Технологиялық күн маңызды мәселелерге арналды

Технологиялық күн маңызды мәселелерге арналды
29.05.2017
313
Өндіріс

Технологиялық күн маңызды мәселелерге арналды

20 мамыр күні «Бастау» бизнес орталығында «Қазгермұнай» БК» ЖШС-ның қолдауымен Society of Petroleum Engineers мұнай-газ өнеркәсібі инженерлері қоғамы Қызылорда секциясының екінші технологиялық күні өтті. 

Секция жұмысына өңірдегі мұнай-газ кәсіпорындарының басшылары, облыс әкімдігінің, жоғарғы оқу орнының қызметкерлері қатысты. Басқосуда жергілікті және өңірлік сарапшылармен өндірілетін мұнай көрсеткішін ұлғайту, мұнай өндірісін тұрақтандыру және аймақтың дамуына бағытталған технологиялық жетістіктерді қолдау мен дамыту жайы талқыланды.
Секция жұмысы «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ өкілі және SPE Қызылорда секциясының төрағасы Әділ Мұқанов пен «Қазгермұнай» БК» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Медет Кәрімнің құттықтау сөзімен басталды. 
«Қазгермұнай» БК» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Медет Кәрім «Мұнай-газ компаниясының стратегиялық дамуы» атты тақырыпта баяндама жасады. Стратегияны жүзеге асырудың кейбір мысалдарын арнайы дайындалған көрнекі үгіт-насихат құралдарымен көрсетті. Мұнай өндіру кезінде технологиялық шығындарды қалай азайтуға болатынына және оның әдістемелеріне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, басқосуда «Schlumberger» компаниясының инженер-геофизигі С.Исмағұлова «Мұнайлы-газды жүйелерді үлгілеу арқылы келешегі бар аумақтарды бағалау»  тақырыбына кеңінен тоқталды. Ал «Қазгермұнай» кеніштерді үлгілеу бөлімінің басшысы Ә.Лұқпанов пен «Rock Flow Dynamics» үлгілеу бойынша аймақтық директоры А.Тимошенко «Заманауи технологияларды қолдану арқылы көлденең ұңғымаларды бұрғылау және игеру», «Кеніштерді геологиялық-гидродинамикалық үлгілеу кезіндегі белгісіздікті бағалау және автоматтандырылған бейімделу» тақырыбында сөз сөйледі.
Жиын соңында баяндамашыларға бірқатар сауалдар қойылды. Жалпы, басқосуда бұрғылауда заманауи технологияларды қолдану, көлденең ұңғымаларды бұрғылау және сандық технологияларды қолдану мәселесі көтерілді. «Бастау» бизнес орталығында өткен екінші секция инженер-мұнайшылар арасындағы қалыптасқан мәселелерді шешуге бағытталған еркін пікірлесу алаңы болды. 
Секция негізінен ағымдағы жылдың 1 наурызында құрылған болатын. Бірінші секцияны осыған дейін «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ өткізсе, кезекті шараны «Қазгермұнай» БК» ЖШС ұйымдастырып отыр. «Қазгермұнай» БК» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Медет Кәрім аталған саланың өзекті мәселелерін талқылау және тәжірибе алмасу үшін осындай басқосу маңызды рөл атқаратынын жеткізді.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх