Спорттық сайыстар мерейтой құрметіне арналды

Спорттық сайыстар мерейтой құрметіне арналды
28.09.2017
398
Әлеумет

Спорттық сайыстар мерейтой құрметіне арналды

Мұнай өндірісінде скважиналарды күрделі жөндеу қызметінің маңызы зор. Скважиналарды күрделі жөндеуге 45 жыл толуына орай Жаңаөзен қаласында бірқатар спорттық шаралар өтті. 

Бильярд ойынынан турнир өтті

9 қыркүйек күні «ӨзенМұнайСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұйымдастыруымен бильярд ойынынан турнир өтті. Шараға «Өзенмұнайгаз» АҚ-на қарасты мекемелер, «Бұрғылау» ЖШС және «ӨзенМұнайСервис» ЖШС-нен 16 ойыншы қатысты. 
Ойынның ашылу салтанатында «ӨМС» ЖШС-нің бас директорының бірінші орынбасары Орынбек Тарғынов мекеме басшылығы атынан құттықтап, ойында өнер көрсететін үміткерлерге жеңіс тіледі. Бильярд бәсекесінде «ӨМС» ЖШС қызметкері Ә.Боранбаев пен «Бұрғылау жұмыстары басқармасының» қызметкері Е.Буранбаев арасындағы ойын қызықты өтті. Аталмыш жарыс олимпиадалық жүйеге сай өткізілді. Сайыстың әділ өтуін «ӨМС» мекемесінің ұйымдастырушы алқасы қадағалап отырды. 
Әр мекеменің үздіктері бақ сынаған ойында І орынды «ӨМС» ЖШС атынан қатысқан ойыншы Әскер Боранбаев иемденсе, ІІ орынға «Бұрғылау жұмыстары басқармасының» намысын қорғаған спортшы Ержан Буранбаев табан тіреді. Ал сайыстың ІІІ орнын қаламыздағы №3 мұнай-газ өндіру басқармасының қызметкері Данияр Супагалиев иеленді. 
Ұйымдастырушы «ӨзенМұнайСервис» ЖШС сайыстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, толықтай демеушілік етті. Айта кетейік, мұнай саласының қызметкерлері арасында бильярд турнирі «ӨзенМұнайСервис» ЖШС-нің қолдауымен екінші рет өткізіліп отыр. 

Қыздар үстел теннисінен сайысқа түсті

10 қыркүйек күні «ӨзенМұнайСервис» ЖШС бөлімшелері арасында үстел теннисінен жарыс өткізілді. Бұл спорт ойынында «ӨМС» ЖШС-нің әртүрлі бөлімінде қызмет ететін қыз-келіншектер қатысты. Мекемедегі белсенді спортшылар мен жанкүйерлердің басын қосқан спорттық шараны «ӨМС» ЖШС-нің бас директорының бірінші орынбасары Орынбек Тарғыновтың құттықтау сөзімен ашты. 
Нәзік жандылар бақ сынасқан ойында ҚБжЕТБ басшысы Г.Жакупова ерекше көзге түсті. Жарысқа қатысушы А.Жолдыбаева мен Ә.Алдабергенова да ойын барысында асқан ептілік байқатты. 
Мекемеге қарасты цехтар арасында өткен спорттық сайыста «ӨМС» ЖШС-нің әдіскері Мэлс Жүнісбаев қазылық етті. 6 спортшы қатысқан жарыс үш ойыннан құралды. Нәтижесінде, І орынды ҚБжЕТБ бастығы Г.Жакупова қанжығасына байласа, ІІ орынға ӘСжШҚБ бастығы А.Жолдыбаева лайық деп танылды. Жарыстың ІІІ орнын СжЛБ бастығының орынбасары Ә.Алдабергенова иемденді. 

Футбол турнирінің жеңімпаздары анықталды

«ӨМС» ЖШС ұйымдастыруымен цехтар арасында футболдан турнир болып өтті. Ойын нәтижесі бойынша І орынды №1 цехтың атынан шыққан футбол командасы жеңіп алса, ІІ орынға әкімшілік басқарма намысын қорғаған футбол командасы табан тіреді. Ал, ойынның ІІІ орнын №2 цех футбол командасы иемденді. 
Цехтар арасында өткізілген футбол турнирінде үздік деп табылған ойыншылар команда болып топтасып, Жаңаөзен қаласындағы мұнай мекемелері арасында өткізілген қалалық турнирде «ӨМС» ЖШС намысын қорғады. Қалалық турнир скважиналарды күрделі жөндеуге 45 жыл толуына орай қыркүйек айының 11-15 күндері аралығында өткізілді. Спорттық шарада 15 команда бақ сынасты. 
Тартысты бәсекеде «Бұрғылау» ЖШС-нің футбол командасы топ жарды. «ӨМС» серіктестігінің футбол командасы турнирдің ІІ орнын қанжығасына байласа, ІІІ орынды №1 МГӨ басқармасының футбол командасы жеңіп алды. 

Кибер спорт түрінен 7 команда жарысты

«ӨМС» ЖШС қызметкерлері арасында кезекті спорт бәсекесі кибер спорт түрінен турнир ұйымдастырылды. Турнирде жеті команда бақ сынады. 
Жарысқа арқау болған кибер спортының бес түрі бойынша жарысуға болады. Командалар соның ішінде кең тараған түрі «Counter strike» ойынын ойнап, шеберліктерін сынады. Жарысқа мекеме қабырғасында еңбек ететін жастар қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша Кудас Нұрбол жетекшілік еткен «№1 цех» І орынды қанжығасына байлады. ІІ орынды Есказиев Серік бастаған «№3 цех» командасы иеленді. Үздік үштік қатарына Джанабалиев Бекболдың «№2 цех» командасы ілікті. 
«ӨМС» ЖШС жас маманы және жарыстың бас төрешісі А.Тулекбаев №1 цех атынан құрылған команда үздік ойын көрсеткенін айтып, бұл спорт әлем елдерінде тек қана жастардың ғана емес, ересектердің де сүйікті ойыны екендігін тілге тиек етті. «ӨМС» ЖШС Жаңаөзен қаласы бойынша мекемелер арасында алғашқылардың бірі болып ауқымды кибер спорт турнирін ұйымдастырып отыр.

Бамперболдан бес команда ойын көрсетті

«ӨМC» ЖШС ұйымдастыруымен мекеме қызметкерлері арасында бамперболдан жарыс өткізілді. 
Мекеме цехтары сынға түскен спорттық бәсекеде бес команда ойын көрсетті. Тартысты әрі қызықты өткен спорттық бәсекеде №2 цехтан шыққан команда ойыншылары ерекше ептілік танытып, үздік атанды. Және ойын барысында спорттық шараға белсене қатысқан әкімшілік басқарма командасы да осал емес екендіктерін көрсете білді. 
Бампербол ойынының нәтижесі бойынша №2 цех І орынды иемденсе, ІІ жүлделі орын әкімшілік басқарма намысын қорғаған командаға бұйырды. Ал жарыстың ІІІ орнына №3 цех ойыншылары табан тіреді.

Қаламқас Аманқосова, Жаңаөзен қаласы

Мақалаларға «ӨзенМұнайСервис» ЖШС суреттері пайдаланылды

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх