Дәнекерлеу ісінің жаңа үлгісін меңгеруде

Дәнекерлеу ісінің жаңа үлгісін меңгеруде
26.10.2017
456
Өндіріс

Дәнекерлеу ісінің жаңа үлгісін меңгеруде

Техника мен технология қарыштап дамып келе жатқан білім ғасырында өндіріс саласында да заман талабына сай өзгерістер орын алуда. Өндіріс алаңы заманауи үлгідегі техникалармен толығып, мамандардың кәсіби шеберліктерін шыңдау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы тұрғыда «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ қарасты «Кен-Құрылыс-Сервис», «ӨзенМұнайСервис», «Су өндіру және тасымалдау басқармасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің дәнекерлеуші мамандары кәсіби шеберліктерін шыңдау үшін теориялық және тәжірибелік оқу курсынан өтті.
«ҚазМұнайгаз»БӨ» АҚ-ның бастамасымен ұйымдастырылған оқу курсына 60-қа жуық дәнекерлеуші мамандар қатысты. Екі айдан астам уақытқа созылған оқыту курсы тамыз айында басталған болатын. Курсқа қатысқан мамандар үш күн теориялық білім алып, жеті күн тәжірибелік сынақтан өтті. Қызметкерлер кезекпен алты ауысым бойынша білім алды. Оқу курсының қорытындысы бойынша қызметкерлерге сертификаттар табысталды.

 

 

«Су өндіру және тасымалдау» басқармасының персоналды басқару және еңбекақы төлеу, әлеуметтік саясат тобының жетекшісі Ақтоты Түсіпбаева уақыт талабына сәйкес мамандардың кәсіби біліктілігін шыңдап отыру маңызды екенін айтады. «Осы оқу курсында электргазбен дәнекерлеуші мамандар ойдағыдай теорияны меңгеріп, практиканы тапсырып шықты. Қазіргі таңда серіктестіктің жасап отырған қызметі құбырмен тікелей байланысты. Құбырларды кесу, жалғау дәнекерлеушілердің негізгі қызметі. Апаттық жағ­дайлардың алдын алу үшін электргазбен дә­некерлеу жұмыстары сапалы жүргізілуі қажет. Осы білім курсының нәтижесінде жұмыс сапасы артқаны бірден байқалады», – дейді А. Түсіпбаева. 
«Су өндіру және тасымалдау» басқармасының 5-дәрежелі электрдәнекерлеушісі Айғанбай Тайманов осы оқу-тәжірибелік курс арқылы дәнекерлеу жұмыстарының соңғы үлгісін үйренгендерін айтады. «Тәжірибелі мамандардың бөліскен тәжірибесі біздің мамандарға ауадай қажет. Қысқа мерзімнің ішінде осындай үлкен оқуды оқытып, сертификат табыстап отыр. Мамандар тарапынан осы курсты ұйымдастырған «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ басшылығына алғысымызды білдіреміз», – дейді А.Тайманов. 
«Кен-Құрылыс Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің дәне­керлеуші маманы Мұхит Ермеков «Электргазбен дәнекерлеу жұмыстарын заманауи тұрғыда жүргізу қажеттігі артып тұр еді. Жартылай автоматтандырылған техникамен жұмыс жасау барысында уақыттың тиімділігі артады. Адам қауіпсіздігі күшейіп, жұмыс өнімділігі ұлғаяды. Бұндай біліктілікті арттыру курстарын оқу барлық мамандарға зор табыс әкелетіні сөзсіз», – дейді. 
«Top-center» білім орталығының менеджері Нұрлан Есмурзиновтың айтуынша, электргазбен дәнекерлеуші мамандардың біліктілігін арттыру үшін ұйымдастырылған курстың негізгі мақсаты – жұмыс барысына жаңашылдық енгізу. «Дәнекерлеуші мамандар қазіргі таңға дейін көп қолданылған электргазбен дәнекерлеу жұмыстарын жүзеге асырып келді. Ал, аталмыш курс арқылы жартылай автоматтандырылған дәнекерлеу тәсілін меңгерді. Біліктілікті арттырып, курстан өткендігі жөнінде сертификаттар берілді. Соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар арқылы жасалған жұмыс нәтижесінде сапалы болады. Енді алдағы уақытта білімгерлердің іс-тәжірибесіне сай зертханаға рұқсат қағазы берілетін болады. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап біздің мамандар әлемдік компаниялармен тәжірибе алмасты. Алдағы уақытта осындай көптеген оқыту курстарын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», – дейді Н. Есмурзинов.
Дәнекерлеу саласы да бір орында тұрмайды, дамиды. Мұнай өндірісі үшін бұл қызметтің маңызы зор. Сондықтан да сала жаңалықтарын меңгеру дәнекерлеуші мамандар үшін де аса қажет. 


Қаламқас Аманқосова
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх