«Әр адам – өз өмірінің авторы»

«Әр адам – өз өмірінің авторы»
19.01.2018
81
Қызметкерлер

«Әр адам – өз өмірінің авторы»

Әнуар Талдыбаев 
туралы анықтама

Жас жігіт Әнуар Талдыбаев Маңғыстауға 23 жасында келді. Ол кезде қазір өзі басшылық етіп отырған Автоматтандыру және телекоммуникация басқармасы жоқ еді. Бар болғаны өндірісті автоматтандыру цехы болатын. Әнуар осы цехқа жөндеуші болып орналасады. «Маңғыстауға қалай келдіңіз?» деген сұрағымызға Әнуар Талдыбаев «Зайыбымның мамандығы мұнайшы болған соң, ал біз автоматика саласы барлық жерде қолданынатын болғандықтан, сол кісінің шашбауын көтеремін деп, Маңғыстаудан бір шықтық», – деп күледі. Мақала кейіпкері 1958 жылы қазақтың ақиық ақыны Мұқағалидың туған аулы Қарасазда дүниеге келсе де, саналы ғұмырын Маңғыстауда өткізіп келеді. «Әр адам – өз өмірінің авторы» емес пе?! Кейіпкерімізді ғибратты ғұмыр иесі деп айта аламыз. 

Өткен өмірге шегініс

«Ол кезде жоғарғы білім алған қаракөз автоматика мамандары бірен-саран болатын. Тіпті саусақпен санап аларлықтай үшеу едік. Олар Нұрлан Шиланов, Өнербек Алшынбаев және мен. Цехтың 95 пайызы орыс, украин, кавказдықтардан тұрды.Өнербек Алшынбаев менің тәлімгерім болды. Үйретуден, түсіндіруден еш жалықпады. Уақыт өте келе өндіріс қажеттілігіне байланысты Өзен үйлестіру басқармасы бой көтерді. Мен осы басқармада инженер, аға инженер, шебер, цех орынбасары, цех бастығы, директордың өндіріс жөніндегі орынбасары, бас инженер, 2007 жылдан бері АжТБ директоры болып қызмет атқарып жатқан жайым бар. Өткен өміріме көз жүгіртіп отырсам біраз мамандар тәрбиелегенімді көріп, көңілім марқайып қалады. Санамалап айтатын болсам, Нұрадин Сәрсенбаев, Қазақбай Қарабалаев, Мақсат Зайыров, Асан Майбасов, Мақсат Мыңжасов, Жамбыл Бекниязов, Сағат Қалпаков, Қайырбек Демегенов, Мақсат Есенов, Таңат Рахметов, Бақытжан Қыдырбаев, Болатбек Бажинов және т.б. Барлық кезде, қолымнан келгенше барынша қаракөз бауырларыма қолдау көрсеттім», – дейді Әнуар Талдыбаев.

Отбасы туралы

Алла Тағала оған жақсы жар берді, көздің ағы мен қарасындай етіп Қанат, Қайрат атты қос ұл берді. Бүгінде береке мен бақ қонақтаған отбасында өмірінің жалғасы құлдыраңдаған немерелер өсіп келеді. Бұлардың үйлерінде бір рақат жайлылық бар. Қатты сөйлеу, дауыс көтеру деген болмайды, сірә! 

Әріптес пікірі

Әлеуметтік қамту бөлімінің бастығы Мақсат Мыңжасов мерейтой иесі туралы «Әнекең кейбір басшылардай қол астындағы жұмыскерлеріне тізе батырып, өктем сөйлеуден аулақ. Барынша жөн сөз айтып, кез келген адаммен ашық сөйлеседі. Олармен өзінің бай тәжірибесімен бөлісе отырып, кәсібін сүюге, жасап жатқан ісінен ләззат алуға тәрбиелейді. Жұмысына қалай болса солай қарап, лекерлеп күн өткізіп жүрген адамдарға жаны қас», – дейді. 

Өмірлік ұстанымы

«Адам уақытты мақсатсыз өткізбеуі керек. Кездейсоқ іске ұрынбай, тек көңілге алған ісімен айналысқаны жөн. Жақсы қызметкер болу-жақсы іс. Мақтаулы іс! Ал адал да ақжүрек азамат болып қалу-одан да асыл іс! Кресло әкеңнен қалған мұра емес! Ертең жұмыстан кеткен кезде де елге тура қарап, еңсеңді көтеріп жүру үшін де арың таза болу керек. Ел үшін еңбек еткен азаматтарды сыйлау – біздің парызымыз.

 Хоббиі

Табиғатпен тілдескенді ұнататын Әнуар бос уақытында саятшылыққа шығады. «Саятшылыққа шыққандағы мақсатым-жазықсыз аңды оңды-солды қыру емес. Саятшылықтың да өзіндік қызығы жетеді»,  – дейді мақала кейіпкері. Адам әрдайым қозғалыста болу керек деп есептейтін мұнайшы аға спорттан қол үзген емес. 

Ел ағасы

Бүкіл саналы ғұмырын халыққа қызмет етіп, елдің дамуына үлес қосып келе жатқан азаматты қалайша патриот демеске. Ол Отанды сүюдің, елді құрметтеудің озық үлгісін көрсетіп келе жатқан бірегей жан. Ата-анасы берген жақсы тәрбиесі оның өмір бойғы темірқазығына айналды. «Әке-шешенің қадірін-балалы болғанда білерсің» – демекші, бүгінде ақсақал жасына жетсе де ол 14 құрсақ көтеріп, 90 жасқа келіп өмірден озған анасын сағынышпен еске алады. Бәлкім, үйінің сүт кенжесі болғандықтан да шығар. Анасын еске алса, көңілі босап, жүрегі елжірейді.

АжТБ коғамдағы рөлі:

Өндірісті автоматтандырудың мақсаты-еңбек өнімділігі мен өнім сапасын арттыру, жоспарлау, басқару жұмыстарын оңтайландыру, өндірісте болатын ақаулар мен құрылғылардың істен шығуын алдын ала ескертуге мүмкіндік береді.

Уақыт туралы

«Садақ оғындай зымыраған уақытқа не дауа?! Уақыт тез-тез өтеді екен. Әне-міне дегенше, біз де алпыс деген жастың кең иығына мінгесіппіз...» – дейді бүгінде алпысқа шығып, ақсақал атанып отырған Әнуар Талдыбаев. 16 басқарма директорларының арасындағы жасы үлкені өзі. №1 Мұнай-газ өндіру басқармасы директоры Бекболат Нұрлыбаев оның құрдасы. Бірақ ай жағынан кішілігі бар. Олар сыйластығы жарасқан әріптестер. 
Жақсы адам басқарып отырған АжТБ-сының компания дамуында алатын рөлі зор. «Ел ағасыз болмайды» деген сөз бар емес пе? Біз сөз етіп отырған Әнуар Талдыбаев қазақ елінің жақсы адамы, ел ағасы.

Мерейтой иесіне тілек

Дана Әбіш «жақсысын ұлықтамау, жайсаңын қызықтамау, өз ырысын өзі тепкендік, өз тілеуін өзі кескендік» – дейді. Ендеше, бүгінде 60 жасқа толып, алпыс рет қар басқалы отырған компаниядан өз орнын ойып тұрып алған азамат Әнуар Талдыбаевты мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз.Деніне саулық, отбасына амандық, жұмысына табыс тілейміз. Әнекең өмірде мамандық таңдаудан жаңылмай, дүниенің кетігін тауып қаланған бақытты жан. Ерен еңбегінің арқасында маңдайы жарқырап, бағы ашылды. «Компаниямыздың өсіп-өркендеуі жолында бар күш-жігерін сарп етіп, абыройлы еңбек етіп жүрген өзіңіздей әріптесімізбен біз мақтанамыз. Алла Тағала өзіңізге ғұмыр берсін.Тіршілік сыйлаған бақыттың бал дәмін қосағыңызбен бірге татып, ортамызда аман-есен жүре беріңіздер» – деп тілек айтамыз.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх