Өнертапқыш жастар байқауда бақ сынады

Өнертапқыш жастар байқауда бақ сынады
25.12.2017
117
Қызметкерлер

Өнертапқыш жастар байқауда бақ сынады

10 желтоқсан күні «Өзенмұнайгаз» АҚ Жас мамандар кеңесінің ұйымдастыруымен «Рационализаторлық және инновациялық жобалар 2017» байқауы болып өтті.
Шараның мақсаты – озық ойлы жастар шоғырын қалыптастыру, өндірістік мәселелердің шешімін табуға жас мамандарды жұмылдыру және жас көшбасшылардың өз идеяларын іске асыруға мүмкіндік беру.

Сайыс нәтижесінде:

№3 МГӨБ ҚҚС слесарі Жасұлан Қарақұлов «Құбыр фланецтерін қауіпсіз ажырату АК-17 аралық кергіш құралы» жобасы 150 000 тг. сыйақысымен бас жүлдеге ;
№2 СҚКБ автоэлектригі Қадырхан Есімбетов «15.8106.000-15 маркалы сұйықтықпен жылытқыштың конструкциясына өзгерту арқылы жетілдіру» жобасы 130 000 тг. сыйақысымен І орын;
№4 МГӨБ МжГӨ операторы Әділжан Үсенов «СС-01 Сальник соққыш қауіпсіз құрал» жобасы 100 000 тг. сыйақысымен ІІ орын;
Игеру департаменті директорының орынбасары Дамир Шырақбаевтың «Ұңғылардан тікелей сынама алатын түтікшені өзгерту арқылы сынама көрсеткішінің дәлдігін көтеру» жобасы 75 000 тг. сыйақысымен ІІІ орын;
60 000 тг. сыйақысымен «Үздік экологиялық жоба» номинациясында №4 МГӨБ МжГӨ операторы Әлібек Қосжановтың «Устьевой насос для откачки затрубного газа» жобасы марапатталды.
Мұнайшылар ұсынған жобаларды «Өзенмұнайгаз» АҚ Бас директордың транспорт және әлеуметтік сұрақтар жөніндегі орынбасары Мақсат Ибағаров, Бас директордың геология және игеру бойынша орынбасары Шолпан Пангереева және комиссия төрағасы Өндіріс жөніндегі басқарушы директор Ермек Қарамұрзаев сараптады.

 
Бас жүлдені иемденгеніме қуаныштымын!

Мен №3 Мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты Қабат қысымын сақтау цехында 5-дәрежелі оператор болып жұмыс жасап келемін. Байқауға ұсынған жобамның тақырыбы «АК-17» деп аталады. Таратып айтатын болсақ, аралық кергіш деп аталады. Менің бас жүлдеге ие болуымның негізгі себебі, аталған құрал жұмыс жасап тұрған мұнайшының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ал, компания үшін негізгі байлық ол мұнайшының денсаулығы. Аралық кергіш құралын пайдалану арқылы біз уақытты тиімді пайдалануға, еңбек қауіпсіздігіне, адам күшін үнемдеуге қол жеткіздік. Жобаны өндіріске енгізудегі мақсат – мұнай саласын дамыту, компанияның экономикалық тұрғыдан өсуіне қал-қадірімше үлес қосу болып табылады.


Байқауға қатысу арқылы доданың адам баласының кәсіби дамуына, жетілуіне, көкжиегінің кеңейуіне айтарлықтай үлес қосатынына көзім жетті.
Өндіріс үшін аса пайдалы жобалар байқауының өтуіне мұрындық болған компанияның Жас мамандар кеңесіне ерекше алғысымды білдіремін. Болашақта да осындай игі шаралар жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді!

Жасұлан Қарақұлов, 
«Өзенмұнайгаз» АҚ, №3 МГӨБ, 
ҚҚС операторы 

 

Арманыма қанат бітірді

Мен «Өзенмұнайгаз»АҚ-ға қарасты №2 Скважиналарға қызмет көрсету басқармасында автоэлектрик мамандығы бойынша 2008 жылдан бері жұмыс істеймін. Мамандығым өзіме ұнайды. Жалпы автоэлектрик мамандығы біздің басқармада тапшы кәсіп болып саналады. Осы мамандықты таңдауыма телешебер болып жұмыс жасаған ағам Бекарыс Серікбаевтың ықпалы зор болды. Ол теледидарларды жөндеп жатқан кезде, өзге балалар далаға ойнап кетуші еді. Мен ағамның қасынан айналшықтап шықпаушы едім. Мектепте физика пәніне деген қызығушылығым жоғары болды. Жас мамандар кеңесінің ұйымдастыруымен өткен «Рационализаторлық және инновациялық жобалар байқауы – 2017» байқауына бірінші рет қатыстым. Өндірістің дамуына өте-мөте қажет осындай байқауды өткізген Жас мамандар кеңесіне өте риза болдым. Мен осы сайыста І орынға ие болдым. Енді қысқаша өзімнің жобама тоқталып өтейін. Жобам «15.8106.000-15 маркалы сұйықтықпен жылытқыштың конструкциясына өзгерту арқылы жетілдіру» деп аталады. Бұл тақырып өзгелерге түсініксіз болуы мүмкін. Әңгіменің не туралы екендігін біздер бірден түсінеміз. Осы уақытқа дейін ПЖД-81.06.15 қысқы аязда жарамсыз болып жұмыстан шығып қалатын еді. Қыста өздеріңіз білесіздер, өндірісте қауырт жұмыс жүріп жатады. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан өндірістегі жұмыс тоқтамауы ләзім. Осы уақытқа дейін маңызды дәнекерлеу жұмыстары кезінде ПЖД-81.06.15 (машина моторын сұйықтық арқылы жылытқыш қозғалтқышы) күйіп кетіп, қызу жұмыс тоқтап қалатын-ды. Мен осы проблеманы қалай шешуге болады деп ойлана бастадым. 2013 жылы компания мамандарынының біліктілігін арттыру мақсатында Набережные Челны қаласына оқуға жіберген болатын. Маған осы кезде ПЖД-81.06.05 құрамына өзгеріс енгізу туралы идея келді. Тәжірибеге енгізу кезінде аздап қобалжығаным рас. Алайда эксперимент сәтті шықты. Бүгінгі күні аталған өзгеріс 2 камаз агрегатқа қолданылып, оң нәтиже беріп тұр. Байқауда І орынды иеленгенім қиялыма қанат бітіріп, болашақта да компанияның экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қоссам деген арманым бар.

Қадырхан Есімбетов,
«Өзенмұнайгаз» АҚ, 
№2 СҚКБ авто-электригі

 

Байқау жігерімді ұштады

Өзен және Қарамандыбас кенорындарының игерудегі өткен кезеңімен, қазіргі таңдағы жағдайын ұштастыра отырып, ары қарай тиімді игеру мақсатында озық технологиялармен қатар жаңа тыныс беретін идеялар қажет. Осыған орай, «Өзенмұнайгаз» АҚ-ы шеңберінде басшылықтың қолдауымен Жас мамандар кеңесі аясында өткізілген «Рационализаторлық инновациялық жобалар байқауы» жаңа ойларымен бөліскен жас мамандардың жігерін ұштап, өндірістік мәселелерді шешуге бағытталған жобалардың өмірге жолдама алуына септік етті.


Аталған байқауда қарапайым шешімдерден бастап күрделі цифрлық жүйелерді қолдану арқылы өндіріске пайдасын тигізетін жобалар ұсынылды. Өзім дайындаған жобалардың ішінде, газ әсерін азайтуға арналған түптік сүзгіш-сепаратор және гидродинамикалық зерттеу жұмыстарының сапасын жақсарту мақсатында Өзен және Қарамандыбас кенорындары бойынша ұңғымалардағы құбыраралық кеңістіктегі газ қысымының өзгеруіне қарай дыбыс жылдамдығының тәуелділігі көрсетілген арнайы кесте жасақтау, яғни дыбыс жылдамдығын өлшеуге арналған қосымша қондырғы тақырыбындағы жобамды таныстырдым. Сонымен қатар, ұңғылардан тікелей сынама алатын түтікшені өзгерту арқылы сынама алу процесі мен мұнай өнімінің сулану нәтижесін нақты анықтауға арналған жобалар көрсетіп, ары қарай өндірістік-тәжірибелік жұмыс ретінде енгізуге әділ қазылардан оң бағасын алғаны үлкен ынта-жігер берді.

Дамир Шырақбаев, 
«Өзенмұнайгаз» АҚ, Игеру департаментінің 
директорының орынбасары

 

«Тығырық соққыш құрал» 
ойлап таптым

Мен «Өзенмұнайгаз»  акционерлік қоғамына қарасты №4 МГӨБ, №4 МГӨЦ, 28 топтық қондырғыда 5-дәрежелі мұнай-газ операторы  болып жұмыс жасаймын. Жұмысым өзіме өте ұнайды. Жұмыс барысында операторларға, яғни біздерге жиі тығырық соғуға тура келеді.
Сондықтан мен «Тығырық соққыш құрал» ойлап таптым. Құралдың артықшылығына тоқталатын болсам, аталған құралды пайдалану арқылы жұмыс кезінде техникалық қауіпсіздік талаптары сақталады, өте ыңғайлы, сондай-ақ уақыт үнемделеді. Бұл тығырық соққыш жоқ кезде тығырық соғуға 20-25 минут кететін болса, қазір 5-10 минутта жұмысты сапалы бітіретін болдық. Жоба идеясы «басқармама пайдалы  бір нәрсе істесем» деген ойдан туды.


Жас мамандар кеңесінің ұйымдастыруымен «Рационализаторлық инновациялық жобалар байқауы» өтетінін естіген соң, жобамды тапсырып, жүрегіме үкілі үміт қадап келгенмін. Жетістік жаман емес. ІІ орынға ие болдым.Өте қуаныштымын. Өзіме риза болғанымды да жасыра алмаймын. Байқауға қатысу арқылы өзімнің әлеуетімді байқадым. Басқалардың жобаларымен таныстым. Байқауға қатысқан мен жаңалық табу үшін – саусақты танауға тығып отырмай, іздену керек екендігін ұқтым. 

Әділжан Үсенов, 
«Өзенмұнайгаз» АҚ, №4 МГӨБ 
мұнай-газ өндіру операторы 

 

Талпынған тау асады

Менің «Устьевой насос для откачки затрубного газа» деген тақырыптағы жобам «Үздік экологиялық жоба» деп танылды. 
Мен №4 МГӨБ-сында МжГӨ операторы болып 2018 жылдан бері жұмыс жасап келемін. Менің жобамның түйіні мынадай: айталық, біз бүгінгі күні 1000 метр тереңдіктен жер астына құбыр жіберу арқылы мұнай аламыз. Бұны мұнай деп атағаннан сұйықтық деп атағанымыз дұрыс болар. Өйткені, жер астынан шығатын сұйықтықтың құрамында мұнай да, газ да, су да болады. Ендігі мәселе сорап пен құбыр арасына газ жиналады да, сораптың толыққанды жұмыс жасауына мүмкіндік бермейді. Менің жобам бойынша осы сорап пен құбыр арасында жиналатын газды сорып алатын қондырғы орналастырсақ, мәселе өз-өзінен шешілер еді. Өйткені, мен ұсынып тұрған қондырғы сорап пен ұңғы арасындағы газдың жиналуына мүмкіндік бермей, сорып алып отырады. Дер кезінде сорылған газ ауаға жайылып үлгермейді. Бұл дегеніңіз, айналадағы экологиялық тазалыққа үлес қосу болып табылады. Газдың тығыздығы азайған соң әрине сораптың барынша толық жұмыс жасуына мүмкіндік туады. Бұл – әрине, мұнай өнімділігін арттыруға айтарлықтай үлес қосады деген сөз.Кішкентай қондырғының көп қаражатты қажет етпейтіндігін де айта кеткен жөн болар. Адам бойында бұлқынған бұла қуат, қайрат-жігер үнемі бірқалыпты бола бермейді. «Талпынған тау асады» демекші, сондықтан, адам жас кезінде белсенді жұмыс жасап, қолынан келгенше компаниясының гүлденуіне мысқалдай да болса үлес қосуы тиіс деп есептеймін.


Сайыс біздерді білімді, жан-жақты болуға, өзіне деген сенімділік қасиеттерін қалыптастыруға бейімдеу, білуге, үйренуге деген қызығушылығымызды арттырды. Компания басшылығының жастарға ерекше көңіл бөлуі-құптарлық жағдай.

Әлібек Қосжанов, 
«Өзенмұнайгаз» АҚ, 
№4 МГӨБ жөндеуші-слесарі

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх