ІТ-жобалар Ресейде үздік деп танылды

ІТ-жобалар Ресейде үздік деп танылды
28.09.2017
535
Қызметкерлер

ІТ-жобалар Ресейде үздік деп танылды

Осы жылдың 14 қыркүйегінде Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласындағы А.С.Попов атындағы орталық байланыс музейінде «Мұнай-газ саласына арналған үздік 10 IT-жобасы» атты ІХ бүкілресейлік байқауының лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Аталған байқау 2009 жылдан бастап РФ Байланыс және бұқаралық коммуникация министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып, жыл сайын IT саласындағы маңызды жобаларды анықтап келеді. 

Әділқазылар алқасының бірауыздан шешімімен «Ембімұнайгаз» АҚ жобасы «Санды кен орын» номинациясы бойынша үздік деп танылды. Жеңімпазды іріктеу барысында ЕМГ ұсынған жоба жапондық Sumimoto корпорациясына (әлемдегі 200 ірі компаниялар қатарына кіретін) тиесілі «Престиж-интернет» ЖШҚ-ның ұңғымаларды радиожиілікпен жабдықтау, «Роснефть» ААҚ құрамындағы ірі мұнай өндіру компаниясы «РН-Юганскнефтегаз» ЖШҚ-ның «Санды кен алаң», жылына 9 млн. тонна мұнай өндіретін «Салым Петролеум Девелопмент Н.В» мұнай корпорациясының геологиялық модельдеу және басқа да жобалар бойынша басып озды. 
Айта кетсек, «Ембімұнайгаз» АҚ 2015 жылдан бастап интеллектуалды кен орны жобасын «Қайнармұнайгаз» МГӨБ-на қарасты Уаз кенішінде жүзеге асыра бастаған болатын. Нәтижесінде, өткен жылы кен орнынан мұнай артық өндіріліп, ол ұңғыма жұмыс режимін оңтайландыру және ұңғымаларды пайдалану коэфициентін арттыру есебінен орын алды. 
Байқаудың статуэткасы мен сертификаты осы шараға арнайы барған Компания өкілі, ЕМГ Өндірісті автоматтандыру және ақпарат технологиясы департаментінің директоры Болат Нысанбаевқа табыс етілді. Ембіліктер Болат Нысанбаев пен оның кәсіби білікті командасын беделді байқауда жеңіске жетуімен шын жүректен құттықтайды және Компанияның өндірістік қызметінің тиімділігін арттыруға қосқан үлестері үшін алғыс білдіреді!

Болат Нысанбаев:
– Елбасы халыққа Жолдауында «Бірінші басымдық – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы. Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет» деген болатын. Соған сәйкес, бастапқыда «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ тапсырмасына сәйкес «Ембімұнайгаз» АҚ-мен Уаз кен орнының жер үсті ифрақұрылымын санды басқару моделі жасақталды. Ондағы мақсат мұнай өндіруді арттырып, шығынды азайту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Үлкен әзірлікті, тыңғылықты дайындықты қажет еткен осы жобаны Ембі бойынша жүзеге асыруды қамтамасыз ету біздің департаментке, маған тікелей  жүктелген болатын. «Уаз» интеллектуалды кенорны концепциясы» сынамалы жобасын енгізу туралы әңгіме басталысымен-ақ біз оны қуана қабылдадық. Өйткені, ол бізге жүктеліп отырған сенім ғой. Сондықтан командамызбен бірге жұмыла кірісіп кеттік. Оның ішінде, геологтардың, мұнай өндірушілер, механиктердің де үлесі мол екенін айта кеткен жөн.
2015 жылдан бастап «Қайнармұнайгаз» мұнайгаз өндіру басқармасына қарасты «Уаз» кен орнында интеллектуалды кен орны концепциясы сынамалы жобасын өндіріске енгіздік. Жоба негізінде 32 ұңғымаға интеллектуалды, яғни цифрлық басқару станциялары орнатылған. Соған сәйкес кен орнындағы сол ұңғымалардың жұмысын қадағалап, диагностика жасау үшін қондырылған бағдарлама қашықтықтан технологтар мен геологтар компьютерлерінде ұңғыма сораптарының, құбыр бойы қысымы, яғни мұнай алыну процесінен бастап, оның судан, тұздан арылуы, пеште қыздырылуы, құбырмен Солтүстік Жолдыбай кенішіне айдалуына дейінгі сәттің бәрі мониторда көрініп тұрады. Бұдан басқа цифрлық жабдықтар мұнай өндіру технологиялық жүйесінде іске қосылған барлық нысандарға орнатылған. Уазда ұңғымалар бір-біріне жақын орналасқан, ол да жобаны жүзеге асыруға оң әсер еткені анық. Интеллектуалды ұңғымалар мәліметтерді үздіксіз өңдеп отыруды және жедел басқарып, шұғыл шешім алуды қамтамасыз етеді. Оның бәрі өндірістік, күрделі және пайдаланым шығындарын азайтуға ықпал етеді – бұл әлемдік тәжірибе жемісі. Осы жұмыстардың бәрі жоғары деңгейде жасалып, тиімділігі дәлелденгеннен кейін, министрлікпен мақұлданып, авторлық құқық берілді. Үмітіміз ақталды.
Әлемдік деңгейдегі компаниялардың жобалары ішінде біздің жобамыз аз уақыттың ішінде 10 үздіктің қатарынан табылуы Компанияның және біздің командамыздың зор жеңісі, басшылық сенімінің ақталуы мен еңбектің өтеуі. Бәрімізге де құтты болсын, қадірлі әріптестер, ембілік мұнайшылар!

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх