Құрылысшылар марапатталды

Құрылысшылар марапатталды
15.09.2017
437
Қызметкерлер

Құрылысшылар марапатталды

Құрылысшылардың кәсіби мерекесіне орай Жаңаөзен қаласының «Мұнайшы» мәдениет сарайында өткен салтанатты шарада сала мамандары марапатталды.

 

Жиынға Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Исахан Сағымбаев, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның өндіріс және кен орындарын игеру жөніндегі басқарушы директор Қуанышбай Нұрғалиев, мұнай сервисінің жобалары департаментінің жетекші маманы Феликс Изекенов және «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның бас директорының орынбасары Мақсат Ибағаров қатысты. 
Салтанатты жиынды «Кен-Құрылыс-Сервис» серіктестігі директоры Салтанат Ысқақов құттықтау сөзбен ашып, мекеменің жеткен жетістіктеріне тоқталды.
– Құрылысшы – адамзат өркениетінің бастауында тұрған мамандық. Құрылыс индустриясы – экономиканың негізгі іргетасы. Кез келген елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тікелей байланысты. «Кен-Құрылыс-Сервис» серіктестігі «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының жалғыз құрылыс мекемесі. «Өзен» және «Ембі» кен орындарында құрылыс бойынша күрделі мәселелер шешімін тауып келеді. Жүктелген міндеттерді жыл сайын үлкен абыроймен атқарып жүрміз. Сондықтан, Сіздерге көрсетілетін құрмет те, айтар алғыс та мол, – деді «Кен-Құрылыс-Сервис» ЖШС-нің директоры Салтанат Ысқақов өзінің құттықтау сөзінде.
Құрылысшыларды төл мерекесiмен құттықтаған Исахан Сағымбаев «Құрылысшылар жер бетіндегі бейбіт, жасампаз мамандықтың иесі деп білемін. Елбасымыз «Құрылыс – ел экономикасының локомотиві» деп атап көрсеткен еді. Бұл – құрылысшыларымыздың еңбегіне берілген зор баға. Сіздер қала экономикасына да сүбелі үлес қосып келесіздер. Барша құрылыс саласының қызметкерлерін айтулы мерекемен құттықтаймын», – деді. 
Шара барысында жұмыста ерекше көзге түскен мекеме қызметкерлері де грамота және алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ, құрметті демалыстағы ардагерлерге алғыс хаттар беріліп, материалдық ынталандырулар жасалды. 
Салтанатты iс-шара барысында «Кен-Құрылыс-Сервис» ЖШС «Үздік маман-2017» кәсіби шеберлік байқауы бойынша жеңімпаздар марапатталды. Оларға басшылық тарапынан «Алғыс хаттар»  табысталды. 
«Кен-Құрылыс-Сервис» ЖШС директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Әбдірахман Биманов: «Құрметті, байқау жеңімпаздары! Мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдап, жігерін жанитын байқау мамандардың білімі мен біліктілігін арттырады. Практикалық сайыс сіздердің жұмысыңыздың сапасын, ал теориялық сайыс өз мамандықтарыңыздың қаншалықты деңгейде меңгергеніңізді көрсетті. Үздік маман атану үлкен жауапкершілік жүктейді», – деді.
Сондай-ақ, жиында «Құрылысшылар» күніне арналған Спартакиада жеңімпаздары дипломдармен, кубоктармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
– Спорт пен салауатты өмір салтын насихаттауға арналған спартакиада жеңімпаздарын жарқын жеңістерімен құттықтап, әрқашан осылай табыс тұғырына көтеріле беріңіздер деген тілек білдіреміз, – деді «Кен-Құрылыс-Сервис» серіктестік директорының қаржы және экономика жөніндегі орынбасары Сабит Кулсариев.
Мерекелік шара ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі сазгер Жалғас Кеңесовтың ән-шашуымен қорытындыланды.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх