере аламыз.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх