Ер азамат еңбегімен сыйлы

Ер азамат еңбегімен сыйлы
15.09.2017
370
Қызметкерлер

Ер азамат еңбегімен сыйлы

«Өзенэнергомұнай» басқармасында 37 жылдан бері табан аудармастан жұмыс жасап келе жатқан Әбіш Боранбаев 1954 жылы тамыз айында Форт-Шевченко қаласы Аташ кентінде қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді. 1968 жылы отбасы жағдайына байланысты әке-шешесі Жаңаөзен қаласына қоныс аударды.

Мектепті 1971 жылы бітірген жас бозбала арман арбасына мініп, Алматы қаласына жол тартып кетеді. Сол жылы ашылған энергетикалық институтқа қабылданып, оқу орнын 1980 жылы қалалар және өнеркәсіпті электр энергиясымен қамту мамандығы бойынша бітіреді.
Қолына диплом алған жас маман Жаңаөзен қаласына оралып, Мұнай өндіру басқармасының ПРЦ электр цехына 5-дәрежелі электр жөндеушісі болып орналасады. Осы жылы «Өзенэнергомұнай» басқармасы ашылып, білікті маман осы мекемеге ауысады. Өз мамандығы бойынша абыройлы еңбек етіп, зейнеткерлік жасқа жақындаған Әбекең «Өмір деген қас-қағым сәт екен» – дейді күлімсіреп. Алғашқы еңбек жолын электр жөндеушісі болып бастаған ол цех орынбасары, техника қауіпсіздігі және өндірістік-техникалық бөлімде учаске бастығы, энергетика бөлімінде жетекші инженер, бас инженер жұмыстарын үлкен жауапкершілікпен атқарды.
Алыста қалған жылдарын ойға алған мақала кейіпкері сыйлас болған әріптестерін де сағынышпен еске алды. «Мені алғаш жұмысқа қабылдаған Дәрмен Бекімов аға бүгінде Атырау қаласында тұрып жатыр. Энергетик мамандығының қыр-сырын үйретіп, менің маман ретінде қалыптасуыма тікелей ықпал еткен Рахман Тілеуов, Мақсым Танабаев, Әбіл Күзембаев, Аманкелді Мұхамедияров деген жақсы ағалар бүгінде бақиға озып кетті» – дейді ол.
Қазіргі таңда компанияға енгізіліп жатқан жаңа технологияларды жетік меңгеру үшін жас мамандарға ерінбей-жалықпай білімдерін үнемі жетілдіріп отырса, нұр үстіне нұр болатындығын айтқан Әбекең күні бүгінге дейін өзінің кәсіби журналдарды жаздыртып алатындығын айтты.
Зейнеткер аға отбасының шырайы бола білген жан жары Жансұлу екеуі үш ұл тәрбиелеп, бүгінде олардан балдай тәтті немерелер сүйіп отыр. Есімін өзі қойған Сағынай деген немересі биыл Алматы қаласындағы Құрылыс және архитектура колледжіне оқуға түсіп, атасын қуантыпты.
Бұл күнде зейнеткерлік демалысқа шығып жатқан әріптесімізді осы қуанышымен құттықтай отырып, ұрпағыңыздың қызығын көре беріңіз деген тілек айтамыз.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх