Дуалдық оқытудың көмегі тиді

Дуалдық оқытудың көмегі тиді
23.11.2017
463
Қызметкерлер

Дуалдық оқытудың көмегі тиді

– Мен Атырау мұнайгаз университетінің мұнай факультетін биылғы жылы бітірдім. Оқып жүрген кезімізде «Ембімұнайгаз» АҚ студенттерді дуалды оқыту бойынша пилотты жобаны іске қосқан болатын. Оның талаптары да оңай болмады, бірақ «Талаптыға нұр жауар» демекші, таудай талабымыздың арқасында осы жобаға ілігіп, жарты жыл бойына вахталық әдіспен жұмыс жасап, өндірісте болдық. Ол үшін «Ембімұнайгаз» АҚ дайындаған арнайы шәкіртақы да алып отырдық. Ал институтқа келгенде білімімізді толықтырамыз. Осылайша дуалдық оқу жүйесі бізге үлкен тәжірибе әрі көмек болды. Ал биыл жазда дуалды оқытудан өткендерге жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар екенін білдік. Тест сұрақтарынан өтіп, тағы бағымызды сынадық. Нәтижесінде бірнеше бала жұмысқа қабылдандық, олардың ішінде мен де бармын. Бүгінде «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-на қарасты Батыс Прорва кен алаңында еңбек етіп жатырмын. Жұмысым жақсы, өзіме ұнайды. Цех бастығы Мұқашев Қабдрахман аға, өзімнен бірер жыл бұрын бітірген Мұрат, Максим есімді әріптестерім ағалық ақылдарын айтып отырады. Шыны керек, қазіргі кезде жұмысқа орналасу жас маман үшін қиын нәрсе. Бізге «Ембімұнайгаз» АҚ-ның дуалдық оқыту жүйесі көп көмек болғаны рас, сол үшін ризамын. 

Жұмабек Геннадиев, 
АтМГУ мұнай факультетінің түлегі,
Батыс Прорва МГӨЦ №3 бригадасының мұнайгаз өндіру операторы

 

«Татнефьттен» тәжірибе толықтырдық

Биылғы жылдың маусым айында «Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты Прорва тобы кен орындарында газды кешенді дайындау Қондырғысы (бұдан әрі «ГКДҚ» немесе «Қондырғы») іске қосылған болатын. Соған орай жаңа зауытқа мамандар тартылды. Мен Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің инженер-техник факультетін химик-технолог мамандығы бойынша бітірген едім. Шетелдік, отандық компанияларда еңбек еттім, біраз тәжірибе жинақтадым. Бүгінде Прорва газ қондырғысында пульт операторы болып еңбек етемін. Қондырғының ерекшелігі сол, Қазақстанда алғаш рет күкірт алу үшін MERICHEM фирмасының LO-CAT патенттелген технологиясы қолданылып отыр. Аталған технология экологиялық зиянсыз, улағыш химикаттары жоқ және зиянды әсері бар қалдықтарды шығармайды, күкіртсутегін жоюдың тиімділігі жоғарылығын қамтамасыз етеді. Газды дайындаудың барысы толық ароматталған  және өндіріс кезінде апатты жағдайларға қарсы бірнеше қорғаныс түрлерін қарастырады. Қуаттылығы жылына 150 млн. м3 ілеспе мұнай газын кәдеге жаратуға арналған. Бұл алып зауыт. Жұмысқа кіріспес бұрын ЕМГ кадр бөлімінің жіберуімен 60-қа жуық маман Татарстанның Альметьевск қаласында тәжірибеден өттік. Біздің де үйренеріміз, оларға да үйретеріміз бар екен. Соның ішінде, LO-CAT – әлемдегі озық технология. Осы жаңа технология бойынша жұмыс жасаудың маңызы мен үшін ерекше. Мұнда бәрі автоматтандырылған, еңбек қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді.  Нәтижесі де мол болады деп күтілуде. 

Еділ Таңбаев, 
Прорва газ қондырғысының 
пульт операторы

 

Білікті маман боламыз

– «Ембімұнайгаз» АҚ дуалдық оқыту жүйесі бойынша 2016 жылдың қыркүйек айынан бастап 2017 жылдың қаңтар айына дейін «Қайнармұнайгаз» МГӨБ Кенбай кен орнында вахталық әдіспен жұмыс жасадым. Ол өндірістік практика маған көп көмек берді. Оқу орны қабырғасында теориялық білім алғанмен, «қолмен ұстап, көзбен көрген» бөлек қой. Тәжірибе кезінде қайнарлық білікті мамандар біздерге жан-жақты қолдау білдіріп, жұмыстың қыр-сырын үйретті. Ұңғыма деген не, шыбық деген не, мұнай қалай алынады, қалай айдалады, ондағы қауіпсіздікті қалай сақтау керек, т.б. өндіріске қатысты көптеген мәселелерді үйрендік. Енді бүгінде соның «жемісін» жеп жатырмыз. «Ембімұнайгаз»  АҚ ұйымдастырған тесттен жоғары балл алдым. Содан біраз уақыт өткен соң жұмысқа қабылданғаным жөнінде хабар жетті. Арнайы киім алып, өндіріс қайдасың деп тартып отырдым. 2017 жылдың шілде айынан бастап «Терең-Өзек» кен алаңында ұңғымаларды зерттеу операторы (3-разряд) болып еңбек етемін. Цех бастығы Ерлан Қондыбаев. Ал өзіммен тікелей жұмыс жасайтын ұңғымаларды зерттеу цехының бастығы Оңғаралиев Бауыржан аға, олардың мол тәжірибесі бізге үлгі. Ата-анам да мұнайшы болған, біз де білікті маман болуға талпынамыз.

Абай Текеев, 
Терең-Өзек кен орны 
ұңғымаларды зерттеу операторы
 

 


 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх