Мұнайшының қызы жеңімпаз!

Мұнайшының қызы жеңімпаз!
25.04.2017
327
Әлеумет

Мұнайшының қызы жеңімпаз!

«Өзенмұнайгаз» АҚ, №1 МГӨБ, Зерттеу жұмыстар цехының инженер-технологы Әсем Шукурованың қызы Айнұр Шукурова өз өнерімен Италияда өнерсүйер қауымды тәнті етіп, жүлдегер атанды.

Айнұр Жаңаөзен қаласында 2005 жылы 26 қарашада дүниеге келді. Өзі оқу озаты. Қаладағы Мұрат Өскенбаев атындағы саз мектебінің қобыз үйірмесіне 5 жастан бастап қатысты. Анасы зерек Айнұрды ағылшын тілі, математика, би үйірмелеріне де апарды. Тал шыбықтай бұратылған қыз «Гүлдәурен» тобының бишісі де болды. Ментальды арифметикадан 4-деңгей көрсеткішіне жетіп, оны абыроймен қорғап шықты.    
Әйтсе де, Айнұрға қобызда ойнау көбірек ләззат сыйлайды. Қолы қалт еткенде, қобызын қолға алады. Қобыздан төгілген күйлерінен сағыныштың сап-сары иісі шығады.
Талантты жас 2015 жылы Ақтау қаласында өткен «Жас музыканттар» байқауына қатысып, І орынға ие болды. 2016 жылы Астана қаласында өткен «Ақ көгершін» атты Х Халықаралық байқауының І дәрежелі лауреаты атанды. 2016 жылы ол «Балапан жұлдыз» жас таланттар телевизиялық конкурсының лауреаты болды. «Жас патриот» төс белгісімен марапатталды. «Астана-Мерей» ХІІ Халықаралық байқауына барып, жүлдегер атанды. Бұл байқауда елімізге белгілі музыкант Айман Мұсаходжаева комиссия төрайымы болған еді.
Сегіз қырлы бір сырлы Айнұр математикадан сайыстарға да қатысып, диплом алды. «Олимпия» спартакиадасына белсенді қатысқаны үшін грамота алды. «Достық көпірі» байқауына қатысып, бас жүлде алды. «Жас биші» үйірмесіне қатысып, куәлік алды. «Екі жұлдыз» жобасына қатысып, үздік жұп номинациясы бойынша марапатталды. 11 жастағы Айнұрдың марапаттарын тізіп отыруды мақала көлемі көтермейтіндіктен, оның негізгі жеңісіне тоқталуды жөн санадық. 2016 жылы ол ғаламтор желісі арқылы «GENEVA INTERNATION MUSIC COMPETTITION» атты Швейцарияның Женева қаласында өткен байқауға қатысып, І орынға ие болады. Биылғы жылдың сәуірінде аталмыш байқау жеңімпаздарын Италияның Ұрым консерваториясында өтетін концертке қобызда ойнауға шақыру қағазын алады. Анасы Әсем қызының қасына еріп, Мәскеу арқылы ұшаққа мініп «Ұрым қайдасың?» – деп тартып кетеді. Өзге елде «Santa Ctcilia» консерваториясында өткен концертті қобызын құшақтаған қазақтың қызы ашып берді.
Польша, Ресей, Корея, Кипр, Италия өнерпаздары қатысқан байқауда бармағынан бал тамған Айнұр Ықыластың «Жез киік», музыка әлемінің данышпаны Құрманғазының «Адай» күйлерін, Брамстың «№5 Венгер биі» шығармасын орындап, әріптестері арасынан оқ бойы озып, жүлделі І орынға ие болды. Бұл әрине Айнұрдың ұстазы Айсұлу Сатқанбаеваның да еңбегі.
Әр халықтың жан-дүниесі оның ән-күйінен көрінеді. Құдіреттің бір аты талант болса, бір аты – еңбек. Айнұрға алдағы уақытта биік белестерді бағындыру үшін мігірсіз еңбек қажет.
Жаңаөзендегі №3 мектепте оқитын Айнұр туралы ұстаздары «Біз Айнұр арқылы шығармашылыққа жаны құмар баланың жамандықтан алыс болатынын түсіндік. Айнұр – сондай ізетті әрі ибалы. Үнемі жан-жағына шуақ шашып жүреді» – дейді.
Италияға барып, мұқым қазақ елінің намысын қорғап келген жас талант, өнер иесі Айнұрға Алланың нұры жаусын!

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх