«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері»

«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері»
19.01.2018
511
Жаңалықтар

«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері»

Қаңтардың 10-ы күні Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды. 

Елбасының Қазақстан халқына биылғы Жолдауы елімізді Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамытуға арналған. Президент алда жүзеге асыратын 10 негізгі міндетті атады. Жолдауға қатысты мәлімдемесінде олардың мәнін қысқаша мазмұндап берді. 
Бірінші. Қазақстан индустриясы жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс.
Біздің өнеркәсібімізге еңбек өнімділігінің деңгейін өндірістік процестерді цифрландыру және заманауи бизнес-модельдерді меңгеру арқылы арттыру керек.
Екінші. Ресурстық әлеуетті пайдаланудың тиімділігін айтарлықтай жақсартқан жөн.
Ақпараттық-технологиялық шешімдерді енгізу талап етіледі.
Олар алынатын ресурстардың үлесін, оларды қайта өңдеудің ауқымын ұлғайтуға, сондай-ақ өндірістің энергия тиімділігі мен экологиялылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Үшінші. Агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру керек.
Бұл ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортын түбегейлі арттыруға тиіс.
Төртінші. Транспорт пен логистикалық инфра­құрылымды одан әрі дамыта беру.
Цифрлық технологияларды енгізу мен Интеллектуалды транспорт жүйесін құру жүк тасымалдау мерзімдерін қысқартуға және транзиттен түсетін табыстарды еселеуге мүмкіндік береді.
Бесінші. Құрылыс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында заманауи технологияларды қолдану.
Құрылыстың жаңа тәсілдері, ғимараттардың энергия тиімділігіне талаптардың арттырылуы, инфрақұрылымдарды басқарудың интеллектуалдық жүйелері қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Алтыншы. Қаржы секторын «қайта жаңғырту».
Банк жүйесін сауықтыру шаралары бақылауды күшейтумен қоса жүруі және қарапайым азаматтардың мүддесін ескеруі тиіс.
Банк иелері мен оларды басқаратындардың жауапкершілігін айтарлықтай арттыру қажет.
Несиелендіруді кеңейту және қор нарықтарын дамытуды қамтамасыз ету талап етіледі.
Жетінші. Адами капиталдың жаңа сапасы.
Білім беру жүйесінің барлық деңгейі заман шындығы мен экономика сұраныстарына жауап беруі тиіс.
Бұл арада мұғалім мамандығының беделін арттыру керек.
Денсаулық сақтау саласында жаңа технологияларды қолдану аурулардың алдын алу мен емдеуді айтарлықтай жақсартып, медициналық қызмет көрсетулердің сапасын жоғарылатуы тиіс.
2016-2017 жылдары әлеуметтік төлемдер үш рет арттырылды.
Оның ішінде базалық зейнетақылар 29%-ға, ынтымақты зейнетақылар 32%-ға, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақылары 28%-ға дейін, білім беру саласы қызметкерлерінің еңбекақылары 29%-ға дейін, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақылары 30%-ға ұлғайтылды.
Бұл үрдіс жалғастырылатын болады.
Үстіміздегі жылы әлеуметтік салаға деген бюджет шығындары 12%-ға арттырылып, 4 триллион теңгеден асып түседі.
Базалық зейнетақы жұмыс өтілі ескеріле отырып, орташа есеппен 1,8 есе көбейеді.
Оқу бағдарламаларының жаңартылған мазмұны аясында оқудан өткен мұғалімдердің лауазымдық жалақысы біліктілігін дәлелдеуіне байланысты 30-дан 50%-ға дейін өсетін болады.
Сегізінші. Бұл – тиімді мемлекеттік басқару.
Цифрлық технологиялар бизнесті реттеуге қатысуды әрі қарай азайтуды жалғастыруға, мемлекеттік қызмет көрсетулер мен мемлекеттік қолдау сапасын жақсартуға, азаматтар сұранысын толығырақ ескеруге мүмкіндік береді.
Өңірлердің экономикалық еркіндігі мен жергілікті өзін-өзі басқаруы кеңейтілетін болады.
Тоғызыншы. Заң үстемдігі мен жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттары болып қала береді.
Оныншы. «Смарт сити» технологияларын енгізу өсіп келе жатқан қалалардың проблемаларын тиімді шешуге мүмкіндік беріп, олардың инвесторлар үшін тартымдылығын арттырады.
Бүгінде баршамызға осы он міндетті шешу жолында жұдырықтай жұмылу қажет.
Олар Жолдаудың толық мәтінінде егжей-тегжейлі мазмұндалған. 
Жолдаудың толық мәтінін www.akorda.kz сайтынан оқи аласыздар.

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх