Компания сыйлаған тамаша саяхат. «Ембімұнайгаз» АҚ

Компания сыйлаған тамаша саяхат. «Ембімұнайгаз» АҚ
11.10.2017
368
Әлеумет

Компания сыйлаған тамаша саяхат. «Ембімұнайгаз» АҚ

Бағыт СМАТУЛЛИН, «Ембімұнайгаз» АҚ ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Ембілік мұнайшы-ардагерлер ЭКСПО көрмесін тамашалап қайтты

Бүгінде «Ембімұнайгаз» АҚ ардагерлері бақуатты ғұмыр кешіп, компания қамқорлығын көруде. Олардың дені үлкендігіне қарамастан ардагерлер кеңесі ұйымдастырған шаралардың белсенді қатысушысы да болып табылады. Былтыр спорттық шараларға бел шеше қатысып, одан кейінгі көркемөнерпаздар сайысына да аса қызығушылықпен атсалысты. Биыл үш ай бойы Астананы төрткүл дүниенің түкпір-түк­пірінен жеткен түрлі мәде­ниеттің әуені мен нақышына бөлендірген ЭКСПО көрмесін өз көздерімен көріп, тамашалаған 4 миллион адамның ішінде ембілік мұнайшы-ардагерлер де болды. «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ қолдауымен, ардагерлер Кеңесінің ұсынысы және ұйымдастыруымен Астана қаласына барып қайтқан ардагерлеріміз егемен еліміздің экономикасы еселеніп, ертеңіне зор сенім барына көз жеткізіп қайтқандай әсерде болды.

Аяғымыз Астанаға тиген сәттен бастап «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның Әлеуметтік саясат және шаруашылық қамтамасыз ету департаменті қызметкерлері жылы шыраймен қарсы алып, заманауи қонақүйге орналастырып, жанымызға жолсерікпен, уақытылы тамақпен және арнайы автобуспен қамтамасыз қамтамасыз етті.

Осыған орай ардагерлер кеңесі атынан басшыларға ризашылықтарымызды білдіріп, ЭКСПО-дан алған әсерлеріміз туралы пікірлерімізді оқырман қауымға ұсынып отырмыз.

Сырым РАЙЫМБЕРГЕНОВ, зейнеткер:

«Сағынып жеттік...»

Биыл елімізде өткен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін барып тамашалауға кез келген адамның асыққаны белгілі. «Ембімұнайгаз» АҚ ардагерлер кеңесінің төрағасы Бағыт Сматуллиннің ұсынысын қабылдаған Компанияның басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков басқарманың шешімімен осы шараға толықтай жеткілікті қаражат бөлді. ЭКСПО-ға саяхатымызды көрменің ең негізгі сәулеттік ғимараты Қазақстанның «Нұр Әлем» нысанынан бастадық.

Баламалы энергия көздерін жеті қабат жер астынан іздеудің қажеттілігі жоқ екеніне көзіміз жетті. Өйткені, жел генераторлары мен күн сәулесі панельдерінен алынатын қуатты пайдалану үшін елімізде мүмкіндіктер мол. Ал, табиғатта энергия алуға мүмкіндік беретін заттар өте көп, соның бірі – кәдімгі қоқыс.

Саяхаттың екінші күні Тұңғыш Президент, Атамекен музейлеріне, Байтерекке, Бейбітшілік және келісім сарайына, Хан шатырға және басқа қаланың көз тартар жерлерін араладық. Саяхат барысында «Әзірет Сұлтан» мешітіне кіріп, аруақтарға құран бағыштадық. Келесі бағытымыз ұлттық-мәдениет кешені «Этноауыл» болды. Онда киіз үйлер тігіліп,  шеберлердің ұлттық әшекейлері қойылған. Қолөнер шеберлерінің сол жерде кілем тоқып, зергерлік бұйымдар соғып отырғанының куәсі болдық.

Астанадан 35 шақырымдай жердегі Ақмола ауылында орналасқан АЛЖИР («Отанын сатқандар» әйелдерінің Ақмола лагері) мемориалды-мұражай кешенін аралаған кезде кінәсіз тұтқындалған әйелдердің басынан өткен қиын-қыстау кезеңдерін тебіренбей еске алу мүмкін болмады.

Есенгелді ОТАРҰЛЫ, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ зейнеткері:

Естен кетпес сапар

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне сапарымыз еліміздің ұлттық павильоны «Нұр әлемді» аралаудан басталды. Өйткені, бұл сфера біздің назарымызды өзіне бірден аударды. Шар тәріздес нысан өте қатты ұнады. Әсіресе, ең төменгі қабаттан елдігімізді, тәуелсіздігімізді айғақтайтын, бай тарихымыздан сыр шертетін көп мағлұматтар топтастырылған. Сонымен қатар, ғарыш, күн, жел, су, биомасса, кинетикалық энергия бізді құдды бір басқа әлемге жетелеп әкеткендей, қиялымызды одан әрі жігерлендіре түсті.

Бұл сфера инженерлік және сәулет өнері тұрғысынан сәтті жүзеге асқан жоба деп білемін. Бұл әлемдегі ең үлкен сфералық ғимараттың диаметрі 80 метр, ал, биіктігі 100 метр. Күн тәріздес нысанға кіргенде шыны көпірден өтіп, 3D анимациялық фильмді көруге болады. Көрменің «Болашақтың энергиясы» ұраны негізінде елордамызға жүзге тарта мемлекет өздерінің жаңа технологияларын жеткізген. Қазақта «Мың рет естігеннен бір рет көргенін артық» деген сөз бар. 

Дүниежүзінің әр түпкірінен келген елдердің технологиялық жобалары, салт-дәстүрлері мен мәдениеті таңғалдырды. Әсіресе, әр жобасы «Жасыл экономика» тұжырымдамасымен тікелей байланысты Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай сынды дамыған елдер озық технологияларымен әлемге үлгі болуда. Көрмені ұйымдастырудағы басты мақсат – экология тұрақтылығын сақтай отырып, энергияның балама көздерін үнемді пайдалану. Бұл елеулі оқиға тәуелсіз еліміздің тарихында алтын әрептермен сақталып қалары хақ.

Мариям ЖАЙСМАНОВА, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ зейнеткері:

«Мерейімізді тасытты»

Қазақстан мен шетел мәдениеті мен даму үдерісін, жоғары жетістіктерін өз көзімізбен көрдік. Қазақстанның ұлттық павильонын аралап, көптеген таңғажайып көріністерге куә болдық. Ең бастысы, халқымыздың қонақжайлығына шетелдіктер жоғары баға беріп жатыр. Күн сайын мыңдаған халықты жарқын жүзбен қарсы алып, жылы шыраймен шығарып салып тұрған жастарымызды көргенде сырттай тұрып сүйсіндім.

Біздің отанымыздың жүрегі – Астананың осындай дәрежеде өскені, дамығаны біздерді қатты қуантты.

Аманғали БАСПАЕВ, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ мұнайшы зейнеткері:

«Мерейлі жасыма – үлкен сый»

ЭКСПО көрмесін ұйымдастырушылар келушілердің жас ерекшеліктерін толық ескеріп, арнайы қолайлы жеделсатыны іске қосқан. Соның арқасында «Нұр әлем» павильонында сегізінші қабатқа дейін жаяу көтерілмейсің. Сондай-ақ, шыныдан жасалған жеделсатыда тұрып-ақ, әр қабатты әп-сәтте-ақ бақылап шығуға болады.

Болашақтың энергиясын баяндайтын Ұлттық павильонның әр қабатының өзіндік ерекшелігі бар. Әсіресе, көптің көңілінен шыққаны – шыны көпір. Сонымен қатар, Израиль, Үндістан, Қытай, Германия, Ресей павильондарын аралап, бұл елдердің тарихымен қоса, экономикалық даму деректеріне қанықтық.

Мұнай-газ саласындағы ұзақ жылғы еңбегімді ескеріп, 70 жылдық мерейтойыма сый жасаған басшыларға алғыс айтамын.

Б.ТЕКЕЕВ және А.ҚОЙШЫБАЕВ, «Доссормұнайгаз» МГӨБ ардагерлері:

Ардагерлерге жасалған үлкен құрмет

ЭКСПО-ны өткізу арқылы Қазақ елі, Астана халықаралық шараны ұйымдастыра алатын іргелі мемлекет екенін аңғартты. Осынау елеулі оқиғаны өз көзімізбен көріп, тарихи сәттің куәсі болуға ембілік мұнайшы-ардагерлерге мүмкіндік туды. Бұл – «Ембімұнайгаз» АҚ ардагерлерлеріне көрсеткен құрметі деп білеміз.

Астананың таза ауасымен тыныстап, қоңыр салқын табиғатын сезініп және әсем қаланың көркем жерлерін тамашалаған соң, көңілдеріміз көтерілді. «Ембімұнайгаз» компаниясы өз зейнеткерлерін үнемі құрметтеп отырады. Акционерлік қоғамның қолдауын үнемі сезініп келеміз.   

P.S. Сөйтіп, еліміздің бүгінгі көркейген келбетін көзбен көрген ардагерлер көтеріңкі көңіл-күймен оралды. Өз ардагерлерін ешуақытта естен шығармай қамқорлап жүретін «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ және «Ембімұнайгаз» АҚ басшылары Құрманғазы Орынғазыұлы Есқазиев пен Әнуар Еркінұлы Жақсыбековке және «Ембімұнайгаз» АҚ ардагерлер Кеңесінің төрағасы Бағыт Шабайұлы Сматуллинге алғыстарын білдіреді.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх