Еңбегімен елеулі «Ембімұнайгазға» – 95 жыл!

Еңбегімен елеулі «Ембімұнайгазға» – 95 жыл!
15.09.2017
714
Экономика

Еңбегімен елеулі «Ембімұнайгазға» – 95 жыл!

Биыл қазақ мұнайының «қара шаңырағы» «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының құрылғанына 95 жыл толу мерекесі аясында көптеген шаралар ұйымдастырылды. Ғасырға жуық уақыттан бері елдің дамуына ерен еңбегін қосып келе жатқан «Ембімұнайгаз» АҚ өзінің мерейтойын лайықты жетістіктермен қарсы алды. Компания жаңа техника және технология жетістіктерін өндіріске енгізіп, нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Уаз кен орнында интеллектуалды кен орны тұжырымдамасы іске асырылуда. Биыл компания ірі жоба – Прорва кен алаңында жаңа зауыт – газды кешенді дайындау қондырғысын іске қосты.  Компания өндірісін дамытып, өңірдің дамуына да септігін тигізіп келеді. 

Қазақстан Республикасы Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында «Ембімұнайгаз» АҚ орталық кеңсесінде Компанияның құрылғанына 95 жыл толуына арналған салтанатты жиын өтті. Шараға Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы С.Мыңбаев, «KAZENERGY» Қауымдастығы төрағасының орынбасары Ұ.Қарабалин, «ҚазМұнайГаз» БӨ»АҚ бас директоры Қ.Есқазиев, ЕМГ бұрынғы басшылары, сала ардагерлері мен Компания қызметкерлері қатысты.  


Өз құттықтау сөзінде Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев «Бүгін тарихи күн. Алдыңғы буын ағалардың салған сара жолы қазір жарасымды жалғасын тауып келеді. Бұл ембілік мұнайшылардың қоғамның, еліміздің өркендеуіне «қара алтынды» өндірумен ғана емес, рухани дамуға да қосып жатқан үлесі деп білеміз. Біз бірігіп Елбасы жүктеген міндеттерді орындаймыз» – дей келе, мұнайшыларға деген ізгі тілектерін білдірді. 
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев өз сөзінде Қазақстанның мұнай саласының дамуына қосқан ембілік мұнайшылардың еңбектерін жоғары бағалады: 
– Ембілік геологтар Батыс Қазақстан аймағындағы ең ірі көмірсутек шикізаттары кең орындарын ашуда үлкен еңбек сіңірді. Соның арқасында мұнай-газ саласы ел экономикасы дамуының локомотиві саналып келеді. Бүгінге дейін игеріліп жатқан Өзен, Маңғышлақ, ембілік кен алаңдар және әлемдегі ең үлкен жобаның бірі саналатын Теңіз – «Ембімұнайгаз» геолог-мұнайшыларының ерең еңбегінің жемісі. 


«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Құрманғазы Есқазиев «Ембімұнайгаз» компаниясының ел дамуына қосып жатқан үлесі мен мұнай өнеркәсібінің негізін қалаған ардагер аға буын өкілінің еңбектеріне айрықша тоқталды. 
– Ембінің ұзақ жылғы тарихында мұнай өндіру мен геологиялық зерттеу барысында үлкен тәжірибе жинақталды. Мұнайшы-еңбекші әулеттері мен талантты қазақстандық мамандар, білікті басшылар қалыптасты. Бүгінде «Ембімұнайгаз» – келешекке үлкен сеніммен қарайтын мұнай компаниясы. Компаниямызда ең басты құндылық – адам екенін атап өткім келеді. Мұндай ұжыммен біз алға қойылған барлық міндеттерді орындайтынымызға сенемін, – деп атап өтті өз сөзінде ЕМГ Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков.   
Компания былтыр 2 млн. 832 мың тонна мұнай өндірген. Кәсіпорын өндіріс шығындарын оңтайландыру және еңбек тиімділігін арттыру мақсатында бірнеше пилоттық жобаларды іске қосқан. Ал, мұнай қондырғыларын жаңарту арқылы өндіріс көрсеткішін тұрақтандырып, еңбекті қорғау және техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтауға қол жеткізіп отыр. 
Соңғы төрт жылда кәсіпорын республикалық және жергілікті бюджетке салық түрінде 625 млрд.теңгеден астам қаражатты, Атырау облысының инфрақұрылымын дамытуға 1,7 млрд. теңге қаржыны және осындай соманы демеушілік және қайырымдылық шараларына аударған. 
Шара барысында еліміздің мұнай-газ саласын дамытуға үлесін қосқан компанияның ардагерлері мен бұрынғы басшылары ҚР Энергетика министрлігінің мерекелік медалімен, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның және «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-ның төсбелгісімен марапатталды. 
Салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласты. ЕМГ мерейтойына орай «Махамбет-Исатай» орталық алаңында атыраулықтар алдында қазақ эстрадасының жұлдыздары өз өнерлерін көрсетті.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх