Бақтыбай ҚОЖАЛОВ, мұнайшы ардагер: «Тағдырыма ризамын...»

Бақтыбай ҚОЖАЛОВ, мұнайшы ардагер: «Тағдырыма ризамын...»
29.05.2017
444
Әлеумет

Бақтыбай ҚОЖАЛОВ, мұнайшы ардагер: «Тағдырыма ризамын...»

Түбекті алғашқы игеруші, Бақтыбай Қожалов ел аузында «мұнайшылар қарашаңырағы» аталып кеткен Қызылсай аулында тұрады. Қарап отырсаңыз, әр адамның өмірі өзінше бір хикая... Алпысыншы жылдардың басында Өзен кенорнына келген барлаушы-геологтардың ішінде Бақтыбай ақсақал да бар еді. Құдайға шүкір, олардың жанқиярлық еңбегі еш кеткен жоқ. Еңбек ақталды, маңдайы жарқырап, бағы ашылды. Киелі мекеннен ел ырысы газ да, мұнай да табылды.
Ғазиз Әбдіразақовтың ұңғысынан газ атқыласа, Михаил Кулебякиннің бригадасынан мұнай атқылады. Осы тарихи сәтті басынан кешкен ардагер мұнайшы сол кездегі жігіттердің қуанышында шек болмағандығын айтады. Бас киімдерін аспанға атып, қайтадан киіп алған олар дауыстары қарлыққанша уралапты.
Бақтыбай қарт өмірдің ащысы мен тұщысын бірге татып келе жатқан Құдай қосқан қосағы туралы «қазақ жалпы әйелін мақтамайды. Көршілес түрікмен елінен алып қашқан Қарлығашым отасқан 56 жыл ішінде бетіме жел болып келіп, «бұның қалай?» деп көрмеді ғой» – дейді ризашылықпен. Төле би «Әйелің жақсы болса, бірінші – иманың, екінші – жиғаның, үшінші – ырысыңның тұрағы», – деп бекер айтты деймісің?! Уақыт өте келе, ауызбірлігі мықты, шаңырағы шайқалып, босағасы теңселмеген бақытты ерлі-зайыптылар кіріге, тұтаса келіп, бір адамға айналып кететін сияқты. 
«Заманына қарай адамы» деген, Өзен кенорнына Одақтың түкпір-түкпірінен адамдар келіп, жергілікті халықпен қоян-қолтық жұмыс жасап, «қара алтынды» өндіруге атсалысты. Газетті ашса да, радионы қосса да «съезд қарары, пленум шешімдері» деген сөздерден көз тұнып, құлақ шуылдаған кез. Қайда барса жиналыс, қайда барса қол шапалақ, қайда барса ұрандатып сөйлеу...
«Сол жылдары  осы жердің ауа райы қолайсыз болды. Бір таусылмайтын жел, шаңытқан топырақ. Жұмыстан қайтқанда үйімізді таба алмай қалатынбыз. Құрал-саймандар, жабдықтар жеткіліксіз болатын. Скважина түбін қолмен қазған кездеріміз де болды. Бар күшімізді салып жұмыс істейтінбіз» – дейді сыр сандығының аузын ашқан мұнайшы. Кисе киімге, ішсе асқа жарымаған жылдарды артқа тастап, балалық шағын соғысқа ұрлатқан қария «Қызыл бидайдың наны дастарқанда жатса, тіршіліктің өзге тауқыметі тауқымет емес екен ғой түсінген адамға», – деп ой түйеді.
«Қазіргі ұрпақ бақытты заманда өмір сүріп жатыр. Заман жақсарды, көп жақсарды. Осынша жасқа келемін, осындай мамыражай заманда өмір сүремін деп кім ойлаған.Тағдырыма да, тірі жанға да бір түйір өкпем жоқ. Уақыт өте береді, жас өседі, өлген өшеді. Жалпы, қай нәрсенің де қадірі мен қасиеті басында бағы тұрғанда екен. Бұл күнде біз бала боп, сендер дана болған кез ғой. Қатарымыз сиреп, осы дүниенің ащы-тұщысын бірге татқан жандар о дүниеге аттанып жатыр. Жүгімізді тендеп, өкше көтеріп отырған ұрпақпыз ғой», – дейді ардагер мұнайшы күрсініп.
«Бір сөз бір сөздің қуғыншысы» демекші, ақсақал шахтада жұмыс жасаған әкесінің жомартығы мен ірілігін, әкесінің екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен інісін сағынышпен еске алады. Айдың, күннің аманында ұлы Аяғаннан айырылып қалған Бәкең бүгінде «ат орнын тай басар» демекші, мұнайшы болып жұмыс жасап жүрген немересі Нұрлыбекті үйлендіріп, «шөбере сүйсем» деген арманын да жасырмады. 
Бақтыбай ақсақалға халқымен біте қайнасып, бірге жасау бақыты бұйырды. Ол өмір бойы қара жұмыс атқарған еңбек адамы. Қарапайым адамның тірлігі қандай болса, ол да сондай қоңыртөбел тірлік кешті. Ардагер – адамға, қоғамға адал еңбек ете жүріп, әрдайым алдыңғы қатардан көрінді. Ел үшін, Отан үшін еткен еңбектің бекер кетпегенін түсінді, бәлкім, әдемі қартаюдың да сыры осында болар!

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх