Ел игілігіне айналған Ембі мұнайы

Ел игілігіне айналған Ембі мұнайы
29.05.2017
4520
Өндіріс

Ел игілігіне айналған Ембі мұнайы

‘‘Ембімұнайгаз’’ АҚ-на – 95 жыл!

ХХ ғасырдың басында Қазақ мұнайының өнеркәсіптік игерілуі Доссордан басталғандығы туралы бұған дейін жазған болатынбыз. Ал одан кейін ел мұнайын игеру қалай жүзеге асырылды, оның басында кімдер болды? Осы мәселе туралы айтар болсақ, «Орал-Ембі аймағын өндірістік тұрғыдан кеңінен игеру проблемасын бұл ауданды ақ бандылардан азат еткеннен кейін алғаш рет В.И.Ленин 1920 жылы қойған болатын», – деп жазды кейін аса көрнекті мұнайшы-ғалым И.М.Губкин.

Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында елді отынмен қамтамасыз ету ең бір ірі шаруашылық міндеттердің бірі болды. Бұл кезде отынның негізгі көздері Донбасс, Баку, Грозный, Ембі интервенттері мен ішкі контрреволюцияның қолында еді. Осыған байланысты еліміз жанар майдан үлкен тапшылық кезеңді басынан кешірді. Өнеркәсіп, су және теміржол транспорты көмір мен мұнайға аса қатты мұқтаж еді. Сондықтан В.И.Ленин партияның, Кеңес өкіметінің, Қызыл Армияның және пролетариаттың күш-жігерін мұнайлы аймақтарды азат етуге жұмылдырды. Ол Совет республикасын отын дағдарысынан шығарудың бірден-бір жолы – Ембі мұнайын азат ету деп білді. Бұл ретте Қызыл Армияның Шығыс майдандағы шешуші жеңістері, Ембінің басқа ауданға қарағанда орталыққа жақындығы ескерілген еді.

Пролетариат көсемі Ембіні азат ету ісін ыждағаттап қолға алды. Ол 1919 жылдың 2 қаңтарында Кавказ майданынан ағылшындардың Гурьевке келгені жөнінде хабар алады. Орал ақ казактарының нан мен малды ағылшындарға өткізіп, жергілікті халықты алдап-арбау нәтижесінде әр болыстан 20 түйе, 5 айдаушы жинап жатқанына назаланған ол Э.М.Склянскийге мәселені газетке дайындауды тапсырады. Газет арқылы ағылшын империализмінің отарлық саясатын әшкерелеуді мақсат етсе керек. 1919 жылдың 16 сәуірінде ол Еңбек және Қорғаныс Советінің мәжілісіне басшылық етеді. Онда Гурьев мұнайын жаудан тартып алу мәселесі қаралады. 24 сәуірде Астрахань Революциялық Соғыс Советіне жеделхат келді. Онда мына мәселені шұғыл шешуді тапсырды.
Астрахандықтар Гурьевті азат етуге жағдай жасалды десе де, ақгвардияшылардың екі кемесі Бакуден Гурьевке еш кедергісіз өтіп кетеді. Бұған ренжіген ол астрахандықтардың жеңіске жетеміз деп босқа масаттанатынын, іс жүзінде түк істемей отырғанын қатты ескертіп, жеделхат жолдайды. Бұл нұсқауды орындау мақсатында XI Армияның Революциялық Соғыс Советі Астрахань маңында 33-дивизияның бөлімшелерін қалдыруды сұрады. Каспий-Волга соғыс флотилиясын нығайту мақсатында бөлімшелерден Ерекше Астрахань тобы құрылды. Оған жаңадан ұйымдасқан казак атты әскери бөлімшесі де қосылды. Ембі кәсіпшіліктерін азат ету міндеті Түркістан майданы жауынгерлерінің алдына да қойылды. В.И.Ленин майдан командашысы М.В.Фрунзеге берген телеграммасында Гурьевті азат етудің маңыздылығын ескеріп, мұнай өнімдерін ақтардың өртеуіне жол бермеудің барлық шараларын алуды тапсырды. Ол мұнай кәсіпшіліктерін ақ гвардияшылардан азат етуден бұрын-ақ оның мұнайын тасымалдау мәселесін ойластыра бастады. 1919 жылдың 24 желтоқсанында Қорғаныс Кеңесі Александров Гай-Ембі теміржолын салу туралы қаулы қабылдайды. 
1920 жылдың алғашқы күндерінде В.И.Ленин Бас мұнай комитеті коллегиясының мүшесі И.М.Губкинмен Ембі мұнайын тасымалдау және теміржолға жақын Орал облысының Солтүстік бөлігіндегі жаңа кен орындарын игеру туралы пікірлеседі. 1920 жылдың 3 қаңтарында Халық Комиссарлар комитетінің мәжілісінде Ембінің мұнайын тасымалдау мәселесі талқыланды. Қызыл Армия көсем тапсырмасын орындау мақсатында соғыс қимылын жеделдете түсті. Түркістан майданының қолбасшысы М.В.Фрунзе 30 желтоқсандағы бұйрығында 1920 жылдың 15 қаңтарынан қалмай Гурьевті алуды міндеттеді. 5 қаңтарда Чапаев дивизиясының Бубенц басқарған тобы  Гурьев қаласын азат етті.  Ал 10 қаңтарда М.В.Фрунзе  «8 қаңтарда біздің әскери бөлімдеріміз Доссор кәсіпшіліктері мен Үлкен Ракөш пристанын алды. Кәсіпшіліктер бүлінген. Ракөшке жау өрт қойса да, біздің бөлімшелеріміз сөндіріп алды. Начдив хабарына қарағанда  Ракөште 12 млн.пұт мұнай бар» деп хабарлады.     
Мұнайды өрттен сақтауда механик Зяблинцев ерекше көзге түсті. Ол ақтардың сеніміне еніп, мұнайды резервуарларда өртеу үлкен қопарылыс жасайды, сондықтан одан тыс өртеу керек деп кеңес берді. Оған сенген бүлікшілердің ақымақтығы арқасында мұнай өрттен аман қалды. Бұл туралы Еңбек Қызыл ту орденді зейнеткер-мұнайшы Ақниет Лекеров былай деп әңгімелейді: «Төңкеріс жылдарында мен Ракөш мұнай айыру зауытында жұмысшы боп істейтінмін. Әлі ешнәрсенің байыбына барып түсіне қоймаған жаспын. Әйтеуір «большевик», «Совет», «ақтар», «қызылдар» деген сөздерді естісем елең ете қалам. Ішімнен ауыр жұмыстан құтқаратыны рас болса тезірек келсе екен деп ойлаймын. Осында істейтін механик Зяблинцев маған әрқашан жылы қарап, жеңіл жұмысқа салуға тырысатын. «Бүгін қызылдар келеді» деді Зяблицев маған сыбырлап. Қызыл әскерлер шабуылмен келіп, аттарынан түсе-түсе қалды да, өртке ұмтылды. Ракөштегі барлық халық ешкімнің шақыруынсыз-ақ қызыл әскерлермен араласып өрт сөндірісті. Сөйтіп, Ракөштегі 12 миллион пұт мұнай аман сақталды» (XX ғасырдың 70-жылдары жазып алынған).
Доссор мұнайшылары Қызыл Армия бөлімшелерін Қызыл Тумен қарсы алды. Олар сол күні қазіргі «Доссормұнайгаз» басқармасы арнаулы техника колоннасының орнында болған механикалық мастерской үйінде жиналып, митинг өткізді. Ембі кәсіпшіліктерінің азат етілуі жас совет республикасын сұйық отын тапшылығынан шығаруда үлкен маңызы болды. Мұнай кәсіпшіліктері азат етілгеннен 5 күннен кейін Халық Комиссарлар Кеңесі мұнайды көлікпен тасымалдауды ұйымдастыру жөнінде арнаулы қаулы қабылданып, Гурьев пен оның аудандарынан Орал мен Астраханға шұғыл түрде көлікпен мұнай тасымалдауды ұйымдастыру жөнінде арнайы шаралар жасақталды. Бұл жұмысқа жергілікті халықты және әскери, жол қатынасы Халық комиссариатынан басқа барлық мекемелер мен ведомствалардың көлік транспортын пайдалану тапсырылды. Тасымалдау және ұйымдастыруда жұмыс істегендердің барлығы қаулы бойынша әскери қызметке шақырылғандар болып есептелді. Азық-түлік Халық Комиссариатына мұнайды тасымалдау жөніндегі жұмысқа қатысқан жұмысшылар мен қызметшілердің барлығын өндірістік және азық-түлік товарларымен қамтамасыз ету жүктелді. Бүкіл Орал облысында еңбекке жарамды адамдар жұмылдырылып, көліктер ұйымдастырылды. Жер-жерден бөшке жинастырылды.
В.И.Ленин мұнайды көлікпен тасымалдаумен қатар су жолымен де тасу міндетін қойды. С.М.Киров 1920 жылдың 3 наурызында В.И.Ленинге жауап берген жеделхатында мұнайды теңіз жолымен тасымалдаудың дайындық жұмыстарының басталғаны туралы хабарлады. Шұғыл ұйымдастыру шараларын іске асыру нәтижесінде елдегі қиындық жағдайда, транспорт құралдарының жетіпеушілігіне қарамастан 1920 жылы 1,5 миллион пұт Ембі мұнайы тасымалданып, жас кеңес өкіметінің нығаюына қызмет етті. Мұнайды тасымалдаумен қатар Ембі мұнайын болашақта игеруді жеделдету үшін Александров-Гай-Эмба теміржолын және Эмба-Саратов мұнай құбырын салу міндеті қойылды. Мақат-Индер теміржолының пайдалануға берілуі – В.И.Ленин тапсырмасын жүзеге асыруға жасалған игі қадам болды. 1935 жылы Ембі мұнайын орталықтағы мұнай айыру заводтарына жеткізетін Каспий-Орск құбыры пайдалануға берілді.
В.И.Лениннің тарапынан Ембі мұнай кәсіпшіліктерін қалпына келтіру жөнінде үлкен қамқорлық жасалды. Оның нұсқауымен XI Әскери Революциялық кеңесінің 1920 жылғы 15 қаңтарда бұйрығы жарияланды. Ол құжатта Ембі мұнай кәсіпшіліктерінің қалыпты жұмыс істеуі үшін оларды тәжірибелі жұмысшылармен, техникалық қызметкерлермен қамтамасыз ету қажеттігі айтылды. Осыған орай – бұрын мұнай кәсіпшіліктерінде жұмыс істеген әскери немесе азаматтық қызметтегілер Ембі мұнай кәсіпшіліктеріне жұмысқа шақырылды. Армия қатарында шынығып, саяси тәрбие алған мұнайшы мамандар Ембі мұнай кәсіпшіліктерін қалыптастыру жұмыстарында тың серпін, ұйымшылдық, темірдей тәртіп, табандылық пен жігерлілік әкелді. Олардың көпшілігі тез арада халық сенімі мен беделіне ие болды. Мәселен, патша армиясы қатарына шақырылмас бұрын Орал-Каспий қоғамының жұмысшысы, кейін Балтық флотының матросы болған А.Бородин Доссорда кен жұмысшылары комитетінің төрағасы болып сайланды. Кеңес өкіметінің ірі мұнайшы мамандарды Ембі өңіріне жұмсауы мұнай кәсіпшіліктерін қалпына келтіруді ұйымдастыруда үлкен маңызы болды. Мәселен, 1920 жылдың сәуірінде Гурьевке Ембі мұнайлы ауданының бас инженері болып С.Н.Кузнецов келді. Ал осы жылдың мамыр айының ортасында мұнай кәсіпшіліктерін қалпына келтіру жөнінде Еңбек және Қорғаныс Кеңесінің төтенше өкілі болып бекітілген Р.И.Фридман келді. Мамырдың аяғында Орал-Ембі ауданының мұнай кәсіпшіліктері басқармасы құрылды.
Ембі кәсіпшіліктерін қалыптастыру үлкен күрделі қаржыны талап етті. Бірақ бұл кезде жас Кеңес мемлекетінің Ембіні жаңа машиналармен, бұрғылау құрал-жабдықтары және басқа материалдармен қамтамасыз ететін мүмкіндігі жоқ еді. Міне, осы кезеңде негізгі мақсат мұнайшылардың күш-жігерін күрделі қаржы жұмсамай, шаруашылықты өз күштерімен қалпына келтіруге жұмылдыру болып табылды. Осыған орай барлық күш Доссор кәсіпшілігін қалпына келтіру мен Доссор-Ракөш мұнай құбырын жөндеуге жұмсалды. Күн-түн демей жұмыс жасалып, өндіріс іске қосыла бастады. Алдыңғы қатарлы жұмысшылар З.Ф.Явкин, С.Тағыбергенов  төртінші учаскедегі эксцентрикті жоспарлы тапсырмадан 57 күн бұрын пайдалануға әзірледі. Осы эксцентрик арқылы 6 станок-качалка іске қосылды. 
Күн санап мұнайшылардың санасы, өндірістегі белсенділігі өсе түсті. Жұмысшылар мен қызметкерлер негізгі жұмыстан кейін және демалыс күндері өз еркімен, ақысыз өз кәсіпорындарында түрлі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, поселкелерді тәртіпке келтірді. Ұйымдастыру және саяси жұмыстар өзінің алғашқы нәтижелерін берді. 1920 жылдың 1 қазанында мұнда 17 скважина пайдалануда болды. 1920 жылдың алты жұмыс айында мұнда 1850760 пұт мұнай өндірілді. Бұл көрсеткіш 1919 жылмен салыстырғанда 14 процентке жоғары еді. Мұнай Доссор кәсіпшілігінен Ракөшке дейін айдалып, әрі қарай су жолымен тасымалданып отырды. 1920 жылдың 12 қазанында Ракөштегі мұнай айыру заводы да өз өнімін бере бастады.
Гурьев Халық шаруашылығы Советі 1920 жылдың 5 мамырында мұнайшы мамандарды қазір қай салада жұмыс жасағанына қарамастан мұнай өнеркәсібіне жіберу туралы міндетті қаулы қабылдады. Ол мұнайшы-мамандардың қатарын толықтыра түсті. Бір жыл ішінде жұмысшылар мен қызметшілердің саны екі еседен артық өсті. Ал маман жұмысшылар он еседей көбейді. Ембі мұнай кәсіпшіліктерін қалыптастыру жұмыстарындағы алғашқы жетістіктер осылар болатын. Әрине, бұл табыстар айтарлықтай болмағанмен, мұнайлы Ембінің өркен жая бастауының жарқын көрінісі еді. Бірақ 1920 жылдың аяқ кезінде Ембі мұнайшылары қиын кезеңді бастан кешірді. Жұмысшылар мен оның семьяларына азық-түлік жетіспеді, күш көліктері, жем-шөп тапшылық көре бастады. Өндірісте мұнай өнімі күрт төмендеді. Желтоқсан айында қыркүйекте өндірілген 340 мың пұт мұнайдың орнына 125 мың пұт мұнай өндірілді.
Міне, осындай сын кезеңде Ембі мұнайшыларына Кеңес өкіметі орасан зор  көмек көрсетті. 1921 жылдың 5 қаңтарында Еңбек және Қорғаныс Кеңесі «Орал облысының мұнай кәсіпорындарын азық-түлікпен, транспорт құралдарымен қамсыздандыру туралы» В.И.Ленин қол қойған қаулы қабылдады. Аталған қаулыда Ембі мұнайының мемлекеттік маңызы атап көрсетіліп, сонымен бірге мұнайшылардың өте қолайсыз жағдайда еңбек етіп жатқаны ескеріліп, Еңбек және Қорғаныс Кеңесі Орал губерниялық азық-түлік комитетіне Ракөш,  Доссор мен Мақатта сақталған 75 мың пұт керосин мен 1 миллион пұт мұнайды азық-түлік товарларына ауыстыруға рұқсат етті. Сонымен қатар, Орал-Ембі мұнай кәсіпшіліктері басқармалары мұнай өнімдерін көлік малдарына айырбастай алатын болды. Бұл жұмысшылар мен қызметшілерді азық-түлікпен қамтамасыз етуді жақсартуға, көлік транспортын көбейтуге, жемшөп қорын ұлғайтуға мүмкіндік берді. Сайып келгенде, мұның өзі мұнайлы Ембіде ұйымдастыру, шаруашылық жұмысын жетілдіре түсуге септігін тигізді. Ленин Ембі мұнайының артықшылығын жоғары бағалады. 1920-21 жылдары орталықтағы өнеркәсіп Кавказ мұнайынан айырылған кезде, сапалы мұнай өндірілетін жер жалғыз Ембі ғана болды. Сөйтіп, Ембі еліміздің индустриялануын қамтамасыз ететін екпінді құрылыстар қатарына қосылды. 1922 жылы «Эмбанефть» тресі құрылып, оның алғашқы басшысы Р.И.Фридман болды.
Қазан көтерілісінен кейін республикалық мұнай өнеркәсібі қарыштап дамыды. Оның нағыз қанат жаюы Кеңес өкіметі жылдарында болды десек, бұл тарихи топшылау емес, ақиқат, шындық болатын. Кеңес өкіметі кешегі көшпенділердің өмірін танымастай өзгертіп, қазақ жұмысшы табын шыңдады. Мұнайлы Ембінің алғашқы кәсіпшіліктерінде жұмыс істеген М.Сартов, М.Жұмағалиев, П.Кочнев, Х.Бажбенов, А.Аустниязов, Е.Дүтпаев, Б.Жұбатқанов, Г.Лысянский, Х.Төрәлиев, Б.Айтмағамбетов, С.Зорбаев, А.Ильясов және т.б. болды. Олар жаңа өкіметті орнатуға атсалысты. Сонау 1919 жылы В.И.Ленин негізгі отын қоймасы жау қолында қалған кезде Гурьевті, Жайық сағасын азат етуге болмас па екен деуі тегін емес еді. 1920 жылы 24 қаңтардағы Москвада болған жұмысшылар мен қызыл армияшылар конференциясында В.И.Ленин «Енді бізде Гурьев мұнайы бар» деп мақтанышпен мәлімдеді. Бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау мұнайын өндіру сол кезде-ақ құрылған «Жайық-Ембі» ауданының мұнай кәсіпшілік басқармасына табыс етілді. Бұл жаңа басқарма 1920 жылы Отан қоймасына 1,5 миллион пұт мұнай құйды. 1922 қазан айында басқарма «Эмбанефть» тресі деп аталып қайта құрылды. Бұл трест 1924 жылға дейін Москвада болды, кейін Гурьевке қоныс аударды. Қазіргі Атыраудың 5 мыңнан аса мұнайшыларын тоғыстырып отырған «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы өмірге осы трест негізінде келген кәсіпорын. Биыл осы іргелі кәсіпорынның құрылғанына 95 жыл толып отыр.

(Мақаланы газетке дайындау барысында «Қарашүңгілден Теңізге дейін», «Қазақстан мұнайының қайнары», «Ембі мұнайы 100 жылда», т.б. кітаптар деректері  пайдаланылды).

Бағыт Сматуллин, 
«Ембімұнайгаз» АҚ ардагерлер кеңесінің төрағасы

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх