"Қайнарлықтардың" қарымды қадамы

11.12.2017
318
Өндіріс

"Қайнарлықтардың" қарымды қадамы

«Қайнармұнайгаз» басқармасында заман талабына сай озық технологиямен жұмыс жасау қарқынды жүруде. Мәселен, басқармаға қарасты «Уаз» кен орнына 2015 жылы ұңғыларды онлайн тәртіпте басқаруды жүзеге асыру үшін жасақталған «Уаз сандық интеллектуалды кен орны концепциясы» сынамалы жобасын енгізу шеңберінде 39 ұңғыға сандық интеллектуалды басқару енгізілді. Бүгінгі таңда кен орны ұңғыларының жұмыстарын қадағалап, диагностика жасау үшін орнатылған бағдарлама қашықтықтан технологтар мен геологтар компьютерлеріне ұңғылардың сораптарының жағдайы туралы және құбыр сырты, құбыр бойы қысымдары туралы тікелей онлайн түрде ақпарат беріп тұр.

Сондай-ақ, соңғы жылдары өндірісте шиберлі ысырма және өлшеуіш құралмен жабдықталған 2 дана су бөлу бекеті орнатылған. Оның өзіндік тиімділігі бар. Бұған дейін зерттеу операторы су айдау ұңғыларынан айдалып шыққан су мөлшерін өлшеп, тежегішін ауыстыратын болса, жаңа технология бойынша бір жерден бірнеше ұңғыларды қамтуға мүмкіндік бар. Бұл жұмысшының уақытын үнемдеумен қатар жұмыс сапасын да арттыра түседі. Басқарма бойынша биылға жоспарланған 11 ұңғыма толығымен орнатылып, өнім беріп тұр. Жалпы мұнай өндіретін ұңғы қоры 479-ды құрайды. Олардың сексен төрт пайызы электрлі бұрандалы сорапты, он алты пайызы штангалы тереңдік сорапты ұңғылар. Олай болатын себебі кеніштегі мұнай құрамы қою және құрамында құм мөлшері көп, сондықтан мұнда электрлі бұрандалы сораптар көбірек қолданылады. Әйтсе де, штангілі сорапты ұңғыларға да маңыз берілуде. Бүгінде осы сораптарды тексеретін қондырғы орнатылған. Енді мамандар сораптың цилиндрі мен плунжерін компьютер арқылы тексерістен өткізсе, ішкі клапандарын арнайы қысым беру құралы арқылы тексере алады. Қабатқа су айдау тиімділігін арттыру мақсатында да ГНК-5, 7-125-1600 маркалы сораптары орнатылған. 
«Қайнармұнайгаз» мұнай және газ өндіру басқармасына қарасты «Береген Жоламанов» атындағы учаске орталықтан ең шалғай орналасқан кеніштердің бірі. Мұнда бір ауысымда 28 адам еңбек етеді, сондай-ақ мердігер мекемелердің жұмысшылары да жұмыс жасайды. Соған сәйкес, еңбек адамдарын уақытылы тамақтандыруда кідіріс болмас үшін 2011 жылы 30 орындық асхана пайдалануға берілген-ді. Сонымен қатар 60 орынға арналған екі қабатты жайлы жатақхана да бар. Учаске басшысының орынбасары Қуаныш Қошбағамбетовтың айтуынша, соңғы жылдары кеніш техникалық бағытта біраз жаңарып, көптеген жұмыстар автоматтандырылған. «Соңғы жылдары өндіріс мәдениетін жақсарту мақсатындағы жұмыстарға үлкен мән берудеміз. Бүгінде кеніште 49 ұңғыма мұнай беріп тұрса, жаңадан қазылып жатқандары да бар. 2016 жылы 4 ұңғыма бұрғылаудан кейін қосылды. 32 электр бұрандалы және 15 штангалы тереңдік сорапты ұңғыма жұмыстары үнемі қадағаланып тұрады. Ұңғымалардан өндірілген сұйықтықты сораппен айдаудың арқасында қысым азайды да, өнім молая түсті. Ол жерде топтық өлшеу қондырғысы да қалыпты жұмыс жасап тұрғанын айтуға тиіспіз. Цехтағы мұндай жұмыстар өз нәтижесін беруде, – дейді ол. 
Жалпы 2011 жылы Қызылқоға ауданынан көгілдір отын тартылған болатын. Облыс орталығынан 350-400 шақырым қашықтағы елді мекендерге газ құбырын тарту ерлікпен пара-пар жұмыс еді. Соның арқасында жолдағы Жамансор, Кенбай, Жантерек, Мұқыр, Сағыз, аудан орталығы Миялыға және басқа да ауылдарға газ желісі барып, тұрғындарды қуанышқа бөлеген еді. Мұқыр селосына жақын орналасқан «Береген Жоламанов» атындағы кеніші де осы игіліктен құр қалмады. Бүгінде табиғи газды әлеуметтік бағыттағы нысандарға пайдаланса, өз газдарын май қыздыру пештеріне жаратып отыр. Кен орынның қондырғыларына қызмет көрсететін жөндеушілер Ғаділбек Ешекеев пен Құрмет Мұқанов осы аталған кеніште жиырма жылдың үстінде еңбек етіп келеді. «Кен орын басындағы барлық технологиялық қондырғыларды уақытылы қарап, тексеріс жүргізіп, ұдайы жөндеуден өткізіп тұру қажет», – дейді тәжірибелі жұмысшылар. 


«Қайнармұнайгаз» МГӨБ жер асты жөндеу цехында 8 бригада бар. Бұл жұмыста бұрынғыдай жоспармен жасау тоқтатылып, енді нормативтік әдіске көшкен. Соның өзінде жұмыс жақсы жолға қойылып, бұл жүргізілген іс-шаралар тиімділігінің, жаңа ұңғымаларды бұрғылау, күрделі және жай жөндеу жұмыстарының ұлғаюының нәтижесі болып отыр. Қыстың аязына, жаздың аптабына төзімділік танытып, өздерін өндірістегі осынау жұмыста шыңдай білген мұнайшылардың арасында ұңғыларды жер асты жөндеу цехы ұжымының да еңбегі мол екендігі шүбәсіз. 2011 жылы цехта «ДЭЛ-140» приборы енгізілді. Оның артықшылығы – арнайы бөлмеде отырып, өндірісте жасалып жатқан жұмыс барысын компьютерден түгел көріп отырасыз. 
Басқарманың ұңғыларды жер асты жөндеу цехында бүгінде жүзден аса мұнайшы еңбек етеді. Жалпы 8 бригадада ауысымдық әдіспен еңбек ететін мұндағылардың негізгі міндеті – тереңнен мұнай тартып тұрған ұңғылардың өнімін кемітпеу жолында жоспарлы жай жөндеу жүргізу. Сөйтіп, өз істерінде шеберлікке, тиянақтылыққа машықтана білген олар жұмыс барысында «сыр» беріп тұрған ұңғыларға жаңа құбырлар мен қарнақтарын жіберіп, әр түрлі модификациялық сораптарын ауыстыруды жүзеге асырады. Әрине, айтуға оңай, әйтпесе бұның да мехнаты аз емес. Бір кісідей белсенді қимылдайтын ұжымдастардың арқасында ұңғылардың жөндеу аралық кезеңі қазіргі таңда едәуір ұзарды. 
Бүгінгі таңда жұмыс көлемі қаншалықты ауқымды болса, оны орындау үрдісі де сондай қарқынды. Барлық бригада жігіттері өздеріне жүктелген міндетті жоғары ынтамен атқаруда. Жұмыс жеңіл емес, жер астындағы сорап істен шығуы, немесе ұңғының бойы бітеліп қалуы, жер асты қабатының суланып кетуі де болып жатады. Мұндай сәтте жедел жететін осы цех бригадалары жөндеуге білек сыбана кірісіп кетеді. Жалпы цехта жастар көп, өйткені жер асты жөндеу жұмысына қайратты, денсаулығы мықты жастар қажет. Оларға жасалып отырған жағдай да көңілден шығып жатыр. Бүгінде ұңғымаларды жер асты жөндеу бригадаларына арналған екі бөлмелі заманауи жаңа вагон іші қыста жылы, арнайы жылыту пеші де бар, ал жазда салқын. Салқындатқыш қондырғы екі бөлмеде де орнатылған. Ыстықта шөлдеп, суықта тоңса, жайлы вагонға кіріп шай-су ішіп, дамылдап алуға болады. Бұл үнемі дала төсінде, жел өтінде жүретін жігіттерге көп көмек.  
Айтқандай, Қайнар вахталық қалашығының су жүйесіне күрделі жөндеу жүргізіліп, пластик құбырларға ауыстырылса, Кенбай алаңындағы асхана да күрделі жөндеуден өтті. Ал алдағы жылдары құрылыс жоспары бойынша, өндіріс мәдениетін және салауатты өмір салтын қолдау мақсатында Кенбай кенішінде 100 орындық жатақхана мен дене шынықтыру кешенін салу белгіленіп отыр. Бұл жерде басқарманың басшылығы да «спортқа» бүйрек бұра көңіл бөлуінде болып тұр. Оның тағы бір айғақты дәлелі, Атырау футбол федерациясының басшылығымен жүздесе отырып, облыстық деңгейде кіші аяқдоп (футзал) шеберлері арасындағы біріншілікке алғашқы рет басқарма жұмысшыларынан құралған «Қайнар» командасының қатысып, тұсаукесер ойындарының да жүргізіліп жатқаны. Қорыта айтқанда, қайнарлықтардың жігерлі еңбек етуі мен жақсы демалуына, мәдени-спорттық шараларға да біртұтас боп атсалысуына барлық жағдай жасау күн тәртібінен түскен емес.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх