Еңбек – барлық ырыс берекенің бастауы

Еңбек – барлық ырыс берекенің бастауы
25.12.2017
47
Қызметкерлер

Еңбек – барлық ырыс берекенің бастауы

Күнсұлу Көшекенова Өзен кенорнына 17 жасында оператор болып жұмысқа орналасады. Бүгінде «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының №1 Мұнай-газ өндіру басқармасы №8 Мұнай-газ өндіру цехына қарасты №7 топтық қондырғыда 4-дәрежелі оператор болып абыройлы қызмет атқарып жүр. 32 жыл еңбек өтілі бар Күнсұлу кәсібінің қыр-сырын әбден меңгерген өз ісінің шебері. «Мен өз жұмысымды тиянақты орындаймын. Скважиналарды аралап, олардың жай-күйімен танысу үшін күніне 3 шақырымдай жаяу жүреміз. Бұл бір жағынан спорт. Ұжымдағы операторлар Серік Овезов пен Әлібек Әбілқасов, слесарь-жөндеуші Ерлепес Төлендердің де жұмысқа деген ынталары өте жақсы. Кез келген жұмысты құлшыныспен атқарып, өздеріне тапсырылған іске барынша жауапкершілікпен қарайды. «Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда» демей ме, қазақ» – дейді мұнайшы келіншек жадырай күліп.
Күнсұлудың әкесі Жарылғасын Көшекенов та бүкіл саналы ғұмырын Өзен кенорнының өсіп-өркендеуі жолына арнаған адам. Кішкентайынан «әкесінің қызы» болып өскен Күнсұлу да өсейгенде әке жолын қуып, оператор мамандығын таңдайды.
«Компанияға да, ұжымдастарыма да бек ризамын. Жұмысымыз тұрақты. Басшылық тарапынан еңбегіміз бағалануда. Цех бастығы Төлеген Ақназаровтың бойында кісілігі мен кішілігі қатар өрілген азамат. Әрі мықты маман. Өзара түсінісіп, сыйласып жұмыс жасап жатқан жайымыз бар. Еңбек демалысымызда жолдамамен Алматы қаласында орналасқан «Алатау» шипажайына барып қайттым. Дубайға барып, қыдырып келдім. Қыздарымның біреуі диплом алып, біреуі оқып жүр дегендей...Еңбек демалысына кетсем, скважиналар түсіме кіреді. Жұмысымды кәдімгідей сағынамын. Қашан да ерінбесең – еңбегің жанады», – дейді Күнсұлу Көшекенова .
Елбасымыз бір сөзінде «дәулетті тұрмыс құрудың жұмысты жақсы істеуден басқа жолы жоқ» екендігін айтпай ма?! Расында да, маңдай термен тапқан нан қашанда тәтті болмақ!
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх