«ӨЗЕНМҰНАЙСЕРВИС» серіктестігіндегі жетістіктер мен жаңа бастамалар

«ӨЗЕНМҰНАЙСЕРВИС» серіктестігіндегі  жетістіктер мен жаңа бастамалар
25.12.2017
299
Әлеумет

«ӨЗЕНМҰНАЙСЕРВИС» серіктестігіндегі жетістіктер мен жаңа бастамалар

Ұжымдық шарт – 
сапалы еңбектің кілті

Әр қоғамда, әр мекемеде адам құндылығы ең бірінші орында тұрады. Күнделікті өмірде және үздіксіз еңбекте де адамның амандығы басты назарда. Сондықтан біздің серіктестікте қызметкерлеріміздің әлеуметтік бағытта алатын жеңілдіктерінің кепілі – ұжымдық шарт болып табылады. 2017 жылдың 31 желтоқсанында «ӨзенМұнайСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қабырғасындағы ұжымдық шарттың мерзімі аяқталғалы отыр. Осы ретте қазіргі таңда жауапты мамандар арасында жаңа ұжымдық шарт жобасын талқылау жүргізіліп жатыр. Кәсіподақ өкілдері Аманқос Ерғалиев пен Саламат Серіков және кәсіподақ атынан сайланған өзге де мүшелерімен ақылдаса отырып, жұмыс беруші жақтан келіссөздерге келу жұмыстары басталды. Талқылау кезінде жұмысшылар мен кәсіподақ тарапынан айтылған көптеген ұсыныстар оң шешімін тауып, қазіргі таңда жұмысымыз жүруде. 


Ұжымдық шартқа сәйкес «ӨзенМұнайСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысшыларға әрдайым қол ұшын созып отырады. Қызметкерлерге жылына бір рет шипажайларға жолдама беріледі. Атап айтар болсақ, биыл ұжымдастарымыз Алматы қаласындағы «Алатау», Шымкент қаласындағы «Сарыағаш», «Манкент», «Ақтілек», Қызылорда қаласындағы «Жаңақорған», Көкшетау қаласындағы «Жұмбақтас» сынды демалыс орындарына барып тынығып келді. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған төрт және одан да көп балалы отбасыларға оқу құрал-жабдықтарын алуға қолдау білдіреміз. 

 

Еңбек қауіпсіздігі 
басты назарда 

«ӨзенМұнайСервис» серіктестігі қызметі күрделі жөндеу жұмыстарымен тікелей байланысты болғандықтан жұмыс кезінде мамандар арасындағы еңбек және техника қауіпсіздігі үлкен маңызға ие. Қызметкерлердің еңбегін қорғау, сапалы техникамен қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу серіктестіктің басты міндеттерінің бірі. Осы ретте, жыл соңы болғандықтан желтоқсан айының 12 күні серіктестіктегі шебер С.Досжанов жетекшілік ететін №5 бригада қызметкерлері арасында жоспарлы түрдегі оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілді. Еңбекті қорғау, техникалық қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау бөлімінің мамандары және бөлім басшысы Н.Ермағамбетовтың тікелей мұрындық болуымен өткен жиынға «Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС және «Медикер» медициналық орталығының мамандары атсалысты. Жұмыс орнындағы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жасақталған оқу-жаттығу шарасына қатысқан өрт сөндірушілер мен медбикелер шұғыл түскен шақыртуды қабылдап, 10 минут көлемінде оқиға орнынан табылды. Серіктестік қабырғасындағы дабыл қаққыш, бейнебақылау, өрт сөндіру құралдары сынды оқиға кезінде қажетті жабдықтар тексерістен өткізіліп, бригада жұмысшыларының тығырықтан шығу кезіндегі әрекеттері сыналды. Бұндай шара ұжым қызметкерлері арасында жылына екі рет жоспарлы түрде ұйымдастырылып отырады. 

 

 

«Қарты бар үйдің қазынасы бар...»

Кез келген сапалы еңбек көрсеткішінің артында білікті маманның тәжірибесі мен қызметі тұратыны белгілі. Ал, тәжірибе көптеген жылдардың жемісі. Мұнай және газ өндіру саласын дамыту жолында ардагерлеріміздің еңбегі ұшан-теңіз. Осы күнге дейін «ӨзенМұнайСервис» серіктестігінен құрметті демалысқа жолдама алған 84 зейнеткер бар екен. Үлкеннің өнегесін үлгі еткен біздер үшін ұзақ жылдар бойы өндіріс алаңында қызмет еткен еңбек ардагерлерінің тәжірибесі өнеге. Биылғы жылы ұжымымыздан Жақсылық Үргешов, Алтын Құдайбергенова, Берен Камиев, Нұрберді Нұржанов, Майлыбай Өтебаев, Сайлаубай Төлепов, Кенжебек Ағиляев және Дінасыл Құрманова сынды сегіз қызметкеріміз зейнет демалысына шықты. Желтоқсанның 13-інде осы аталған зейнеткерлерімізге арналып мекеме атынан мерекелік дастархан жайылған болатын. Игі шараны жасаудағы басты мақсатымыз – ардагерлерімізді құрметтеу, олардың халық игілігіне жасаған қызметін ұмытпай, кейінгі ізбасар мамандарға үлгі ету. Болашақта «ӨзенМұнайСервис» ЖШС бас директоры Н.Союновтың бастамасымен дәстүрлі түрде «1 қазан – Қарттар күнінде» еңбек ардагерлеріне мерекелік шаралар немесе басқосулар ұйымдастыруды көздеп отырмыз.

Қайырымдылық көрсетті

Биылғы жылы өзге мекемелер арасында әлеуметтік сала бойынша көмек көрсетіп, қайырымдылық жасауда «ӨзенМұнайСервис» серіктестігі алдыңғы қатардан көрінді. Скважиналарды күрделі жөндеуге 45 жыл толуына орай өткізілген қайырымдылық шараларында серіктестік қызметкерлері өз есебінен мүжәлсіз отбасылардың коммуналдық қызмет ақыларын төлеп берді. Сонымен қатар, жағдайы төмен он отбасын бір айлық азық-түлікпен қамтамасыз етті. «Мектепке жол» акциясы шеңберінде 16 оқушыға оқу құралдары және спорттық киімдер, қысқы киімдер мен аяқ киімдер сыйға тартты. Сондай-ақ, «ӨзенМұнайСервис» ЖШС-нде еңбек етіп, өмірден өткен қызметкерлердің отбасына да қаржылай көмек көрсетті. 
«ӨзенМұнайСервис» ЖШС ұйымдастырған қайырымдылық шараларына барлық қызметкерлер бір кісідей жұмылды. Айта кетерлігі, «ӨзенМұнайСервис» ЖШС-де бұндай шаралар жиі өткізіледі. Жыл басынан бері серіктестік қолдауымен 10-ға жуық қайырымдылық акциясы ұйымдастырылған. Ұжым арасында бұндай игі істер алдағы уақытта да жалғасын таппақ. 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шаралар өтті

Елбасымыздың бекіткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «ӨзенМұнайСервис» серіктестігінде бірқатар шаралар атқарылды. Серіктестіктегі «Жас Мамандар» Кеңесінің мүшелері мен Жаңаөзен қалалық Жастар ресурстық орталығының өкілдері бірлесе отырып, әулиелі орындарға, Ақтау қаласына «Каспий» теңізі жағалауына барып, сенбілік жұмыстарына атсалысты. Сонымен қатар, туған ел табиғатын қорғау мақсатында жастардың ұйымдастыруымен 50 түп ағаш отырғызды. 
«ӨзенМұнайСервис» ЖШС басшылығы мен «Жас Мамандар» Кеңесінің мүшелерінің қатысуымен 2017 жылды қортындылап, жаңа жыл жоспарын талқылау мақсатында бас қосты. Жиында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы көлемінде «Бабалар жүрген ізбенен» деген тақырыппен тарихи орындармен бірлескен шаралар жасақталмақ. Алдағы жылы бірқатар маңызы бар мәдени, қоғамдық шараларды атқару серіктестіктің жылдық жоспарына енгізіліп отыр. Серіктестіктегі ардагер маманымыз Қаржаубай Рейімбайұлының ұсынысымен жыл сайын дәстүрлі түрде атап өтілетін «Амал» мерекесіне орай 2018 жылда «Отпантау» тарихи-мәдени кешеніне «ӨзенМұнайСервис» ұжымы тарапынан жеке киіз үй тігу жоспарланды. 

Бауыржан Мәмбетсапаев, 
«ӨзенМұнайСервис» ЖШС 
әлеуметтік сұрақтар жөніндегі 
атқарушы директоры

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх