Мұнайшылар ЕХРО-2017 көрмесін тамашалауда

Мұнайшылар ЕХРО-2017 көрмесін тамашалауда
16.06.2017
422
Қызметкерлер

Мұнайшылар ЕХРО-2017 көрмесін тамашалауда

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ өз қызметкерлеріне EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін тамашалау мүмкіндігін сыйлап отыр. Астанада ашылған әлемдік көрмені көру үшін мұнайшылардың алғашқы легі «Ембімұнайгаз»АҚ-нан маусымның 11-і күні Астанаға ұшып келді. «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз», «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармаларының және «Ембімұнайэнерго», «Өндірістік техникалық қызмет көрсету және құралдармен жабдықтау» басқармаларының 145 мұнайшы жұмыскері елорданың көрікті жерлерін аралап, халықаралық көрмені тамашалады. Ауыр өндірісте еңбек етіп, елдің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген мұнайшылар көрмеден үлкен әсер алғандарын айтады. Дамыған елдердің энергияның балама көздерін іздеудегі бағыт-бағдарлары, жетістіктері, жаңа техника мен технология жетістіктері мұнайшыларға өте әсерлі болды.

«Болашақтың энергиясы» тақырыбындағы EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі баламалы энергия көздеріне және «жасыл» технологияға арналды. Бүкіләлемдік көрме 3 айға дейін жалғасатын болады. Оған әлемнің 100-ге жуық елі және 10 халықаралық ұйым қатысуда. Көрмені өткізу кезінде Қазақстанның астанасы әлемнің түкпір-түкпірінен келген түрлі мәдениеттердің үндесетін орнына да айналмақ.


Естеріңізге салып өтейік, 2012 жылдың 22 қарашасында Францияның  астанасы Париж қаласында Халықаралық көрмелер бюросының Бас ассамблеясында құпия дауыс берудің нәтижесінде Қазақстанның елордасы – Астана Бельгияның Льеж қаласын кейінге тастап, 2017 жылғы ЭКСПО көрмесін өткізу мәртебесін жеңіп алған болатын. Қазақстан 1997 жылдан бастап Халықаралық көрмелер бюросына мүше ел болып саналады және ЕХРО көрмелеріне 2005 жылдан бастап қатысып келеді.


Әлемдік көрмені тамашалауға келген біздің мұнайшылар ЕХРО аумағында орналасқан тұрғын жайлардағы апартаменттерге орналасты. Олар өздеріне осы сапар барысында барлық мүмкіндіктерді қарастырып, ұйымдастырып отырған «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ және «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығы мен осы іске атсалысып жүрген ұйымдастырушы қызметкерлерге айрықша алғыстарын білдірді. ҚМГ БӨ еншілес компаниялар жұмысшыларының көрмені тамашалауы алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Роман Сабиров, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ:

– Мен «Жайықмұнайгаз» басқармасында ұңғымалар жерасты жұмыстарының операторы болып жұмыс істеймін. ҚМГ БӨ, ЕМГ АҚ жұмысшыларға ЭКСПО көрмесін тамашалау мүмкіндігін сыйлап отыр. Алған әсерім жақсы.Осындай игі істер жалғасын таба берсін.

Досан Кадиев, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ:

– «Жылыоймұнайгаз» басқармасында оператор болып істеймін. ЭКСПО Халықаралық көрмесін тұңғыш рет көріп отырмын. Астанаға да бірінші рет келуім. Тамаша. Астана өте ұнап қалды. Көп жұмыс жасалған екен. Болашақта одан да жақсы болсын. Компанияның өз қызметкерлері үшін көрсеткен қамқорлығына рахмет. 

Талғат Жүкеев, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ:

– ЭКСПО көрмесі өте ұнады. Жақсы әсер алдық. Жұмысшыларды әлемдік көрмеге әкеліп көрсетіп жатырған «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ-на рахмет айтамыз. Өзім «Жайықмұнайгаз» басқармасында ұңғымаларды жерасты жөндеу операторы болып көп жылдан бері істеймін. 

Жібек Бұхаева, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ:

– «Жылыоймұнайгаз» басқармасында оператор болып істеймін. Еңбек еткеніме 27 жылға аяқ басып барады. Халықаралық көрмені тамашалау мүмкіндігін сыйлаған ұйымдастырушыларға, басшыларға көп рахмет. Бәрі ұнап жатыр. Керемет. 

Манарбек Жақсыбаев, «Ембімұнайэнерго» басқармасы:

– «Ембімұнайэнерго» басқармасында шебер болып істеймін. Астанаға бірінші рет келіп отырмын. Жақсы ұнап жатыр. Көрікті жерлерінде болдым. Көрмеде Сингапур, Америка павильонында болдық. Әрі қарай да қарап жатырмыз. Бәрі ұнап  жатыр. 

Бақтыгүл Ажмағанбетова, «Доссормұнайгаз» МГӨБ:

– Мен Ботақан кен орнында оператор болып істеймін. Астанаға менің де бірінші рет келуім екен. Бәрі керемет ұнап жатыр. ЭКСПО-дан үлкен әсер алдым. Ұйымдастырушыларға көп рахмет. 

Құндыз Исмукашева, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ:

– Арнайы техникада диспетчер болып жасаймын. Халықаралық көрмені бірінші рет көріп отырмын. Біздің осы көрмені тамашалауымыз үшін арнайы сапар ұйымдастырған басшыларға алғысымды айтамын. Бізді өте жақсы қарсы алып жатыр. Көрме өте ұнады. Біраз әлем елдерінің павильондарын көрдік.  

Гүлнар Аязбаева, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ:

– Басқармада жетекші геолог болып еңбек етемін. 25 жылдай еңбек стажым бар. Бізге осындай әсерлі сапарды ұйымдастырған «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ басшыларына үлкен рахмет. Алғысымды білдіремін. Ұйымдастыру жағы өте жоғары. Көңіл күйіміз өте керемет. 

Саламат Бисенов, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ:

– Мен «Жылыоймұнайгаз» басқармасында механик инженер болып істеймін. ЭКСПО-ға, Астанаға бірінші рет келуім. Өте әдемі, жас қала. Компанияның жұмысшыларға жасап жатқан жағдайы керемет. Бәрі ұнап жатыр. Көңіл күйіміз көтеріңкі. Тамашалап тауыса алмай жатырмыз. 

Айзада Айдашева, «Доссормұнайгаз» МГӨБ:

– Шығыс Мақат кен орнында қабат қысымын сақтау операторы болып істеймін. ЭКСПО өте ұнады. Халықаралық көрмеге саяхат-сапарымыз бәрі жақсы өтіп жатыр. Өз жетістіктерімізді мақтаныш етеміз.

Нұрбол Жұмақұлов, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ:

– ЭКСПО деген өте тамаша екен. Қай мемлекеттің де энергия көздері жақсы дамыған. Астанаға бірінші рет келуім. Өте жақсы қала екен. Бәрі ұнады. Өзім «Жылыоймұнайгаз» басқармасында механик болып жұмыс істеймін. Компанияға көп рахмет. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ дами берсін. Жасай берсін!  

Қанатқали Көпбосынов, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ:

– Прорвада механик болып істеймін. ЭКСПО өте жақсы көрме екен. Осы сапарымызды ұйымдастырған басшылыққа көп рахмет. Бәрін қарсы алып, былай айтқанда, аяғымызды жерге тигізбей жатыр.  Бәрі жақсы ұйымдастырылған. Көңіл күйіміз өте жақсы.  

Антон Дятлов, «Ембімұнайэнерго» басқармасы:

– Басқармада сынақтарды реттеу бойынша инженер болып жұмыс істеймін. Халықаралық көрмені, Астананы бірінші рет көруім. Қала өте әдемі, бәрі ұнады. Әсерім көп. Дубай қаласында болғам, сәулет құрылысында ұқсастық жерлер бар екен. Көрмеде өз мамандығыма қажетті материалдарды жинап алдым. Мұнда келе алмаған әріптестеріме көрсетемін. 

Гүлнар Беркалиева, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ:

– Мен ЖМҚС операторы болып істеймін. 30 жылдан бері еңбек етіп келемін. Астананы бірінші рет көріп отырмын. Халықаралық көрмені де бірінші рет көруім екен. Бәрі өте ұнады. Павильондарды аралап жатырмыз. Алған әсеріміз көп. 

Нұржан Қалиев, «Ембімұнайэнерго» басқармасы:

– «Ембімұнайэнерго» басқармасында электр монтері болып жұмыс істеймін. Халықаралық көрме өте ұнады. Жақсы әсер алдық. Көрменің ауқымы өте үлкен екен. 

Айболат Сахатов, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ:

– Мен еңбек қорғау және техникалық қауіпсіздік инженері болып еңбек етемін. ЭКСПО өте ұнады. Адамға әсері күшті екен. Мысалы, адам қолымен жасалған керемет дүниелер қызықтырады. Павильондарға бардық.  Бірнеше елдің салт- дәстүрін, табиғат, жер ерекшеліктерін түсіндірді. Қызықты болды.  

Нұрболат Бисемалиев, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ:

– Мен Астанаға алғаш рет келдім. Халықаралық көрме ұнады. Осындай сапарға жібергендері үшін ұйымдастырушы азаматтарға рахмет айтамын. Өзім «Жайықмұнайгаз» басқармасында 3-ші цехтың сораптық қондырғының машинисі болып істеймін. Көрме, елорда, орналасқан жеріміз бәрі ұнады. Көңіліміз көтеріліп қалды.  

Еркін Жидеғалиев, «Ембімұнайэнерго» басқармасы:

– Прорва электр торабы бастығының орынбасары болып жұмыс істеймін. ЭКСПО ұнады. Астанаға бұрын Целиноград кезінде келгенім болмаса, Астана болғалы келіп тұрғаным екен. Ұйымдастыруы бәрі жақсы. 

Ақылбек Көптілеуов, «Қайнармұнайгаз» МГӨБ:

– «Қайнармұнайгаздан» 15 адамдай келдік. Бәрі ұнап жатыр. ЭКСПО мамандандырылған халықаралық көрмесіне бірінші рет келуім. Ұйымдастырушыларға рахмет айтамын. 

Бердібек Біләлов, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ:

– «Жылыоймұнайгазда» машинист болып көп жылдан бері жұмыс істеймін. Астанаға бірінші рет келіп отырмын. Ауылмен сөйлесіп, фото жіберіп жатырмыз. Тамашалайтын жер көп. Бәрі ұнап жатыр. Ұйымдастырушыларға көп рахмет.

Суреттерде: ЭКСПО көрмесін тамашалап жүрген «Ембімұнайгаз» АҚ мұнайшылары

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх