‘‘Эмбанефть’’ тресі – алғашқы жылдар

‘‘Эмбанефть’’ тресі – алғашқы жылдар
26.07.2017
1300
Өндіріс

‘‘Эмбанефть’’ тресі – алғашқы жылдар

Газетіміздің алдыңғы сандарында жазып өткеніміздей, 1899 жылдың қараша айында Атырау облысы, Жылыой ауданына қарасты Қарашүңгіл алаңындағы №7 ұңғымадан мұнай фонтаны атқылап, тәулігіне 20 тоннадай мұнай берді. Бұл бүгіндері бүкіл дүние жүзіне мәлім болған Қазақстан мұнайының алғашқы тамшылары еді. Ембіде мұнай өнеркәсібінің нағыз қанат жаюы Кеңес өкіметі жылдарында болды десек, бұл бұрынғы тарихи топшылау емес, ақиқат шындық.

Ембі өндірістері 1920 жылдан бастап  қалпына келтіріле бастады. Сол жылы Гурьевте мұнай комитеті ұйымдастырылды. Комитет басқармасы 1918 жылдан бастап түрлі ұйымдардың қолында кеткен машиналарды, құрал-жабдықтарды, станоктарды тауып, қайтарып ала бастады. Мұнан кейін Доссор, Мақат өндірістері мен Ракушин заводтарын қалпына келтіруге кірісті. Мақат мұнай кәсіпшілігі 1921-1924 жылдары консервацияда болып, сондықтан бұл мезгілде тек қана Доссор мұнай кәсіпшілігі пайдалануда болды. 1917 жылдан бері тоқтап тұрған жаңа советтік Ембі өзінің жұмысын осылай бастады.
Өндірістерді қалпына келтіру жұмысы баяу жүргізілді, техниканы білетін мамандар мен жұмысшылар, қажетті материалдар, құрал-саймандар, әсіресе жұмысшылар үшін азық-түлік өте жеткізіліксіз болды. Тек 1923-24 жылдары ғана Ембіде жағдай өзгеріп, ескі өндіріс алаңдарын бұрғылау жұмысы ойдағыдай жүргізіле бастады. Жаңа қондырғыларды кеңінен пайдалану терең бұрғылауды өрістетуге мүмкіндік берді. Бұл тұста көне галицейлік түйгіштеп бұрғылаудың орнына айналмалы (роторлық) бұрғылау жүзеге асты. Бұл бұрғылау тәсілін ембіліктер әзірбайжан мамандарынан үйренсе де, оны қолдануда Одақта алдына жан салмады. Алғашқы рет айналмалы бұрғылау тәсілі 1926 жылы Доссор кен орнында №301 ұңғымада пайдаланылды. 
1924 жылы Орал-Ембі мұнай қабаттары 70 мың шаршы метрге дейін созылып, 60-қа жуық жер бетіне шығып жатқан мұнайлы алаңдардың бар екені анықталды. (Геолог С.Миронов, Атырау облыстық архиві, іс 146/1/261, 80-бет). 1925-1926 жылдар мұнай өндіру мен бұрғылау жұмыстарын қайта жарақтандыру жылдары болды. Бұл кезеңде өндіріске қуатты электроқозғалтқыштар, тереңдік сораптар, бұрғылау станоктары, тракторлар, жүк автомобильдері келе бастады. 1928 жылдың соңында Ембі мұнай кәсіпшіліктері негізінен терең сорапты қондырғыларды пайдалану арқылы мұнай өндіру әдісімен жұмыс жасады. Компрессорлық әдіспен мұнай өндіру – 15 пайызды құрады. Сондықтан осы кезеңде Ембі мұнай кәсіпшіліктері ең ұтымды жұмыс жасаушы кәсіпшіліктер  болып есептелді. 1918-1928 жылдары Ембіде 1802,5 мың тонна мұнай, оның ішінде 1918 - 145,6 мың тн, 1919 - 26,6 мың тн, 1920 - 30 мың тн, 1921 - 37,4 мың тн, 1922 - 133,9 мың тн,  1923 - 133,1 мың тн, 1924 - 125,8 мың тн, 1925 - 194,9 мың тн, 1926 - 218,1 мың тн, 1927 - 253,5 мың тн, 1928 - 249,8 мың тн мұнай өндірілді.
Газетіміздің өткен санында жазылғандай, бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау өңірінің болашағын жоғары бағалап, сол кездегі атақты ірі мұнайшы-геологтар И.М.Губкин және С.М.Мироновтардың бұл өңірді батыл барлау, жаңа кен көздерін ашып, халық игілігіне жарату мәселелерін ортаға қойып, табанды түрде жүргізген жұмыстары мен ұсыныстарының нәтижесінде Москвадағы Бас мұнай басқармасы (Главка) жанында 1920 жылы сәуір айында «Жайық-Ембі» ауданының мұнай кәсіпшілік басқармасы құрылған болатын. 1922 жылы қазан айында бұл басқарма «Эмбанефть» тресі деп аталып қайта құрылып, оның алғашқы басшысы, революция қозғалысының белсенді қатысушысы Рувим Наумович Фридман (1876-1929) болғанын айтқанбыз. Оның алдына қысқа мерзімде азамат соғысында бұзылған мұнай шаруашылығын тәртіпке келтіру және оны жас кеңес республикасы қызметіне қайта бағдарлау тапсырмасы қойылған болатын. Бұл трест 1924 жылға дейін Москвада болып, кейін Гурьевке қоныс аударды. Трестің құрамына Ембінің мұнай кәсіпшіліктері мен мұнай айыру заводтарынан басқа сол кезде толық қуатында  пайдаланылмай тұрған  Ярославль облысының Константиновск және Нижний Новгород облысының Варинск мұнай өңдеу заводтары кірді. Осындай шараларды іске асыру арқылы Трест бүкіл Ембі мұнайын өз күштерімен қайта өңдеп, жылына 3,5 миллион сом таза пайда түсіруге қол жеткізді.
Сонымен қатар «Эмбанефть» тресі Атырауды мұнай кәсіпшіліктерімен жалғастыратын жолдар салуға кірісті. Доссордан Атырауға дейін тар табанды темір жол салына бастады. Мұның бәрі Ембінің мұнай кәсіпшіліктерінің тез қалпына келтірілуіне көмектесті. 1925-1926 жылдарда Мақат өндірісі қалпына келтірілді. Тек Орал-Ембі босатылғаннан кейін 3 айдың ішінде Халық комиссариаты В.И.Лениннің қолымен осы ауданды игеру жөнінде 4 рет қаулы қабылдады. Бұның ішінде Ембі мұнай қорының көп екендігі және географиялық орналасуының қолайлы екені атап көрсетілген еді. Мұнайдың түрлі сатымен есептелген қоры бұл ауданның зор болашағын көрсетті. Мұнай қабаттарының өнімі Одақтың басқа мұнайлы аудандарымен салыстырғанда анағұрлым мол екендігі анықталды.
Бұл мезгілде Доссордағы 25 га жердің басым көпшілігінің мұнайы алынған болатын және әрбір гектардан 80 мың тоннаға дейін мұнай өндіріліп, бұл өндірілген мұнайдың 10 мың тоннасын алуға 270 метр жер бұрғыланса, Грозныйда 300-400 метрге дейін бұрғыланған еді. 1920-1929 жылдары Орал-Ембі өндірістерінен 1632,1 мың тонна мұнай өндірілді. Бұл Қазан төңкерісіне дейінгі мұнайдан 19 пайызға көп еді. Барлық өндірілген мұнайдың 89 пайызы Доссордан болса, қалған 11 пайызы Мақаттан өндірілді. Төңкерістен бұрын мұнай тек жердің жоғарғы қабаттарынан алынды. Ал төменгі қабаттар (юра, пермотриас) барлаусыз қалып қойып отырды. Сондықтан да «Эмбанефть» тресінің Мақат өндірісін қайта барлап, бұрғылауынан кейін 1928 жылы Мақаттың пайдалану қорындағы ұңғылар саны 80-ге жетті. 
1927 жылы ақпандағы Бүкілодақтық халық шаруашылығының мұнай өндірісі кеңесінде Орал-Ембі мұнайлы өндірісін дамыту жөнінде әдейі қаулы қабылданды. Тұжырымды, әрі жүйелі барлау және зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін Орал-Ембі мұнайлы өндірісі 6 аймаққа бөлінді. Олар: Доссор-Орталық, Оңтүстік, Новобогат, Иманқара, Терісаққан және Темір аймақтары. Доссор аймағына Сағыз өзені бойындағы мұнай алаңдары мен оның терістігіндегі газ алаңдары, ең оңтүстік шетіне Матенқожа кірді. Бұл аймақта Доссор мен Мақаттан мұнай өндіріліп, оған таяу жерде Ескене, Сағыз, Байшонас, Тентексор, Бекбике т.б. мұнайлы алаңдар болды. «Эмбанефть» тресі Мақат-Доссордағы база, құрал-жабдықтарды пайдаланып, бұл аудандардың таяу уақыттағы барлау жұмыстарын тездетуді жоспарлады. Оңтүстік аймаққа Жем (Ембі) өзенінің оңтүстігіндегі, сондай-ақ осы өзеннің төменгі жағындағы Қарашүңгіл, Қаратон, Мұнайлы, Қосшағыл, Төлес т.б. алаңдар жатты. Новобогат аймағына сол уақыттағы белгілі болған Жайық өзенінің батыс жағы, Каспий теңізі жағалауындағы қос өзен аралық мұнай алаңдары кіреді. Бұл маңда төңкеріске дейін барлау жұмыстары жүргізіліп, тек №1 – Новобогаттан жеңіл мұнай алынған болатын. 
Иманқара аймағына Иманқара тауының маңындағы мұнайлы алаңдар жатқызылды. Бұл жерлерде төңкеріске дейін елеулі барлау жұмыстары жүрген жоқ еді. Тек мұнай бар деген жорамалдар мен жер бетіндегі азды-көпті мұнай сіңіп, қатып қалған асфальт-битумды құмдардың белгілері болды. Терісаққан аймағына Дөңгелексор және Сағыз өзенінің жоғарғы жағы мен Жем өзенінің орта шеніндегі 15-ке жуық аз зерттелген алаңдар жатқызылды. Темір аймағына Кейкібас, Итассай, Мартек, Орынбор-Ташкент теміржолына жақын жатқан алаңдар енді. Бұл теміржолға қажетті материалдар мен барлау құралдарын жеткізуге үлкен септігін тигізді. Аталған аймақтардың ішінде іздестіру, барлау жұмыстарын жүргізуге қолайлысы – Доссор, Новобогат, Темір және Оңтүстік аймақтар болды.
В.И.Лениннің инициативасы бойынша Александров-Гай-Ембі теміржолы салына бастады. Сол кездің өзінде-ақ Ембі кәсіпшіліктерінен Волгаға дейін мұнай құбырын салу міндеті алға қойылды. Бірінші бесжылдықтың басталуына дейінгі негізі күш бұрынғы кәсіпшіліктерді қалпына келтіруге және ескі екі кәсіпшіліктің – Доссор мен Мақаттың алаңдарынан мұнай өндіруді одан әрі дамытуға бағытталды. 1928 жылы Ембіде мұнай өндіру көлемі 1920 жылмен салыстырғанда 8,3 есеге өсті. Мұнай өндіру көлемі жөнінен сол кезде Ембі одақ бойынша 4-ші орында болды. Сөйтіп одақта өндірілетін мұнайдың 2,1 пайызын берді. 1923-1924 жылдары  мұнай өнеркәсібі мемлекет меншігіне айналғаннан кейін, тұңғыш рет Ембідегі жұмыс істеп тұрған кәсіпшіліктерде жаңа ұңғыларды үздіксіз бұрғылау және жаңа кендерді барлау, бұрғылау жұмыстары басталды. Бірінші бесжылдық басталғанға дейін бұл жұмыстар алдымен ескі Доссор мен Мақат кәсіпшіліктерінің алаңдарында жүргізіліп, ал терең бұрғылаумен тек 8 кен орны ғана барланды. Мұның өзінде сол кезде жүргізілген бұрғылау жұмыстарының жалпы көлемінің тек 22,1 пайызы осылардың үлесіне тиді.
Барлаудың жоғары өнімді геофизикалық әдістері тұңғыш рет Ембіде 1925 жылы қолданыла бастады. Кеңестер Одағында бірінші рет геофизикалық әдістің гравиметрия түрі Доссорда өмірге келген-ді. Сондықтан біз Доссор-Ембі геофизикасының кіндік кескен жері деп мақтаныш етеміз. Алайда, мұнай өндіру мен бұрғылаудың кең өрістеуіне энергетикалық және механикалық базалар қуатының мүлдем жеткіліксіздігі мен мұнайшы мамандардың жетіспеуі кедергі келтірді. Мұнайлы Ембінің онан әрі дамуы жергілікті жұмысшы кадрларын даярлаумен тікелей байланысты болды. 
1921 жылы өткен ВКП(б) X съезі жұмысшы кадрларды даярлау бағытында мектептер мен курстар жүйесін жоғарғы дәрежеде дамыту мәселесін алға қойды. 1924 жылы Доссорда бірінші рет ФЗО ашылып, ондағы оқитын оқушылардың 50 пайызы жергілікті кадрлар болды. Нәтижесінде, 1928 жылдың аяғында жергілікті жұмысшы кадрлардың саны 5 пайыздан 51 пайызға дейін өсті. ФЗО-ны бітіріп шыққан көптеген жастар техник, инженер мамандықтарын алып, кәсіпшіліктерге жіберілді. Мұның бержағында, елді сұйық отынмен және жанар-жағар май материалдарымен қамтамасыз етуде Ембі мұнайының орасан зор маңызы болды. Елдің шеткері аймағында орналасқан Бакуден, Грозный мен Майкоптан Ембі кен орнының ерекшелігі мынада еді: біріншіден, ол өзінің географиялық жағдайына қарай, одақтың Европа мен Азия бөліктерін мұнай өнімдерімен жабдықтап отыру үшін екі жаққа да қолайлы болды; Ембі кенінің екінші артықшылығы, одақтың басқа мұнайлы аудандарына қарағанда, мұнда мұнайдың тайызырақ жатқандығында және жерінің анағұрлым оңай бұрғыланатындығында еді. 
Доссор, Мақаттағы ұңғылардың орташа тереңдігі Баку ауданындағыдан 2,4 есеге, ал Грозныйдағыдан 3 есеге тайыз болды.  Осының бәрін Ембідегі мұнайдың потенциалды қорының орасан көптігі толықтыра түсті. Бірінші бесжылдық басталғанға дейін бұл ауданнан мұнай кендері тіркес жатқан 300-ден астам тұз күмбездері табылды. Сол кезде Ембіні зерттеген білікті геологтар осы тұзды күмбездердің көпшілігі өнеркәсіптік мұнайлы-газды болады деп жорамалдады. Ембінің болашағын академик И.М.Губкин өте жоғары бағалады. «Ембі облысы, – деп жазды ол, – геология жағынан әлде де толық зерттелмегенімен және осыған қарамастан ол өркендеуіне қолайлы жағдай туса, өзінің өндірістік қуаты жөнінен Баку, мұнайлы ауданымен теңдесе алатын, аса бай мұнайлы аудандардың бірі». Ембі кенішінің бұлардан басқа, үшінші бір маңыздырақ артықшылығы – мұнда өндірілетін мұнай сапасының жақсылығында. Мысалы, Доссордың майлы мұнайы өте сапалы шикізат, онан Баку мұнайымен салыстырғанда арнаулы мұнайлар 6-7 есе көп алынады. 
Көрнекті ғалым Иван Михайлович Губкин (1871-1939) 10 жылдан артық Волга-Орал өңірі аумағының мұнайлы қасиеттерімен танысу жұмыстарымен тікелей айналысты. Тірі кезінде «одақтың басты мұнайшысы» даңқын алған ол, Каспий теңізінен солтүстікке және оңтүстікке созу, аумақты мұнайлы аудан базасында «Екінші Баку» құру пікірін тұжырымдады. Осыған байланысты айырықша үміттер жиырмасыншы жылдар аяғында жоғарыда айтылғандай, үш жүзден артық күмбездері анықталған Батыс Қазақстанға жүктелді.

(Мақаланы газетке дайындау барысында «Қарашүңгілден Теңізге дейін», «Қазақстан мұнайының қайнары», «Ембі мұнайы 100 жылда», т.б. кітаптар, архив деректері  пайдаланылды).

Бағыт Сматуллин, «Ембімұнайгаз» АҚ ардагерлер кеңесі төрағасы 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх