Жабдықтау базасына 45 жыл

Жабдықтау  базасына  45 жыл
11.12.2017
199
Өндіріс

Жабдықтау базасына 45 жыл

«Ембімұнайгаз» АҚ-ның құрылымдық бөлімшесі саналатын Өндірістік-техникалық қызмет көрсету және жабдықтармен комплектациялау басқармасы «Эмбанефтьтехснаб» конторы негізінде 1972 жылы құрылған. Негізгі мақсаты – мұнай кәсіпшілігіне қажетті құрал-жабдықтарды өңдеу (жүкті қабылдау, түсіру, қоймада сақтау, тиеу, жеткізу). Тапсырыс бойынша алынған құрылғылар алдымен осы басқармаға келеді. Оларды «Ембімұнайгаз» АҚ-ның жоба жетекшілері мен мұндағы мамандар тексеріп, дұрыстығына көз жеткізгеннен кейін ғана қабылдап алады, сонан соң өндіріс ошақтарына тасымал темір жол және автокөліктер арқылы жүзеге асырылады. Жабдықтар өз елімізбен қатар, алыс-жақын шетелден де әкелінеді. База теңгерімінде жалпы ұзындығы 6995 метр кірме теміржолы бар. Басқарманы әр жылдарда басқарған басшылар базаның дамуына үлес қосты. 
Базаның 2013 жылы 2056, 2014 жылы 2296 шаршы метр алаңды құрайтын барлық қоймалар едені бетонмен құйылып жөнделген. Бұрын ол қоймалар іші қиқы-жиқы, бір көлік кірсе-ақ болды, ала шаңға бөгіліп қалатын. Енді бетон беті мұздай жылтырап жатыр. Осындай жұмыстар Құлсары базасында да жүзеге асырылып, қоймаларға күрделі жөндеу жүргізілген. Базаның басты жаңалығы – ток күшін беретін дизель-генератордың 2013 жылы орнатылуы. Ол басқарма аумағында электр қуаты болмаған күнде, 30 секундта автоматты түрде іске қосылып, қуат көзін береді. Тағы бір ауқымды жұмыс – ол жылуды қажет ететін тауарларды сақтайтын бес қоймаға жылу жүргізілген. Дербес жылыту қазандығы барлық әкімшілік ғимараттарды, гараждарды, асхана, тұрмыстық бөлмелер, қоймаларды жылытып отыр, тіпті одан артық көлемде жылыта алатын мүмкіндігі бар. Бұл базаның сырттан келетін жарық пен жылуға тәуелсіздігін көрсетеді. 
Қауіпсіздік шараларын арттыру мақсатында басқарма толық бейнебақылау жүйесіне қосылған. Автокөліктерде GPS қондырғылары бар. Сол сияқты тапсырысты уақытылы жеткізу және жүк түсіруді жылдамдату мақсатында 2012 жылы 2 автоматты манипуляторы бар МАЗ автокөлігі, 1 сұйық тасымалдағыш көлік, 25 тоннаға дейін жүк көтеретін  автокран, ал 2013 жылы Маз маркалы өзі аударғыш автокөлігі (самосвал)  сатып алынды. Басқарманың өз күшімен Аққыстау және Жамансор базаларында темір жолдарға жөндеу жүргізілген. Вагонмен келген жүктерді тасымалдап, маневрлік жұмыстар үшін ТГК-2 маркалы 1981 жылы шыққан тепловоз. 2012 жылы ресейлік мамандар шақырылып, қажетті қосалқы бөлшектері ауыстырылып, жақсылап жөнделген. Қазір ақаусыз жұмыс жасап тұр. 
– 2014 жылы база аумағында модульді медпункт ашылып, онда медициналық тексеру және алғашқы медициналық жәрдем көрсетіледі. 2016 жылдың сәуір айынан бері басқармаға Жамансор базасы қосылды, онда да ауқымды жұмыстар жасалып жатыр. Бүгінгі таңда жүктерді өңдеу жұмыстарымен қатар басқарма жұмысшыларының күшімен ЕМГ өндірістік құрылымдары нысандарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, алдағы уақытта Атырау базасында жаңа өндірістік желілер ашылмақшы. Олар: ПВХ бұйымынан дайын өнімдер шығару және ескі доңғалақтарды өңдеу арқылы резина тақташалар жасау өндірісі. ПВХ өнімдерінен терезе мен есік жасалып, оларды құрылымдық бөлімше нысандарында қолдану және ескі доңғалақтарды өңдеу арқылы әр түрлі және көлемді резина төсемтақта (брусчатка) шығару жұмыстары көзделеді, – дейді басқарма басшысы Бек Қаракушиков. 


Басқармада әлеуметтік мәселелер де оңды шешілген. Өз жұмыскерлерін кәсіби дайындау, қайта даярлау, біліктілігін көтерумен қатар, оларға ұжымдық шартқа сәйкес барлық әлеуметтік көмектер көрсетіліп келеді. Ұжым мүшелері «Ембімұнайгаз» АҚ бойынша өтетін спорттық және мәдени-бұқаралық шараларға да белсене қатысады. Осылайша, басқарма ұжымы өзінің 45 жылдық мерейтойын үлкен абыроймен қарсы алып отыр. 
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх