«Мен бақыттымын!» атты ән фестивалі өтті

«Мен бақыттымын!» атты ән фестивалі өтті
27.06.2017
166
Әлеумет

«Мен бақыттымын!» атты ән фестивалі өтті

Биыл қазақ мұнайының «қара шаңырағы» «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының құрылғанына 95 жыл! Осы мерекенің аясында көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Балаларды қорғау күнімен басталатын маусым айын ембілік мұнайшылар үлкен шарамен бастады. Мұнайшылар балаларының арасында «Мұнай өндірісі – бала көзімен» атты жас суретшілердің байқауы өтті. Атырау облысы бойынша мүмкіншілігі шектеулі балалардың қатысуымен «Жан жылуы» атты қайырымдылық шарасы өз деңгейінде өтіп, оған 350-ге тарта бала қатысты. Одан кейін «Мен бақыттымын!» атты ән фестивалі өтті. 

Өнер фестивалінде балалар үйінің, «Шаңырақ» балалар ауылының тәрбиеленушілері, мүмкіндігі шектеулі барлығы 8 өнерлі бала мен Компанияға қарасты басқармалардың мамандары бірлесе ән айтып, өзара сынға түсті. Айта кетерлігі, басқармалар жас өнерпаздарға жан-жақты қолдау білдірді. Шараға Компания қызметкерлері, ата-аналар, балалар үйі өкілдері қатысты. 
– Аталған датаның балаларға арналған шаралармен басталуының өзіндік мәні бар. Балалар – біздің болашағымыз, сондықтан бәрі де балалар үшін. Айта кету керек, компания мұнайлы өңірдегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды, қоғамдық ұйымдарды үнемі өз қамқорлығына алып келеді, – деді шараның ашылу салтанатында «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Ануар Жақсыбеков.  


Ән фестиваліне қатысушылар өз жұптарымен бірлесіп сахнаға көтерілді. Алғаш боп «Сәлем, саған туған жер» әнімен Альбина Джумиева және Компанияның Орталық аппаратының аға бухгалтері Мәди Бексейітов шықты. Альбина «Жас жұлдыз», «Жұлдыз-ай» атты әншілер байқауларының лауреаты. Гитара аспабында шебер ойнайды, оқу озаты. Өскенде эстрада әншісі болуды армандайды. Келесі орындаушылар Айжан Қайыржанқызы және «Ембімұнайэнерго» басқармасы арнаулы техника және автотранспорт колоннасының көлік жүргізушісі Талғат Мырзағалиев «Анашым, қартаймашы» әнін орындады. Айжан республикалық «Бала даусы» ән сайысына қатысқан. Айнұр Дүйсеш және «Қайнармұнайгаз» басқармасы Кәсіподақ комитетінің бухгалтері Әділет Доспосынов «Мектебім» әнін айтты. Қолы шебер, неше алуан бұйымдар жасай білетін Айнұрдың арманы сахнаға шығу еді, оған да қол жеткізді. 
Былтыр Атырауда өткен «Ұлы Дала баласы» жобасымен келіп, театрда ән салған, әнші Төреғали Төрәлімен бір сахнада дуэт айту құрметіне ие болған атыраулық бүлдіршін Нұрсұлтан Құрманбаев және «Жайықмұнайгаз» басқармасы ұңғымаларды жөндеу шебері Сержан Мажитов көрермендерге «Төрешім» әнін ұсынды. Келесі өнерпазымыздың аты өте әдемі – Аяулым! Ол қолөнермен айналысады. Вокалдық ансамбльде ұрмалы-соқпалы аспаптарда ойнайды екен. Бірақ арманы каратэмен айналысу. Аяулым Төлепберген өндірістік техникалық қамту және жабдықтармен комплектациялау басқармасының көлік жөніндегі механигі Тазагүл Калимовамен бірге «Аналардың тілегі» әнін шырқады. 
Ал, Толғанай оқу озаты, домбырада ойнағанды, ән салғанды қатты ұнатады. Толғанай Жастілекқызы және «Жылыоймұнайгаз» басқармасы мұнайшылар жатақханасының коменданты Зәмзия Мирманова атақты «Отырардағы той» әнін орындады. Одан кейін сахнаға көтерілген Альфия Тілекқабыл мен «Доссормұнайгаз» басқармасы Солтүстік Жолдыбай кен алаңы мұнайшылар жатақханасының коменданты Айсұлу Мантаева «Земля моя» әнін нақышына келтіре орындап шықты. Альфияның дауысы ерекше. Астана қаласында «Жұлдыз-ай 2017» фестиваліне қатысқан ол сол сайыста 3-орынды иеленіп, лауреат атанған. Ән фестивалінің қорытындысы ретінде «Мама» әнімен «Шаңырақ» балалар үйінің бүлдіршіні Оксана Аканова мен «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Рысты Тасмағамбетова сахнаға көтеріліп, көптің көңілінен шықты. Өнерпаздардың бәріне де көрермендер қызу қолдау білдіріп отырды. Әрбір әнге арнайы бейнероликтің көрсетілуі де өзінше мән қосып отырды. 
Осылайша, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының 95 жылдығына арналған «Мен бақыттымын!» атты ән фестивалі мәресіне келіп жетті. Алайда әділқазылар алқасы өнерлі балаларды түгелдей жеңімпаз деп таныды. Балалардың бәріне Мақтау қағазы мен Планшет табыс етілді.

Аяулым Төлепберген, 9 жаста:
– Бізге осындай фестиваль ұйымдастырған Компанияға рахмет айтамын. Меніңше, бәрі жақсы өткен сияқты, үлкен әсер алдым.

Айжан Қайыржанқызы, 12 жаста:
– Осы шараға мені дайындаған жандарға, ұстазым Жұлдыз Бердіғалиға және Компанияға рахмет. Үлкендермен қосылып ән айту үлкен армандарға қанаттандырды.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх