Прорвада жаңа зауыт іске қосылды

Прорвада жаңа зауыт іске қосылды
27.06.2017
549
Өндіріс

Прорвада жаңа зауыт іске қосылды

Өндірісті жан-жақты дамыту және жаңа технологияларды енгізу бүгінгі заман талабы. Үнемі осы үрдістен табылып келе жатқан «Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты Прорва тобы кен орындары аумағында маусым айының 16-сы күні жаңа зауыт – газды кешенді дайындау Қондырғысы іске қосылды. Өндіріс үшін маңызды нысанның ресми ашылу салтанатына «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Сауат Мыңбаев, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ Бас директоры Құрманғазы Есқазиев, «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Ануар Жақсыбеков, БАҚ өкілдері және Компания қызметкерлері қатысты. Шараның ашылу салтанатында лента қию рәсімі Сауат Мыңбаев пен Ануар Жақсыбековке тапсырылды.

– Биылғы жылы Ембінің 95 жылдығы аталып өткелі отырған мерекемен барлық мұнайшыларды, соның ішінде жылыойлықтарды құттықтаймын. Алғаш Қарашүңгілден басталып, жүз жылдан аса мұнай өндіріп келе жатқан Ембінің болашағы зор. Соның бір куәсі бүгінгі осы газды кешенді дайындау қондырғысы. Жобалық қуатына кіріскеннен кейін, Компания қатарынан бірнеше міндеттерді шешеді. Ең алдымен, «Ембімұнайгаз» алауларда ілеспе газды жағуды тоқтатады, ал оның аймақтағы қоршаған ортаға және жақын орналасқан Жылыой ауданы тұрғындары үшін маңызы өте зор. Бұл үлкен жұмыс. Сіздердің жетістіктерге жете берулеріңізді тілеймін, – деп атап өтті құттықтау сөзінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Сауат Мыңбаев.
«Ембімұнайгаз» АҚ газ жобалары бойынша департамент директоры Бауыржан Сейтқазиевтің айтуынша, әлемде осындай 166 газды дайындау қондырғысы бар. Соның ішінде аталған жоба Қазақстанда тұңғыш рет жүзеге асырылып отыр. Қондырғы Атырау облысы, Жылыой ауданы Прорва тобы кен орындарындағы (С.Нұржанов, Батыс Прорва, Ақтөбе, Досмұхамбетов) ілеспе мұнай газын кәдеге жаратуға арналған. Қуаттылығы жылына 150 млн. м3 Қондырғының құрылысы 2014 жылдың жазында басталды. Қондырғының ерекшелігі сол, Қазақстанда алғаш рет күкірт алу үшін MERICHEM фирмасының LO-CAT патенттелген технологиясы қолданылып отыр. Аталған технология экологиялық зиянсыз, улағыш химикаттары жоқ және зиянды әсері бар қалдықтарды шығармайды, күкіртсутегін жоюдың тиімділігі жоғарылығын қамтамасыз етеді. Газды дайындаудың барысы толық ароматталған және өндіріс кезінде апатты жағдайларға қарсы бірнеше қорғаныс түрлерін қарастырады. Пайдалануға бергеннен кейін, Қондырғыда тауарлы газ, тауарлы түйіршіктелген күкірт, тұрақты газ конденсаты өндіріледі. Тауарлы газды «Толқын» газ жинау пункті кәсіпшілік газ құбыры арқылы тасымалдау жоспарланып отыр. 
– Жобаны пайдалануға беру біздің Компанияның мерейлі 95 жылдығымен тұспа-тұс келгені қуанышты жағдай. Мұнайлы Ембі жүз жылдан аса уақыт ұлттық экономиканың және аймақтағы әлеуметтік тұрақтылықтың дамуына қомақты үлес қосып келеді. Акционерлік қоғам болып құрылған 2012-2016 жылдар аралығында Компания салық түрінде республикалық және жергілікті бюджетке 625 млрд. теңгеден астам салық төледі, 1,7 млрд. теңгеден астам Атырау облысының инфрақұрылымын дамытуға және 1,7 млрд. теңгеден астам демеушілік пен қайырымдылық шараларына жұмсады. Бүгін біз үшін маңызды сәт. Алдағы екі ай көлемінде Қондырғыны жобалық қуатына бергенге дейін кешенді қосу-реттеу жұмыстары жүргізіледі. Сонан кейін алауды жағу жүз пайыз тоқтатылады, – деді нысанды іске қосу шарасында «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Ануар Жақсыбеков.  


Қондырғы іске қосылғаннан кейін жылына 2,7 мың тонна тауарлық табиғи газ, тауарлық түйіршіктелген күкірт, 4,1 мың тонна тұрақты газ конденсаты өндірілетін болады. Тұрақты газ конденсаты мұнай тұтқырлығын төмендету үшін қолданылады. Осылайша, оны өндіру көлемін арттыру үшін түйіршіктелген күкірт Қазақстанның ішкі және сыртқы нарығына өткізіледі. LO-CAT технологиясы АҚШ-та жасалған және ілеспе мұнай газынан 99,9% күкіртсутек бөлуге мүмкіндік береді. Бұл басқа, ұқсас технологиялардан анағұрлым тиімді. ГКДҚ-ның апат болған жағдайында немесе күрделі жөндеу кезінде ғана іске қосылатын жоғарғы және төменгі қысымды екі алау қондырғысы бар. Кешен апатқа қарсы компьютерлендірілген сенімді бір қорғаныс жүйесіне біріктірілген жетекші американдық, неміс және ресейлік өндірушілердің бақылау аспаптарымен жарақталған.   


Бұл жобаның бас мердігері – «Kerneu limited» ЖШС болды. Жобаның құны 35 млрд. теңге көлемін құрады. Қондырғының құрылысы барысында 500-ден аса уақытша жұмыс орны ашылса, оны пайдалануға бергеннен кейін Қондырғыда Компанияның 100-ге жуық жұмысшысы тұрақты еңбек ететін болады. Бүгіннің өзінде 50-ден аса жас жұмысшы жұмысқа орналасып үлгерді. 
Еске сала кетсек, ЕМГ-де ілеспе мұнай газын кәдеге жарату Бағдарламасы аясында 2014 жылдан бері Салтанат Балғымбаев кен алаңында (Исатай ауданы, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ) және Шығыс Мақат кен орнында (Мақат ауданы, «Доссормұнайгаз» МГӨБ) газды кешенді дайындау Қондырғысы іске қосылып, жұмыс істеп келе жатыр. Бүгінгі таңда ол екі Қондырғы Атырау облысының үш ауданының тұрғындарын қолжетімді бағамен табиғи газбен қамтамасыз етіп отыр.

Қайрат Джанадилов, басқару пультінің операторы:

– Менің бұрыннан мұнайгаз саласында аздаған еңбек тәжірибем бар. Қазақстан-Британ технологиялық университетін бітіргеннен кейін, «СНПС Ақтөбе Мұнай Газ», Атырау мұнай өңдеу зауытында жұмыс жасадым. Менің жұмысымның мәні Қондырғыдағы технологиялық режимді қадағалау. Бұл жұмыстың болашағы бар, сондықтан да осы зауытта жұмыс жасауға мүмкіндік алғаныма ризамын.

Гүлжан НҰРБЕРГЕН, өнімді химиялық талдау зертханашысы:

– Менің осында жұмысқа орналасқаныма 3 ай болды. Орталық Азия университетінің химия-технология факультетін бітірдім. Мұндағы негізгі міндетім – хромотограф құралын, басқа да зерттеу әдістері арқылы газдың құрамын анықтау. Бұған дейін Татарстанның Артемовск қаласында «Татнефть» ресейлік мұнай компаниясының оқу орталығы базасында болып, Макталинский газ өңдеу зауытында тәжірибемізді толықтырып келдік. Осында тұрақты жұмысқа алынғаныма қуаныштымын.

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх