Өрнегі өшпейтін өңір

Өрнегі өшпейтін өңір
29.05.2017
425
Әлеумет

Өрнегі өшпейтін өңір

Осы мақаланы жазуға себеп болған Сағыз поселкесінде бірге оқыған ауылдасым, сыныптасым әрі құрдасым, мұнайшы, қазір зейнеткер Бисенбай Бисенғалиев деген азаматқа шексіз рахметімді айтқым келеді.

Балалық шағымды есіме алсам, қазір ізі де қалмаған Сағыз ауылы көз алдыма кино лентасындай тізбектеле қалады. Қайран, Сағыз ауылы менің балалығымның бұлтсыз аспаны! Әркімнің өз балалығы өзіне қымбат, өзі үшін ерекше арайлы екені хақ. Дәл сол сияқты менің де табаным тиген топырағым өзім үшін ыстық, өзім үшін қымбат. Ол күндерді есіме алу мен үшін тек қана өткеннің естеліктері емес, ол мен үшін өткеннің өнегесі, ата-бабалар алдындағы ұрпақтың борышы деп есептеймін.
Әкем – Сабуғалиев Қажымұрат Гурьев облысы, Тайсойған өңірі, Қызылқоға ауданында туып өсті. 16 жасынан бастап еңбекке араласты, 1941 жылы Сағыз поселкесінде «Ембімұнайгаз» бірлестігінің Сағыз мұнай кен орнында көп жылдары жерасты мұнай көзін зерттеу және жерасты сораптарының жұмысын, сараптап тексеру маманы (операторы) болып жұмыс атқарды. 1955 жылы Гурьев Мұнай техникумында сырттай оқып, еңбектен қол үзбей «Мұнай кен орнының технигі» деген мамандық алды. 1956-1959 жылдары Алматы қаласындағы «Ауыл шаруашылық институтының» механик мамандығына оқып, білім алды. 1960 жылдан 1981 жылдың тамыз айына дейін, сол Сағыз мұнай кен орнында жерасты жабдықтарын жөндеу және мұнай өндіру учаскесінің мастер майталманы болып еңбек атқарды. Отыз тоғыз жыл мұнайшы болып еңбек етіп, 1981 жылы зейнеткерлікке шықты, 1983 жылы  сырқаттан дүние салды.
Анам – Көшербаева Тұрағалы Нұрсейтқызы 1945-1979 жыл аралығында Сағыз мұнай кен орнында ОРС (отдел работников снабжение) мекемесінде дүкенші-сауда қызметкері болып жұмыс істеді.
Балалары Мақсот, Мақсым, Тыныштық, Мақым,  Айгүл және немерелері Марат, Махмут, Қуаныш, Мұрат, Меруерт, Аққуан, Манарбек, Мәдина, Маржан, Мөлдір, Марат, Шынар, Қуантай, Ақмарал бәрі де мұнайшы мамандығын игеріп, мұнай саласында еңбек етуде.
Бір жылы менің әкем Сабуғалиев Қажымұраттың мұнай өндірісіне енгізген өнертапқыштық жаңалығы туралы «Коммунистік жол» облыстық газетке мақала жарияланды. Мақала «Қажымұраттың каналы» деп аталатын. Бірде басыма «Сол канал қандай дүние екен, көрейінші» деген ой келді. Жаныма ауылдың біраз баласын, Бисенбай, Ғалымжан, Сатыбалды, Серік, Сағи деген достарымды ертіп алып, әкем мұнай өндіру шебері, сол учаскенің басшысы болып жұмыс жасайтын үшінші учаскесіне бет алдық. Бұл ауылдан ең алыс учаске болып саналатын жер, тоғыз шақырым Сағыздан. Екінші учаскенің шебері, басшысы Матайбаев Жаңаберген деген ағамыз болатын, сол учаскеден суға қанып алып Қошқар поселкесіне қарай жүрдік. Қошқар поселкесі де мұнай табатын кен орын еді. Уф деп жеттік үшінші учаскеге, көрдік каналды. Канал деп дабырайтып айтқан аты болмаса, біз сияқты балаларға еш түсініксіз, бульдозермен қазылған үлкен, терең, ұзынша су ағатын жыра және су жиналатын тереңдеу қазылған қазан сияқты шұңқыр. Сол шұңқырға бір насостың шлангасы батырылған, оның су айдайтын құбыры скважинаға (ұңғыға) жалғастырылыпты. Әлі ештеңеден хабары жоқ бала болсам да менің көз алдыма осы қарапайым жыра мен қазан шұңқыр кереметтей канал болып елестегені әлі есімде. Қасымдағы балаларға мақтанып: «Әй, қараңдар менің әкемнің жасаған каналына!» – деп мақтанғаным есімде. Бұл не жыра, не шұңқыр, насос неге тұр деген сұрақтар ол бойда менің санама кірмеген болатын, себебі ол кезде сегізінші сыныпта оқитынмын, балалық кез ғой. Есейіп, мұнай саласының маманы атандым. Қазір ойласам, ол ескі мұнай кәсіпшіліктерінде «вторичный метод» деген әдіспен мұнайы сарқылған пластардан «нагнетательный скважиналар» арқылы су айдап, қалдық мұнайды өндіру тәсілі екен. Әкемнің өндіріске енгізген жаңалығы біраз қаржыны үнемдеуге пайдасын тигізген тәрізді. Скважиналардан өндірілген мұнай таза күйінде болмайды ғой, мұнаймен бірге құм да, су да, ілеспе газ да шығады жер бетіне. Осындай қоспаларды (мұнай, су, газ, құм...) бірден скважинадан шыққан бойында бір үлкен қазанға жинайды. Ол қазанның сыртында шыныдан жасалған түтікше болады, қазанның биіктігімен бірдей. Сол түтікшеден қазанның ішіндегі мұнай қанша, төмен қарай отырған мұнаймен ілесіп шыққан суы қанша екені көрініп тұрады. Мұнай өндіруші оператор әбден мұнай мен су ажыратылып болғаннан кейін (тұнғаннан кейін, мұнайы бетіне шығып, суы түбіне тұнады) сол шөккен суды манағы жырамен (әкемнің жасаған каналымен) қазылған қазан шұңқырға ағызады. Қазан шұңқыр суға толған бойда орнатылған 9МГР поршенді насосы (сорап) ол суды нагнетательный скважина арқылы мұнай қабатына айдайды. Ұсыныстың пайдалы жағы су ағатын ұзын құбырдың орнына жыра (канал), жерге көмілетін темір қазанның орнына қазан шұңқыр пайдаланылғаны және скважинадан мұнаймен ілесіп шыққан судың кері пластқа айдалуы ғана. Ол кездер әр нәрсенің де тапшы заманы ғой (темір қазан мен құбырдың жоқ кезі), сондықтан үнемделген қазан мен құбырлардың өзі өндіріске біраз қаржылай пайда әкелгені түсінікті. Осылайша мен әкемнің, «Қажымұраттың каналын» көргенмін. Менің «әкем осындай деп!» – мақтанғаным рас. Сол кездегі майталман мұнайшыларды білетінмін: Сұлтан Тәңірбергенов, Жарылқасын Ержанов, Жабуов Орынғали, Оразалин Құсайын және т.б
Әкем жұмыстан келе жатқанда үнемі ауылдың сыртынан күтіп алатынмын. Ол кезде шамамен 3-4 сыныпта оқимын-ау деймін. Әкем жұмыстан атпен қайтатын, техниканың жоқ кезі, ауыр жұмыстар аттың күшімен атқарылатын, учаске мастерлері, басшылар атпен жүретін, аттарды «гужевой транспорт» деп атайтын. Ол аттарды ауылдың сыртында атқорада ұстайды, жемдейді, суарады, бағады. Ол атқораны конюшня дейтінбіз. Әкемнің өзіне тиесілі әдемі аты болды. Оның есімін де білетін едім қазір ұмытыппын. Әкем жұмысқа сол атпен барады, учаскесін аралайды, ауылға да жұмыстан кейін атымен қайтады. Міне, менің аңдығаным да сол ғой. Сол үшін алдынан шығып, әкемнің атынан түсіп, мені орнына отырғызуын күтіп тұратынмын. Мені мінгізген атын жетектеп, өзі жаяу үйге қайтатын. Атқа мініп келе жатқанда көңілім көкке шалқып, өзімді ертегінің хас батырларындай сезініп келе жататын едім. Үйге келген бойда аттың шылбырын мойнына түріп бос қоя береміз. Ол басқа еш жаққа бұрылып кетпей, атқорасына, жем жейтін, су ішетін, күтім көретін жеріне өзі кете баратын. Шіркін, балалық-ай десеңші! Менің ең бақытты, ең алаңсыз, қамсыз күндерім өткен Сағызымды қалай сағынышпен еске алмайын!
Менің алғашқы ұстазым Қошанов Бердібай ағай тамаша адам болатын. Ер балалардың шашы өсіп кеткенін байқаса болғаны, класта партада отырғаныңда артыңнан келіп желке шашыңнан немесе самай шашыңнан тартып орныңнан тұрғызатын, сөз айтпастан. Ағайдың бұл жасағаны «ертең шашыңды ұстарамен алып келесің» дегені. Сол бойда орныңа отырасын, сабағыңды аяқтайсың, ертеңіне ағайдың алдына басың жарқырап, «жылтыр шеке» болып келесің. Бұл бұлжымайтын заң, екі рет қайталанбайтын, әскери тәртіппен бірдей болатын. Ал мектеп директоры менің туған нағашым Көшербаев Муса ағай еді, үйіне бара қалсаң менің жиенім келді деп асты-үстіңе түседі, мектепте жүргенде танымаған болып өтіп кетеді, ол ісі дұрыс екен, өте қуаныштымын осы азаматтардан тәрбие алғаныма.
Арада қанша жылдар өтсе де, бал дәурен балалығымның әр сәті, сол сәттер өткен Сағыз ауылы күні кешегідей көз алдымда. Ауылымның абзал жандары да, әкемнің жан жолдастары мен анамның көзін көрген құрдастары да, бірге ойнаған достарым мен іргелес көршілерім де, ауылдың қызықты оқиғалары да менің жадымнан бір сәт те өшкен емес. Бұл заңдылық та шығар, өйткені адам баласы үшін өзінің туған жерінен ыстық, одан қымбат не бар, бұл жалғанда?!

Мақсым Сабуғалиев

– Мен, Мақсым Қажымұратұлы Сабуғалиев, 1952 жылы наурыз айының 25-ші жұлдызында Гурьев облысы, Мақат ауданы, Сағыз поселкесінде мұнайшылар отбасында дүниеге келдім. 1974 жылы Алматыдағы В.И.Ленин атындағы «Қазақ политехникалық институтының» мұнай факультетін тәмамдап, «Тау кен инженері» деген мамандық алып шықтым. Жолдама бойынша «Маңғышлақнефть» бірлестігінің «Өзенмұнайгаз» өндіру басқармасына жұмысқа орналастым. Осы басқармада мұнайгаз өндіру және жерасты жабдықтарын жөндеу цехтарында оператор болып жұмысты бастадым. Кейіннен осы аталған мекемеде мұнайгаз өндіру цехының басшысы, «Өзенмұнайгаз» өндіру басқармасының бас инженерінің орынбасары болып қызмет істедім. 1993 жылдан бастап «Маңғыстаумұнайгаз» бірлестігінде, «Қаламқасмұнайгаз» өндіру басқармасы бастығының орынбасары, «Жетібаймұнайгаз» өндіру басқармасының бас инженері және басшысы болып еңбек еттім. 1999-2002 жылдары «ҚазМұнайГаз» компаниясында, кейіннен «Қазахойл Ақтөбе» басқармасында, 2002-2005 жылдар аралығында «Алтиес Петролеум Интернэшнл Б.В.» мұнай компаниясын басқардым. 2005 жылдан бастап «Каспий Нефть ТМЕ» АҚ мұнай компаниясының технология инженерлік басқару орталығын басқардым (ЦИТС). Қазіргі уақытта зейнеткермін. «Қазақстан мұнай кәсіпшілігіне 100 жыл», «Жетібаймұнайгаз» 50 жылдығына орай компанияға сіңірген ерекше еңбегім үшін медальдармен марапатталдым.
Әйелім Тауниязова Бахыт 1976 жылы Алматыдағы В.И.Ленин атындағы «Қазақ политехникалық институтының» мұнай факультетін бітіріп, «Тау кен инженері» деген мамандығын алып шығып, «Өзенмұнайгаз» басқармасының өндіру бөлімшесінде инженер, кейін «Маңғыстаумұнайгаз» басқармасы ИВЦ (инженерно вычислительный центр) бөлімшесінің инженер-программисі болып еңбек етті. Қазір зейнеткер.
Отбасымда үш ұлымыз бар: Махмут, Мұрат, Манарбек мұнайшы мамандығын игеріп, Астана қаласында «ҚазМұнайГаз», «КазТрансОйл» мекемелерінде еңбек етеді. Жеті немереміз бар: Аймира, Аяна, Бағжан, Ескендір, Мәди, Айбибі, Батырхан. Аймира КИМЭП-тің бірінші курсында, үшеуі мектепте оқиды, үшеуі балабақшада.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх