Еңбегімен елеулі «Ембімұнайгазға» – 95 жыл!

Еңбегімен елеулі «Ембімұнайгазға» – 95 жыл!
15.09.2017
386
Әлеумет

Еңбегімен елеулі «Ембімұнайгазға» – 95 жыл!

Сыйға автокөлік берілді

«Ембімұнайгаз» орталық кеңсесінде еліміздің мұнай-газ саласын дамытуда еңбегін аямаған Компанияның көптеген үздік жұмысшыларын марапаттау рәсімі өтіп, оларға «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі мен «Ембімұнайгаз» АҚ – 95 жыл» мерекелік медалі, ҚР Энергетика министрлігінің, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ Құрмет грамотасы, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ естелік белгісі және ЕМГ «Алғыс хаты» салтанатты түрде иелеріне табысталды. Сондай-ақ, Компания атынан алты үздік мұнайшы-жұмысшыға автокөлік кілттері тарту етілді. Атап айтсақ, барлығы 40 адам марапат иесі атанып, марапатталса, оған қоса тағы да 6 байырғыдан келе жатқан жұмысшыға «Нива-Шевролет» автокөлігі табыс етілді. Бұл ұзақ жылдар бойы жаздың аптап ыстығы мен күздің жаңбыры және қыстың қытымыр аязында далада жүріп, тер төге еңбек еткен мұнайшыларға жасалып отырған ізет пен құрмет еді.

Қаженбай Әбдікәрімов, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ Жаңаталап цехының мұнайды дайындау және айдау операторы:

– Мұнайшы мамандығы білім мен біліктілікке қоса, шыдам мен төзімділікті қажет ететін сала. Осы сүйікті мамандығыма 40 жылымды арнадым және соны мақтаныш етемін. Өйткені адам қалай да еңбектің рахатын көреді. Соның бір куәсі осы автокөліктің берілуі. Компанияға және басшыларға көптен көп рахмет. Мұнайымыз таусылмасын, еліміз өркендей берсін!

Үздік мұнайшы отбасы анықталды

«Ембімұнайгаз» АҚ-ның құрылғанына 95 жылдық мерейтойына орай «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Компания тарихында тұңғыш рет «Алтын ұя» отбасылық-спорттық сайыс өтті. Бұл жарысқа Компанияға қарасты басқармаларда еңбек ететін мұнайшылар қатысып, өз жанұяларымен бірге бақ сынады.  
Жарыстың ашылу салтанатында «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков қатысушы командаларға сәттілік тіледі. Жеті кезеңнен тұрған сайыста сегіз команда бақ сынасып, өзара мықтыны анықтады. 
Дода қорытындысымен «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының операторы Мұхаммедрахим Оралбековтың жанұясы жеңіске жетіп, жүлделі атанды. «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының операторы Ғарифолла Көшелековтің отбасы ІІ орынды, «KMG EP-Catering» ЖШС-нің шебері Нұрхан Жанжігітовтің отбасы ІІІ орынды иеленді. Сонымен қатар, «Ембімұнайгаз» АҚ Орталық аппараты Кәсіподақ ұйымының жетекшісі Болат Нысанбаев қатысушы командаларды құттықтап, ескерткіш сыйлықтарын табыстады.

Айтыскерлер Ембі мұнайын жырға қосты

Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық қазақ драма театрында «Ембімұнайгаз» АҚ құрылғанына 95 жыл толуына арналған «Ембімұнайгаз – қазақ мұнайының қара шаңырағы» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Айтысқа  Айнұр Тұрсынбаева, Балғынбек Имашев, Жакен Омаров, Нұрлан Мұсаев, Сара Тоқтамысова, Жандарбек Бұлғақов, жерлес мұнайшы-ақындар Салауат Исахаев пен Сырымбек Сарсембаев қатысты. Айтысқа көрермен ретінде Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков, Компанияға қарасты барлық басқарма ұжымдарының өкілдері және ардагер-мұнайшылар қатысты. Жыр додасын республикалық аламан айтыстардың жеңімпазы, айтыскер ақын Саадат Нұрманов жүргізіп отырды. Ұлттық өнерімізді дәріптеген жергілікті халық рухани сусындап, айтыстан үлкен әсер алды.
Алғашқы айтыс жергілікті ақын, әрі мұнайшы Сырымбек Сәрсембаев пен сөз сайысының саңлағы астаналық Жандарбек Бұлғақовтың арасында өрбіді. Ақындар екеуара әзілдесіп қана қоймай, әлеуметтік мәселелерге де тоқталды. Атыраудың мұнайы елімізді өтпелі кезеңде дағдарыстан құтқарғанын айтып сөз додасын бастаған Сырымбек өзінің қызмет орны «Ембімұнайгаз» кәсіпорнын мерейтойымен құттықтап, мұнайдың арқасында Атыраудың гүлденгенін жырмен жеткізді. Кейінгі жұптар маңғыстаулық Нұрлан Мұсаев пен астаналық Сара Тоқтамысованың, Жәкен Омаров пен жергілікті ақын мұнайшы Салауат Исахаевтың арасындағы айтыс та көпшіліктің есінде қалды. Өнер кешінің соңын Балғынбек пен Айнұр шоу айтыспен түйіндеп, ақындардың бағасын халық қошемет арқылы берді. «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков ақындардың иығына компанияның атынан шапан жауып, камзол кигізіп, көрерменге рухани демалыс сыйлаған өнерпаздарға мұнайшылардың алғысын білдірді. 

Ұшқырлық пен ұтқырлық сайысы

«Ұшқырлық пен ұтқырлық» атты мұнайшылар арасында өткен бәсекеде алты команда (мұнай өндіру басқармалары мен қосалқы бөлімшелері) бақ сынады. Мұндай шара тұңғыш рет ұйымдастырылды. Мақсат тек мерейтойды атап өту ғана емес, сонымен бірге, компания ұжымдарының ұйымшылдығын арттыру, жас мамандарға қарт Ембінің тарихын насихаттау. Тартысты дода «Таныстыру», «Өнер» және «Білім» атты үш кезеңнен тұрды. Алдымен, әр команда өздері қызмет ететін басқарма жұмысы, оның кешегісі мен бүгінінен сыр шертті. Келесі кезекте олардың бойындағы ерекше қасиеттері мен өнері сынға түсті. Бұған команда мүшелері түгелдей атсалысты. Олар әуелетіп әсем ән де салды, мың бұрала би де биледі, жырдан шашу да шашты, домбырамен күй де шертті. Қатысушылар өз ойларын түрлі көріністер арқылы да шебер жеткізе алды. Ең күрделісі – білім сайысы болатын. Бірақ, мұнайшылар бұл сыннан да сүрінбей өтті. Олардың көбі өздеріне қойылған сұрақтарға бір минут ішінде мүдірмей жауап бере білді. 


Бас жүлдені ең жас, ең креативті команда деп танылған «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы жеңіп алды. Екінші орынды «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы иеленсе, «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы үшінші орынды қанағат тұтты. Аталған қос ұжым да қаржылай марапатқа ие болды. Шара соңында сахнаға көтерілген белгілі айтыс өнерінің майталмандары – Айнұр Тұрсынбаева мен Жандарбек Бұлғақов кестелі сөзден өлең өрнектеп, жиналғандарды мерекемен құттықтады.

«Қайнардағы» думан

Компанияның құрылғанына 95 жылдығына орай «Қайнармұнайгаз» кенішінің «Жамансор» базасында гала-концерт өтті. Мерекелік концертте ЕМГ Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков ғасырға жуық тарихы бар Компанияның жетістікке жетуінде жұмысшы мамандардың үлкен еңбегі жатқанын ерекше айтты:
– Біз үшін ең бастысы – жұмысшылар. Өйткені, Компания мұндай жетістіктерге үлкен еңбек ұжымының қажырлы қызметінің арқасында жетіп отыр. Сондықтан, сіздерге үлкен алғысымды білдіремін. Бүгінгі шара біздің мұнайшы-еңбекшілерімізге арналуда. Бүгін сол дәстүр «Қайнармұнайгаз» кенішінің «Жамансор» базасында жалғасуда. Біздің мақсатымыз – мұнайшылардың бірлігін арттыру. «Қайнармұнайгаз» – ең жас мұнай-газ өндіру басқармасы. Сондықтан да, оның болашағы әлі алда. Алдымызда тың жобалар мен ауқымды шаралар күтіп отыр. Бәріміз бірге атсалысайық. 
Сондай-ақ, мұнайшыларды кәсіби мерекесімен және ЕМГ құрылғанына 95 жылдығымен Қызылқоға ауданының әкімі Мақсот Мұқанов құттықтады. 
– Қызылқоға төрінде мұнайшылардың тойы бұрын-соңды болмаған. Осындай шараны ұйымдастырған Әнуар Еркінұлына алғысымды білдіремін. «Қайнармұнайгаздың» іске қосылуы арқылы ауданның да екінші тынысы ашылғандай болды. Бұрын ауданымыздың жастары көбіне ауыл шаруашылығы саласының мамандықтарын игерсе, қазір мұнай-газ саласына бет бұрған жастарымыздың қатары көбеюде, – деген аудан әкімі Мақсот Сайполұлы аталған мұнай-газ өндіру басқармасының бір топ қызметкерлерін марапаттады.   
Кеште қазақ эстрадасының жұлдыздары Абай Бегей мен Айқын Төлепберген мұнайшыларға өз өнерлерін арнады. 

Қарашүңгіл, Доссор тарихымен танысты

«Ембімұнайгаз» АҚ Жас мамандар  кеңесі жас мамандарға арнап экспедиция ұйымдастырды. Оның негізгі мақсаты – тарихи мұнай өндіру орындарын жастарға таныстырып, компанияның тарихын білуге тәрбиелеу. Сонымен қатар, облыстың әр өңіріндегі Компанияға қарасты мұнайгаз  өндіру басқармаларындағы жастардың басын біріктіріп, олардың бір-бірімен қарым-қатынасын және ұжым ретіндегі тұтастығын нығайту. Экспедиция қазақ мұнайының алғаш табылған жері – Қарашүңгілден басталып, «қара алтын» өндірілген Доссор жерінде жалғасты. Мұнайшы жас мамандар тарихи деректермен танысып, мол мағлұмат алды. Сырға тұнған Қарашүңгіл жеріндегі сапарда әулие адамдардың жерленген жерінде болып, аруақтарға дұға бағыштады. Доссор өңірінде алғаш мұнай фонтаны атқылаған 3-ұңғыманың басында болды. Келесі күні экспедиция Қызылқоға ауданындағы «Қайнармұнайгаз» басқармасының кен алаңдарында болып, жаңа технологиялармен танысты. Жастар одан зор әсер және көп мағлұмат алды.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх