Мұнайшы шығармашылығы

Мұнайшы шығармашылығы
03.11.2017
472
Әлеумет

Мұнайшы шығармашылығы

Сәрсембаев Сырымбек Жақсыбекұлы – айтыс­кер ақын. 1983 жылы 12 нау­рызда Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласында дүниеге келген. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін 2005 жылы тарихшы-әлеуметтанушы мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірген. Айтысқа 2004 жылдан бастап қатысып, барлығы 50-ге тарта халықаралық, республикалық, аймақтық айтыстарда жеңімпаз және жүлдегер атанды. 2006 жы­лы Маңғыстау облысындағы Форт-Шевченко қаласының 160 жылдығына арналған республикалық айтыста бас жүлдені иеленіп, Орал қаласында өткен «Ана тілім – айбарым» атты ақындар айтысында 2-орын иегері атанған. 2012 жы­лы Алға қаласының 50 жылдығына және Әбубәкір Кердері бабамыздың мерейтойына арналып, дүбірлі додаға айналған үлкен республикалық айтыста жүлделі 1-ші орынды жеңіп алды. 2008 жылы Қазақстан ұлттық телеарнасы ұйымдастырған «Аламан айтыс» тележобасында ширек финалға дейін жетіп, айтыс қорытындысында «Арқалы ақын» арнайы номинация жеңімпазы атанды. 2017 жылы Талдықорған қаласында өткен «Рухани жаңғыру» атты республикалық ақындар айтысында жүлделі 3-орын, батыс аймақтық ақындар айтысында 2-орын алды. Мұнайшылар тарихынан сыр шертетін «Прорва перзенттері» атты тарихи-танымдық кітапты шығаруға атсалысқан. Бүгінде «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің маманы болып қызмет атқарады. Төменде айтыскер ақынның бірнеше өлеңін ықшамдап ұсынып отырмыз.

 

Пір Бекет Ата
Мүмкін, мүмкін ұқсамайтын басқаға,
Ақмешітте туылғанда жас бала.
Ешкім сірә, ойламаған шығар-ау,
Болады деп үлкен іске бастама.


Бекет ата – елге сыйлы ұлы адам.
Уағыз айтса дүйім жұртқа ұнаған.
Күмәнменен шек келтіріп кезінде,
Адамдар аз болмапты сынаған.


Бекет ата асатаяқ ұшымен,
Қуаты бар қара сөздің сұсымен.
Өсиетті түсінбейтін пендеге,
Қасиетін дәлелдеген күшімен.


Ағымдарға жоламастан күдікті,
Серік қылып өміріне үмітті.
Бекет атам шәкірт болған ұзақ жыл,
Білім алып ұстаздардан білікті.


Жақсы істің табамын деп жалғасын,
Үлкен міндет мойынына алғасын.
Ата есімі Алты Алашқа жайылды,
Мешіт ашып, медресе салғасын.


Тұмар таққан жүрегіне намыстан,
Ұрандатқан елді бастап арыстан.
Бекет ата – ұйытқысы ұлтымның,
Алты Алашқа аты мәлім данышпан.


Ешкім қарсы тұра алмайды алыпқа,
Қиын – қыстау қатері көп нарық та.
Адалдықты уағыздайтын әрқашан,
Пір тұтатын адам қажет халыққа.

 

Имандылық жолдары
Арамдықтың жеңем десең індетін,
Жаратқанға болса егер құрметің.
Құранда да парыз деген пендеге,
Бір Аллаға мадақ айту міндетің.
Абыройлы адам болу ұлы ұғым,
Лайламай тектіліктің тұнығын.
Бірақ тағы таң қаласың өмірде,
Көрген кезде кей адамның қылығын.
Бай болса да артық табар керегін,
Ағайынға бере алмайтын көмегін.
Адамдардың таң қаламын ісіне,
Көлігімен өлшейтұғын беделін.
Мұсылманға қойылатын бар талап,
Өмір бойы жүре алмайсын шалқалап.
Машинамен о дүниеге бармайсың,
Коттеджіңді иығыңа арқалап.
Ақиқаттың құлақ салсаң үніне,
Дүнияның жете алмайсың түбіне.
Сенің қарның тойғанынан не пайда,
Қараспасан қарындас пен ініңе.
Байысаң да тәубеңді айтып құнықпа,
Бір Аллаға мадақ айтып ұлықта.
Тоқ кезінде кеудеңе нан пісірмей,
Жоқ күніңде көргеніңді ұмытпа.
Жаңылыспа жолықса да неше сын,
Имандылық таза ұста көшесін.
Жақсылардан көмегіңді аяма,
Алла өзі толтырады есесін.

 

Мұнай саласында еңбек етіп жүрген қызмет­керлер арасында өнерімен, шығармашылық қабылеттерімен танылып жүрген жандар аз емес. Солардың бірі 1983 жылдан бері мұнай саласында жұмыс істейтін Жаңаөзен қаласының тұрғыны Рамила Аманжолова. Ол төрт қыздың анасы, үш немеренің әжесі. Редакцияға жолдаған хатында өзінің бала кезінен өлең жазуға құмар болып өскенін жазыпты. Газетіміздің өткен сандарының бірінде біз Рамиланың бір өлеңін жариялаған едік. Бұл назарларыңызға ұсынылып отырған екінші өлеңі. Сіздердің әрқайсыңыз жұмыстан тыс уақытта айналасатын өзіңіздің сүйікті кәсібіңіз болса, ол туралы газет редакциясына жолдауларыңызға болады.


Нағашы ауылы

Маңғыстау ата жұрты нағашымның
Тамыпты кіндік қаны анашымның
Көтеріп аманатын бабалардың
Келеді алға басып жайсаң халқым!
Маңғыстау ата жұрты нағашымның
Өтіпті жастық шағы анашымның
Еркелеп мың құбылған табиғатпен
Жетіпті сыр сандығы ғасырлардың
Маңғыстау ата жұрты нағашымның
Сыңсу сап ұзатыпты анашымды
Киелі тасы, құмы, топырағы
Алыстан мен мұндалап шақыратын
Маңғыстау ата жұрты нағашымның
Назы мен сағынышы анашымның
Тербелген толқындармен сұлу Каспий
Төріне аққу құсын қондыратын.

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх