Өзен мұнайшылары Миланда білімдерін шыңдады

Өзен мұнайшылары Миланда білімдерін шыңдады
16.06.2017
365
Қызметкерлер

Өзен мұнайшылары Миланда білімдерін шыңдады

5 маусым күні Милан қаласында «Өзенмұнайгаз» АҚ 12 инженеріне «Eni» корпоративтік университетінде тренинг-оқудың бірінші кезеңін аяқтағаны туралы сертификаттар табысталды. 

Мұндай игі іс «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ және Италияның «Eni» мұнай-газ компаниясы арасындағы өзара ынтымақтастық шеңберінде жүзеге асып отыр. «Өзенмұнайгаз» компаниясының мұнайшылары жарты жыл бойы геология мен геофизика, қауіпсіздік техникасы, экология, мұнай кен орындарын игеру салалары бойынша білімдері мен біліктіліктерін нығайтты. Қызметкерлер өндірістік оқумен қатар ағылшын тілін де үйренді. Оқу бағдарламасының теориялық бөлігін меңгерген мамандар енді «Eni» корпорациясының өндірістік нысандарында екі ай тәжірибелік тағылымдамадан өтетін болады.  
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Құрманғазы Есқазиев пен «Eni» аға вице-президенті – барлау және өндіру бойынша бас директоры Антонио Велла сертификаттарды салтанатты жағдайда табыстады.  
«Өзара әріптестік қарым-қатынастың арқасында біздің қызметкерлер техникалық мамандықтар бойынша өз білімдерін нығайтып, техникалық дайындықтарын шыңдауға мүмкіндік алды. «Eni» компаниясында қолданылатын мұнай-газ процестерімен, озық тәжірибесімен танысты», – деп атап өтті «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Құрманғазы Есқазиев.  
Өз кезегінде, тәжірибелік курстың қатысушылары «Eni» мамандарының мықты және жоғары кәсіби жұмысына, алған кәсіптік білімдерінің сапасына дән риза. 
Осы жетістіктердің барлығы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Қ.Есқазиев бастаған делегацияның өткен жылдың маусымында «Eni» Президенті Клаудио Дескальцимен және «Eni» аға вице-президенті – барлау және өндіру бойынша бас директоры Антонио Велламен Миланда болған кездесуден бастау алды. «Eni»-дің шақыруымен ҚМГ БӨ делегациясы Италияға барып қайтқан болатын. Ал, өткен жылдың күзінде «Eni» мамандары «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ға қарасты «Өзенмұнайгаз», «Ембімұнайгаз», «Қаражанбасмұнай», «Қазгермұнай» компанияларында болып, өндіріс тынысымен танысты. Өзара әріптестік қарым-қатынас жалғасын табуда.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх