‘‘Өзенмұнайгаз’’ АҚ ағымдағы жағдайы қаралып, келешек жоспары пысықталды

‘‘Өзенмұнайгаз’’ АҚ ағымдағы  жағдайы қаралып, келешек жоспары пысықталды
28.07.2017
517
Өндіріс

‘‘Өзенмұнайгаз’’ АҚ ағымдағы жағдайы қаралып, келешек жоспары пысықталды

«Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Бекзат Абайылдановтың бастамасымен басқарма мүшелері және орталық аппарат қызметкерлерінің қатысуымен, өндірістік құрылымдық басқармалар ұжымымен кездесу өтті. Басқосудың негізгі мақсаты-компанияның қазіргі таңдағы өндірістік, қаржылық және әлеуметтік хал-ахуалының шынайы жағдайымен ұжымды таныстыра отырып, қоғамның болашақтағы жоспарын пысықтау болып табылады.

БҮГІНГІ КҮНІ ӨЗЕН ӨНДІРІСТІК КӨРСЕТКІШТЕРІ ҚАНДАЙ?
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдарда «Өзенмұнайгаз» АҚ мұнай өндіру жоспарын орындай алмай келеді. 2017 жылдың алты айының қорытындысы бойынша мұнай өндіру көрсеткіші жоспардан 61 830 тоннаға кем орындалды, пайыздық көрсеткіші 98%. Жоспардың орындалмауының басты себебі ретінде ағымдағы скважиналар қорынан өндірілетін өнім жоспарының орындалмауы болып отыр. Бұл олқылықты геологиялық-техникалық шараларды жоспардан артық жасау арқылы да орындау мүмкін болмай отыр.  
Сонымен қатар, қазіргі мұнай өндіру көлемі 2015 жылдың аталған кезеңімен салыстырғанда 18 330 мың тоннаға кем, 2016 жылмен салыстырғанда 76 210 тоннаға кем орындалуда, яғни соңғы екі жылдағы нақты көрсеткішке де жете алмадық.
Өткен жылы Қазақстан бойынша «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның мұнай өндіру үлесі    7 пайыз болса, биыл осы көрсеткіш төмендеп, 6 пайызды құрап отыр.

МҰНАЙ БАҒАСЫНЫҢ ҚАРЖЫЛЫҚ ЖАҒДАЙҒА ӘСЕРІ БАР 
Соңғы екі жылдағы «қара алтын» бағамының құлдырауы салдарынан туындаған әлемдік нарықтағы дағдарыс – негізгі табыс көзі мұнай өндіру болып табылатын елдер мен компаниялардың экономикасына елеулі өзгерістер енгізді. Алдағы уақытта мұнай бағамының бұрынғыдай жоғары деңгейде болмайтындығы баршаға анық. Себебі, сұраныс пен ұсынысқа қарай бағаның құбылуы әлемдік нарықтың негіздеріне тікелей байланысты болып отыр.
Демек, аталған мұнай өндіру көлемінің орындалмауы және қазіргі мұнай бағамдарының әлемдік нарықта тұрақтанбауы «Өзенмұнайгаз» АҚ үшін басты мәселе болып отыр. 
Себебі 2013-2016 жылдар аралығында «Өзенмұнайгаз» АҚ таза ақшалай кірісі бар болғаны 6 млрд.теңгені құрады, ол шамамен компания табысының 0,3% құрайды, мысалы, әрбір 1000 теңгеден компания төрт жылдың ішінде 3 теңге таза ақшалай кіріс көрді. Басқаша айтқанда, аталған қаражат шамамен компания жұмысшыларына бір айда төленетін қаражат көлеміндей немесе бір жылдық индексация көлеміне жетеді.
Мұнай өндіру жоспарының орындалмауына және мұнай бағамдарының төмендеуіне қарамастан компания шығындары жылдан жылға өсуде. Атап айтқанда, монополиялық қызметтер тарифтерінің өсуі заңнамалар арқылы реттелсе (ол 2016 жылғы мұнай өндіру шығындарының 11% құрады), персонал шығындарының және еншілес мекемелер тарифтерінің өсуі жыл сайынғы индексацияға байланысты болып отыр (ол 2016 жылғы мұнай өндіру шығындарының 70% құрады, оның ішінде 52% персонал шығындары, 18% еншілес мекемелер шығындары).  
Шығындардың өсуі бұдан ары жалғаса беретін болса, егер дер кезінде тиісті шешімдер қабылданбайтын болса, оның ішінде ең бастысы өндірістік және қаржылық тиімділік арттырылмаса, компанияның қаржылық болашағы аса қиын болуы мүмкін деген болжамымыз бар.     
Жоғарыда айтылғандай, мұнай бағамдары әлемдік нарыққа тәуелді болса, компанияның барлық шығындарын жабу үшін мұнай баррелінің құны кемінде 60 долларды құрауы қажет, өкінішке орай, 2017 жылдың бірінші жарты жылдығында бұл көрсеткіш төмен болып отыр.
2016 жылдың қорытындысы бойынша орташа мұнай бағамы 44 долларды құрады, компанияның қаржылық есебі бойынша таза ақша ағымы 34 млрд.теңгені құрады. Бұл көрсеткіш «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-ы тарапынан тікелей көрсетілген келесі қолдаулар арқылы жүзеге асқан болатын:
• мұнай өндіру процессингі арқылы, ішкі нарықтағы мұнайдың сатып алу бағасын көтеру,
• пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша жеңілдікті алу және қосымша құн салығын қайтару арқылы.
«ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ тарапынан қаржылай қолдау болмаған жағдайда таза ақша ағыны минус болар еді. Бұл дегеніңіз өзін-өзі қаржыландыра алмаған компания банкроттық жағдайға түсті деген сөз.

ҚАРЖЫЛЫҚ ҚИЫНДЫҚҚА ҚАРАМАСТАН ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙ НАЗАРДА ТҰР
Қаржылық тапшылыққа қарамастан «Өзенмұнайгаз» АҚ жұмыскерлерінің әлеуметтік жағдайы және орташа еңбекақы мөлшері жоғары деңгейде.
Еншілес кәсіпорындарының да қызметтік тарифтерін жыл сайын «Өзенмұнайгаз» АҚ көтеріп келеді. Мысалы, 2017 жылға «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Жаңаөзен қаласында орналасқан еншілес кәсіпорындарының тарифтері көтерілген болатын. Ол «Өзенмұнайгаз» АҚ үшін 1,6 млрд. теңге көлемінде қосымша шығын.    
Сол себептен 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында «Өзенмұнайгаз» АҚ өндіріп отырған мұнайдың өзіндік құны бір тоннаға 43,8 мың теңгені құрады, ол Қазақстан бойынша басқа мұнай өндіруші компанияларымен салыстырғанда орташа деңгейден жоғары болып отыр.
Сонымен қатар, компания Ұжымдық шартта көрсетілген әлеуметтік кепілдемелерді толығымен орындап келеді. Жұмысшыларға жыл сайын Қазақстан аумағында орналасқан сұранысқа ие, алдыңғы орындағы шипажайларға жолдамалар тегін берілуде. Компания, балалар демалысын ұйымдастыру аясында Сочи, Алматы қалаларына және Кендірлі аумағында орналасқан демалыс орындарына тегін жолдамалармен қамтамасыз етіп келеді. Жұмысшылар мен олардың отбасы мүшелерін медициналық сақтандыру шығындары компания есебінен жүргізілуде. 
Олардың өндіріс басындағы тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Асханалар мен тұрмыстық шаруашылық кешендер құрылысымен қатар, жаңарту бағытында әлеуметтік және өндірістік нысандарды жөндеу жұмыстары жалғасуда. Мәселен, 2017 жылы аталған жұмыстарға 464 млн.теңге көлемінде қаражат қарастырылған.
Жыл сайын компания өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға да елеулі үлес қосып келеді, атап айтқанда, пайдалы қазбаларды өндіру келісім-шартына сәйкес компания жыл сайын Маңғыстау өңіріне 900 млн.теңге көлемінде қаражат бөліп отыр. Бұл қаражаттың 750 млн. теңгесі Жаңаөзен қаласына, 150 млн. теңге Қарақия ауданына бөлініп тұр. Жаңаөзен қаласы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, аталған қаражат есебінен 2016 жылы Кендірлі аумағынан қала тұрғындары мен қонақтарына арналған ашық жағажай орны қолданысқа берілді. Бұдан өзге жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы игі істер өз жалғасын табуда.

АЛДАҒЫ ЖОСПАРЛАРДЫ АБЫРОЙЛЫ АТҚАРУ – ОРТАҚ МІНДЕТ! 
Геологиялық барлау жұмыстары бағытында Өзен-Қарамандыбас кенорындарының іргелес аумағында жер қойнауын пайдалану құқығы алынған болатын. Келісімшарт аясында компанияның мұнай қоры көлемін өсіру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 550 шаршы шақырым аумақта жүргізілген далалық сейсмикалық барлау жұмыстары мәліметтерін өңдеу жалғасуда. Алдағы уақытта геологиялық қорды нақтылау жұмыстары да жүргізілетін болады. Себебі, соңғы жылдарда орын алып отырған жаңа скважиналарды бұрғылау жұмыстары нәтижесі 40 пайызға төмен болып отыр (жоспарланған дебитке жетпегендіктен). Бұл жұмыстардың мақсаты барлық қабат бойынша геологиялық қорды анықтау, геологиялық модельді жаңарту бағытындағы жұмыстарға және жоспарланып отырған кешенді іс-шараларды тиімді орындауға оң серпін беретіндігі жоспарланған.
Қабат қысымын сақтау жүйесіне қолданылатын суды дайындау және химияландыру бағытында да кешенді жұмыстар жүргізілетін болады. Өзен және Қарамандыбас кенорындарын игеру қабат қысымын сақтау арқылы жүргізілуде. Қабат қысымын сақтау мақсатында ілеспе және теңіз сулары қолданылады. Қазіргі таңда, қабаттан өндірілген ілеспе судың қабатқа қайта айдау кезіндегі дайындығының төмен сапада болуы, сонымен қатар қосымша пайдаланатын теңіз суының дайындықсыз қабатқа айдалуы салдарынан туындайтын біраз мәселелер орын алуда. Аталған жағдайлардың нәтижесінде мұнаймен қаныққан қабаттардың табиғи сұйық өткізгіштік қасиеттері төмендеп, коррозия, механикалық қалдықтар, тұздың  тұну мөлшерінің ұлғаюы және басқа да зиянды факторлар кенорындарды игеру кезінде кері әсерін тигізуде. 
И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік университеті мамандарымен ақылдаса отырып, бұл мәселелерді түбегейлі шешу үшін әлемдегі үздік Shell британдық-нидерландық мұнай-газ компаниясы мен Италияның ENI ірі мұнай компанияларының тәжірибесін қолдану жоспарланып отыр. Яғни химиялық қоспаларды қолдану арқылы қабат қысымын сақтау жүйесіне арналған судың сапасын жақсарту және жетілдіру.
Сонымен қатар мұнайды дайындау жүйесіндегі №1, 2 мұнайды судан алдын ала айыру қондырғылары модернизациялау жоспарланып отыр. 
Арнайы техникаларға қызмет көрсету сапасын жақсарту және пайдалану коэффициенті көрсеткіштерін арттыру бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілетін болады.
Қазіргі таңда, өндірістік құрылымдық басқармалар құрамында 1 471 автокөліктер мен арнайы техникалар қызмет көрсетіп келеді. Бағдарламаға сәйкес, арнайы техникаларды жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетін болады, 5 жылдың ішінде шамамен 646 дана автокөліктер мен арнайы техниканы жаңарту жоспарланып отыр. 2016 жылы 50 дана, 2017 жылдың бірінші жарты жылында 14 арнайы техника алынды, жыл соңына дейін 110 арнайы техника алу жоспарланған. Сонымен қатар, 1000 орындық автосервис орталығы құрылысын жалғастыру көзделуде.
Кенорын бойынша скважиналардың жөндеу аралық кезеңін ұзарту бағытында да төрт кезеңнен тұратын кешенді іс-шара жоспарланып отыр, яғни жерасты жабдықтарының (тереңдік сораптар, шыбықтар, сораптық компрессорлық құбырлар) сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар, жаңа технологиялар мен химиялық ингибиторларды қолдану оң жолға қойылмақ.  Электроэнергиясын тиімді пайдалану және оқшаулау бағытында, кенорын аумағында екі 50 МВт автономды газдытурбиналық энергостанция құрылысын бастау жоспарланып отыр. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасақталғаннан соң, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ инвестициялық комитетіне ұсынылып, жоба құрылысын бастап кетеміз деп отырмыз.
Кенорында өндіріліп отырған мұнай мен дайындалған мұнай көлемінің арасындағы 34 пайыздық ауытқуды азайту және геолого-техникалық шаралардың тиімділігін нақты анықтау мақсатында, кенорын автоматтандыру жүйесін жаңарту бағытында да кешенді жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда өндірілген сұйықтың шығыны есептеу тораптарында НОРД турбиналық шығынөлшегіштермен бақыланады, алдағы уақытта оның орнын королисті шығынөлшегіштермен ауыстыратын боламыз.
Бұл дүниеде ең жаманы – бейқамдық. Біз өмір сүріп отырған уақыт жайбасарлықты көтермейді. Ендеше, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып, жұмылып жемісті еңбек еткенде ғана жетістікке жетіп, Өзен кенорнының гүлденуіне үлесімізді қосамыз. Еңбек қауіпсіздігін сақтай отырып, өндірістің дамуына еңбек сіңіру – әрбір қызметкердің міндеті!
Алып кенорынның гүлденуі – Сіз бен Біздің өміріміздің гүлденуі мен ел экономикасы дамуының кепілі!

Мақсат Ибағаров, 
«Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының транспорт және әлеуметтік сұрақтар жөніндегі орынбасары

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх