Өзгерісті өзімізден бастайық

Өзгерісті өзімізден бастайық
03.11.2017
602
Трансформация

Өзгерісті өзімізден бастайық

Жаңа бағытқа бет түзедік

Бүгінгі қоғамның біздің алдымызға қойып отырған талабы – өркениет көшінен қалмай, заманауи өзгерістерге дайын болуымыз қажеттігі. Бұл орайда айтарымыз, қазақ мұнайының бастауында тұрған «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы ғасырдан астам уақыт игеріліп келе жатқан кен алаңдарының жұмысына тың қадамдарды батыл енгізіп отыр. Өндіріс шығындарын оңтайландыру және еңбек тиімділігін арттыру мақсатында Компанияда бірнеше пилоттық жобалар іске қосылды. Солардың арасынан қысқа мерзім ішінде өзінің тиімділігін көрсетіп үлгерген 3 жобаны ерекше атап өтуге болады. Олар: «Интеллектуалды кен орны», «Материалдық-техникалық қамсыздандырудың тиімділігін арттыру» және «Техникалық қызмет көрсету мен құрал-жабдықтарды жөндеу барысын арттыру» жобалары. Әр жобаның өзіндік мақсаты мен маңызы бар. Соған орай ерекше атап өтеріміз, мұнай өндіру көрсеткішін тұрақтандырып, өндірісте еңбек қорғау және қауіпсіздік техникасы ережелерін сақтауды басты мақсат етіп отырмыз. Енді, маңызды саналған осы 3 жобаға жекелей тоқталайын. 
«Ембімұнайгаз» АҚ бойынша 2015 жылы қолға алынған «Интеллектуалдық кен орны» пилоттық жобасы «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты «Уаз» кенішінде өндіріске енгізілді. Уаз кен алаңындағы өнім өндіру мен дайындауға қатысты барлық өндіріс процестері онлайн ережесі бойынша бақылау мен технологиялық басқару кешенді құрылғылармен жабдықталды. Пилоттық жоба екі жылда өзінің нәтижесін де көрсетті. Мұнай өндіру көлемі шамамен 3 пайызға көбейсе, операциялық шығындар қысқарып, электр энергиясын үнемдеу 20 пайыздан астамға артқан. Сонымен қатар, ұңғымаларды жөндеуаралық кезеңді ұлғайту арқылы мұнай өндіру артып, шығын азайды. Өзінің тиімділігін көрсеткен бұл тәжірибелерді «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның құрамына кіретін компанияларға (олардың саны – 14) тарату көзделіп отыр. 
Екінші жобаға келер болсам, ол материалдық-техникалық қамту барысын оңтайландыру мақсатында қолға алынған тың бастама. Оған қатысты ауыз толтырып айтар табысымыз да жетерлік. Ең алдымен, компаниядағы барлық өндіріс процестері автоматтандырылды. Мамандарымыздың бірыңғай ақпараттық жүйеде қызмет етулеріне мүмкіндік жасалды. Енді өндіріске қажетті ақпаратты жедел түрде алуға және сапалы шешімдерді дереу қабылдауға мүмкіндік бар. Материалдық-техникалық қамту барысы стандартталған, реттелген, жүйеленген және тауар, қызмет, жұмыстардың анықтамалығы бірыңғайланған. Олар жұмысты жақсартуға мүмкіндік жасады.
Ал, үшінші жобаның мақсаты қызмет көрсету мен құрал-жабдықтарды жөндеу бойынша тұрып қалулар санын азайту, болжанбаған сатып алуларды қысқарту, мұнай кәсіпшілігі қондырғыларының жөндеуаралық кезеңін арттыру және қызмет көрсету мен жөндеудің сапасын көтеруді жоспарлау арқылы өндірістің тиімділігін арттыру. Бұл жоба бүкіл жұмыс барысын автоматты түрде қадағалап отыруға мүмкіндік берді. 

 

Жұмыс бірден жеңілдемейді

Дегенмен де, «Интеллектуалды кен орны» жобасы бойынша енгізілген жаңа технологиялар кен орнындағы жұмысшылардың еңбегін жеңілдетті деп айту әзірге ерте. Мамандар әлі де жаңа процестерді үйренуде, олардың жаңалықты толық меңгеруі жолында жұмыстар жүріп жатыр. Ал, өндіріс жаңалықтарының күнделікті жұмысымызға тұрақты енуі үшін уақыт керек. Алдағы 2-3 жылда бұл жұмыстың нәтижесін көреміз деп жоспарлап отырмыз. Ол бойынша бүгінгі таңда қажетті дерекқор, статистика жиналуда. 
Ал, осы процестермен тікелей жұмыс жасайтын акционерлік қоғамның орталық аппаратындағы қызметкерлер жайлы сөз қозғасақ, олардың күнделікті жұмысы айтарлықтай жеңілдеді. Себебі, бұрынғыдай емес, ақпаратты жинау мерзімі едәуір қысқарды және оңтайландырылды. Бұрын ондаған Excel файлдарды жинауға, тексеруге және өңдеуге тым көп уақыт жұмсалумен қоса, оның барысында қате жазу, дұрыс тексермеу іспетті адами фактордың тәуекелі орын алу ықтималдығы бар еді. Бұл мәселе бүгінде толық шешімін тапты. Қазір аталған процестердің автоматтандырылуы SAP бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесі негізінде жүзеге асырылады. Сондықтан қызметкер оның тілін меңгеріп, қызмет етуге дағдыланады. SAP дегеніміз қарапайым тілмен айтқанда, құжаттарды автоматтандыру. 
«Бұл бағытта барлығын жаңа бастадық, енді ғана қолға алып жатырмыз» деп айтуға болмайды. Бұған дейін 2007 жылы компанияда SAP-тың белгілі бір модульдері енгізілген. Бухгалтерия, қазынашылық, кадрлық қызметтер іспетті қаржылық-есептеу процестері өзгерістерге барынша әзір болған. Сондықтан оларды бірінші кезекте автоматтандыруға кірістік. Ал өндірістік процестер одан тысқары қалды. Бірақ тек қаржылық процестерді автоматтандырған кезде қандай сын-қатерлер туындайды? Біз тек шығындарды жедел және дәйекті түрде есептей аламыз. Ал егер өндірістік процесс жүйеленбесе және оңтайландырылмаса, онда ешбір қаржылық-есептеу жүйесі оған қолғабыс ете алмайды. Сондықтан өндірістік процестер біріздендірілді. 

 

Өзгерістерді жүзеге асыратын – адамдар

Шыны керек, бастапқыда трансформация бағдарламасы басталған кезде көпшілік бұл жаңалықты ерекше сақтықпен қабылдады. Олардың арасында ішінара келеңсіз көзқарастардың байқалғаны да рас. Жұмысшылар бірден «жұмыс орындары қысқарады екен» деп күдіктенді. Ал, оның себебі мәселені жете түсінбеуден ғой. Белгісіз, түсініксіз нәрсеге тап болған кез-келген адамның бойын үрей билеп алатыны да рас. Бірақ трансформация бағдарламасы о баста өз алдына мұндай мақсат қоймады. Жүргізіліп отырған трансформацияның негізгі мақсаты – тиімділікті арттыру және байырғы кен орындарының өмірін ұзарту. Бірінші кезекте бұл – қауіпсіз және тиімді өндірістің кепілі. Өндірісті оңтайландыру және автоматтандыру бойынша біздің жобаларымыз адамдарды қысқартуды қарастырмайды. Оған жұмысшылар мен қызметкерлер бүгінде көз жеткізіп жатыр. Яғни, ол ең алдымен шығындарды азайтып, үнемдеуге баса көңіл бөлу. Бүгінде нарықтағы мұнай бағасы төмен екенін бәрі біледі. Сол себепті «көрпеңе қарай көсілу» қажет. Алайда, жұмысшылар арасында бұл өзгерістердің негізгі мақсаттарын, оның әрбір маман үшін тиімділігін жеткізу, жан-жақты түсіндіруді қаперден шығармауға тиіспіз. Жаңалықты өндіріске енгізерде көбіне технологияларға немесе процестерге ғана баса мән беру – үлкен қателік. Себебі процестерді адамдар жүзеге асырады. Сол себепті, ең алдымен жаңалық маманға қаншалықты түсінікті деген мәселеге аса мән беруіміз қажет. Тұтастай алғанда, дағдарыс және мұнайдың бағасы төмен болып тұрған жағдайда да біз жұмыс орындарын сақтауды көздейміз. Ұжым ретінде біздің мақсатымыз – осы қиын кезеңде бірігу және компанияның тиімділігін көтеру үшін еңбек ету.


Мен өзім трансформация бағдарламасын жүргізуде біраз тәжірибе жинақтадым. Астана қаласында қолға алынған барлық жобаларға жетекшілік жасадым. Бұл аса маңызды, күрделі жұмыс. Бүгінгі таңда осы бағыттағы жұмысымды Атырауға қоныс аударып, «Ембімұнайгаз» АҚ-да жалғастырып отырмын. Айта кетерлігі, компанияда осы мақсаттағы жұмыс тиімді жүргізілуде. Ғылыми-техникалық ілгерілеу қарышты қадаммен дамуға бет алды. Тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін барлық өзгерістерді қаперге алу керек. Бәсекеге қабілетті болу – өмір талабы, ол үшін компаниямен қатар әрбір қызметкер өз-өзін дамытуды қолға алулары тиіс. Кәсіпорын бизнес-процестерді оңтайландырып, өзінің тиімділігін арттырса, әр маманға өзінің білім көкжиегін кеңейту аса қажет. 

Әлихан Байдүйсенов, 
«Ембімұнайгаз» АҚ Перспективалық даму жөніндегі 
басқарушы директоры

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх