Жақсы адам...

Жақсы адам...
27.06.2017
894
Қызметкерлер

Жақсы адам...

№4 Мұнай-газ өндіру басқармасының №6 Мұнай-газ өндіру кәсіпшілігі 21 топтық қондырғы шебері Мұрат Бөлекбаев туралы аталмыш басқарманың кәсіподақ төрағасы Ибайдулла Әмелов «Мұрат ағаның бір ғана анықтамасы бар. Ол – жақсы адам», – дейді.

Біз мұнай саласында сан жылдар бойы абыройлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шығып жатқан жақсы адам туралы газетімізге мақала жазуды жөн санадық. Ол өзінің мұнай саласындағы еңбек жолын қарапайым мұнай өндіру операторы болып бастаған болатын...
«Ол кездегі мұнайшылардың әлеуметтік жағдайының төмендігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мәдени үйшік деп аталатын лашығымызға екі адам қатар келіп қалсақ, айнала алмай қалатын едік. Арнайы киім деген нәрсе түсімізге де кірмепті. Қысқы күпәйке бергенін білемін. Оның өзі өте ауыр болатын. Сәл ылғал тисе, мақта салынған сырт киім зілдей болып, денеңді төмен тартатын. Асханадағы тамақ сапасы туралы сөз қозғамай-ақ қояйын... Небір күндер өтті ғой... Қазір заманауи үлгідегі нысанда отырмыз. Кондиционер бар, тоңазытқыш жұмыс жасап тұр, сүт, су уақытында жеткізіледі. Тіпті ауыз толтырып айтатындай проблема жоқтың қасы... Тек барлық күш-жігеріңмен еңбек ет. 
Топтық қондырғыдағы әрбір оператор жұмыс жасап тұрған 31 скважинаның жай-күйін өзінің бес саусағындай білуі тиіс. Өзімнің ізімді басып келе жатқан аға оператор Алмас Жауғаштиев екеуміз жұмыс барысында туындаған мәселелерді кеңесіп, тез шешіп отырамыз. Өнімі түсіп кеткен скважинаның себебін анықтамайынша, жанымыз жай таппайды. Жанашырлық болмаған жерде,  өнім де болмайды. Жақында ұжымымызға аутсорсинг тәсілімен Азамат Рахметов деген жас маман қабылданған болатын. Міне, сол баланың жұмысқа деген ұмтылысы жақсы. Слесарь-жөндеуші болып жұмыс жасап жүрген Сағындық Тұрғанбаев та жұмыс десе, құлшынып тұрады. Бұл мені қуантады. Осы ғұмырымның ішінде еңбексіз байлық келмейтінін түсіндім. Жастарымыз жұмыс орнын бағалай білуі керек. «Алтынның қолда барда қадірі жоғы» рас. Әйтпесе, қанша адам компанияға жұмысқа кіруді армандап жүр десейші. Жас кезінде адам  күннің өткеніне малданбай, ізденіп, өзін-өзі жетілдіретін болса, нұр үстіне нұр болар еді!» – дейді зейнеткерлікке кетіп бара жатқан аға мұнайшы.
№6 Мұнай-газ өндіру кәсіпшілігінің бастығы Дәрібай Сарыбаев әріптесі туралы «Мен бұл кісімен 2004 жылдан бері бірге жұмыс жасап келемін. Тіпті зейнеткерлікке де қимай шығарып салып тұрмыз. Ол айтары мол, ниеті ақ, тілегі адал жан. Біз зейнеткерлікке кетіп бара жатқан Мұрекеңді кезек-кезек үйімізге шақырып, қонақ етіп жатырмыз. Қазақтың «жақсыда жаттық жоқ» деген нақылы дәл осы кісіге арналып айтылса керек-ті», – дейді.
«Рашид Сәтмағамбетов, Жақсығұл Айтмұратов, Асылбек Айтмамбетов деген өз ісінің шеберлерімен жұмыстас болдым. Асылбектің ұжым арасындағы беделі жоғары болды. Асылбек айтса, ұжым жұмыстан соң да қалып, жарылған құбырды іске қоспай үйлеріне кетпейтін. Жұмысты да жан-тәнімен беріле жасайтын», – деп мұнайшы аға өндіріс қазанында бірге қайнаған үзеңгілес әріптестерін ризашылықпен еске алып өтті.
Өмір бойы ел үшін еңбек еткен қарапайым еңбек адамы «Өмірде өз маңдай теріңмен нәпақа тауып жегенге не жетсін!» – деп түйіндейді сөзін. Өзгеге жамандық тілемеген, жүрегі таза, ойы ақ адамның бір бәсі қашанда артық!

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх