Мақсатымыз – мұнайшылар мүддесін қорғау

Мақсатымыз – мұнайшылар мүддесін қорғау
19.01.2018
189
Қызметкерлер

Мақсатымыз – мұнайшылар мүддесін қорғау

Жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы қарым-қатынасты реттеп отыруда кәсіподақ ұйымдарының рөлі айрықша. Ел экономикасына елеулі үлес қосып отырған мұнайшылар мүддесін қорғау жұмысы қалай атқарылуда, қоғамдық ұйым не тындырып жатыр? Осы орайда «Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты «Жайықмұнайгаз» мұнайгаз өндіру басқармасы кәсіподақ ұйымының төрағасы Самат Қабделовты сөзге тартқан едік.
– Самат Қабделұлы, талғам мен талап күшейген қазіргі кезеңде ұйым қандай мәселелерді атқарып отыр?
– Кәсіподақ ұйымы бүгінгі таңда жұмысшы-қызметкерлердің мүддесін қорғайтын бірден-бір қоғамдық ұйым десек қателеспейтін шығармыз. Мыңдаған адамның сенімін иеленіп, сайланып қойылғаннан кейін сол сенімнен шығуға ұмтылу мақсат. Ұйымның айналысатын мәселелері сан-салалы. Қоғамдық ұйым жұмысы тек бір адаммен бітпейді, сайланып қойылған 13 адамнан тұратын комитет бар, 14 цехтық кәсіподақ ұйымы бар. Басқарманың 1011 кәсіподақ мүшесі аталған құрылымдарға біріктірілген. Әу баста біз жұмыста жүйелілік болу үшін кәсіподақ комитетін сайлау арқылы тұрғын-үй, мәдени-көпшілік жұмыстар, асхана жұмыстарын бақылау, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі туралы комиссияларға бөліп, олардың әрбірінің тиісті бағыттарын белгілеп берген болатынбыз. Аталған комиссиялар жыл ішінде жұмысшылардың заңды мүдделері, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары, еңбекті қорғау, еңбек заңдылығына байланысты өзекті мәселелердің талқылануына баса назар аударып отырды.
– Жаңа Еңбек Кодексі бойынша қандай жұмыстар жүргізілді?
– 2016 жылдан бастап күшіне енген жаңа Еңбек кодексі еліміздің демократиялық дамуына сай жұмыс беруші мен жұмысшылардың екі жақты мүдделері жан-жақты қарастырылған, алдын-ала талқылаудан өтіп барып қабылданған келелі Заң болып табылады. Әрине, заң жобасын талқылау барысында мұнайшылар арасында алдын-ала таныстыру, талқылау жұмыстарын тиянақтылықпен жүргізуге жұмыстандық. Әрбір цех-учаскелерде болып, түсіндіру барысында жұмысшы-қызметкерлер тарапынан айтылған ұсыныстарды жинақтап, оны салалық жоғары кәсіподақ ұйымдарына жинақтап жіберіп отырдық. Бүгінде кәсіподақ мүшелерінің түсініктері де, сауаттары да жоғары, олар заң жобасы барысында бірнеше ондаған ұсыныс-пікірлерін білдірді. Айтылған ұсыныс-пікірлер жоғары тараптан жан-жақты екшеліп, қаралды. 
– 2016 жылдың соңында 2017-2021 жылдарға бекітілген «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымдық шартының негізгі ерекшеліктері қандай? 
– Кәсіподақ мүшелері айтқан мәселелердің көпшілігі 2017-2021 жж. арналып қабылданған ұжымдық шартқа енгізілуіне атсалыстық. Жаңадан қабылданатын ұжымдық шарттың жобасын талқылау, түсіндіру бағытында цех, учаскелерде еңбек ұжымдарының жиналыстары өткізілді. Бұл жиындарға 440-тан астам жұмысшы-қызметкер қатысты. Осы маңызды құжаттың жобасын әзірлеуде де елеулі жұмыстар атқарылды. Ұжымдық шартта: еңбекті ұйымдастыруды жақсарту және өндіріс тиімділігін арттыру, еңбек тәртібін реттеу, жұмыс уақыты, қызметкерлерге берілетін кепілдіктер мен жеңілдіктер әлеуметтік салада қызметкерлерге қаралатын материалдық көмектер, сауықтыру, санаторий-курорттық емдеу және олардың тынығуы, қызметкерлер мен жұмыс берушілердің өздері келтірген залал үшін жауаптылығы туралы, т.б. тараптар айқындаған басқа мәселелер бойынша қызметкерлер мен жұмыс берушінің өзара міндеттемелері енгізілді. 
– Жұмысшы мүддесін қорғаудағы жасаған жұмыстарыңызға тоқтала кетсеңіз? 
– Атқарылған жұмыстардың тек кейбіріне тоқталсақ, емдеу-сауықтыру орындары арқылы емделуге ұсыныс берілген басқарма жұмысшы-қызметкерлеріне «Алатау», «Алтын Қарғалы», «АқЖайық», «Сарыағаш», «Қазақстан KZ», «Манкент», «Жұмбақтас», «Сосновый бор» шипажайларында демалуына жолдамамен көмектессек, сондай-ақ, басқарма әкімшілігі мен басқарма кәсіподақ комитетінің біріккен шешіміне сәйкес ұжымда өтетін ұлттық және кәсіби мерекелерге орай өтетін шараларға үнемі араласып, ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына атсалысып, бюджетке сай қаражат бөліп отырамыз. Басқарма кәсіподақ комитетінің қаржысы есебінен жыл сайын жатақханалардағы спорт бөлмелері мен жатақхана аймағындағы спорт алаңдарына қажетті спорт құрал-жабдықтары алынып беріліп, спорттық шараларды да үнемі ұйымдастырып, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі республикалық қоғамдық үздік ұйым, кәсіпорын, үздік бригада, участок, цех, лаборатория номинациялары бойынша да жеңімпаздарды, қоғамдық жұмыс белсенділерін де қолдап отырады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. 
– Жұмысшылардан арыз-шағым түсе ме, болған жағдайда олардың мазмұны қандай және онда көтерілген мәселелер шешімін тапты ма?
– Өткен жылы басқарма кәсіподақ комитетіне жұмысшы-қызметкерлер мен басқарма зейнеткерлерінен барлығы 200-ден аса арыз түсіп, тіркелді. Олардың ішінде денсаулығына байланысты емделу бағытында дәрі-дәрмек алуға және отбасы жағдайларына байланысты бір жолғы материалдық көмек сұраған 127, емдеу-сауықтыру орындарына, санаторияларға жолдама сұраған 81, санаторияларға өз қаражатының есебінен барып емделіп, демалып қайтқан қызметкерлердің қаражат шығынына өтемақы жасау жөнінде 7, еңбек ұжымынан 2 арыз бар. Міне, осы арыздардан материалдық көмек сұраған арыздың 112-і қанағаттандырылып, кәсіподақ комитетінің бюджетінің мүмкіндігіне қарай қаражат берілді. Басқарма әкімшілігімен бірлесе отырып 2016 жылдың сәуір, мамыр айларында жазғытұрғы еріген қар суынан, бірнеше күн қатарынан нөсерлетіп жауған жаңбырдан тұрғын үйлері зардап шегіп қиындық көрген үш мұнайшы отбасына қаржылай көмек көрсетілді. Кәсіподақ ұйымы қоғамдық негіздегі ұйым. Алайда, жұмысшы-қызметкерлер оған қарап жатпайды. Кейде кәсіподақтың қолынан келмейтін мәселелер жөнінде өтініш жасап келіп жататындары бар. Мысалы, «үйде өзімнен басқа табыс табатын ешкім жоқ, балам жұмыссыз, жұмысқа алуға ықпал жаса», болмаса «үйім апаттық жағдайда, үймен көмектесіңіз», «ақша қаражатымен көмектесіңіз» деген сияқты шешілуі күрделі мәселелер кездеседі. Қолымыздан келгенше арыз иесіне түсіндіреміз, басқарма әкімшілігі алдына хатпен шығып, мәселе қоямыз. Міне, осындай біздің қолымыздан келмейтін өтініштер тұрғысында өкпе-реніш мүлде болмайды деп айта алмаймыз. Көпшілік болған соң әркімнің түсінігі әртүрлі. Айталық, разряд беру мәселесі басқарма жанында арнайы құрылған біліктілік-тарифтік разряд беру комиссиясында шешіледі. Қорыта айтқанда, кәсіподақ комитеті өз жұмысын нарықтық экономика жағдайында қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын, еңбек заңдылықтарының сақталуын, заңды мүдделердің жүзеге асуына үнемі бақылауда, басты назарда ұстайтын болады және басқарма мұнайшылары ұйымшылдық пен бірліктің нәтижесінде алға қарай да үлкен жетістіктерге жете береді деп сеніммен айта аламыз.

ӨМІРДЕРЕК

Қабделов Самат Қабделұлы 1953 жылы Махамбет ауданының Таңдай селосында дүниеге келген. Мамандығы инженер-гидротехник. 1985 жылдан бастап ауданның атқарушы органдарында, Махамбет, Исатай аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, Исатай ауданы әкімінің орынбасары болып қызметтер атқарған. 1994 жылдан бастап «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-нде әкімшілік-шаруашылық, әлеуметтік даму бөлімдерінің бастығы болып жұмыс жасады. 2004 жылдан «Жайықмұнайгаз» басқармасы кәсіподақ комитетінің төрағасы. «Қазақстан Республикасы мұнайгаз кешені қызметкерлері кәсіподағы» Орталық Кеңесінің – «Қазмұнайкәсіподақ» Құрмет белгісі медалімен, Қазақстан мәслихат депуттатарының 20 жылдығы мерекелік медалі, ҚР Энергетика министрлігінің Алғыс хаты, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекелік медалімен марапатталған. «Нұр Отан» партиясының мүшесі.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх