КЕШЕ және БҮГІН

КЕШЕ және БҮГІН
25.04.2017
388
Өндіріс

КЕШЕ және БҮГІН

«Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты Мұнай өнеркәсібі құралдарын және технологиялық коммуникацияларды жөндеу басқармасының кешенді жаңа ғимараты салынуда. Оқырмандар назарына құрылыс жұмыстары тәмамдалып келе жатқан жаңа нысан мен бұрынғы ескі ғимараттың жағдайын көрсететін суреттерді ұсынып отырмыз.

Аталған басқармада мұнай кәсіпшілігі жабдықтарын жөндеу, механикалық жөндеу, мұнай кәсіпшілігі жабдықтарына қызмет көрсету т.б. цехтары мен механика-энергетикалық, басқарма бойынша ішкі құрылыс жұмыстары учаскелері орналасқан. 317-і жұмыскері бар мекеме мұнай кәсіпшілігі жабдықтарын дәнекерлеумен, сынған, жарамсыз тетіктерін қайтадан қалпына келтірумен, сораптарды жөндеу, ауыстыру, мұнай жылыту пештерін жөндеу сияқты компания үшін аса маңызды жұмыстармен айналысады. Қазіргі таңда, басқарманың ғимараты, сондай-ақ цехтарындағы орналасқан насостары әбден ескірген. Осыны ескерген компания басшылығы өндірісті модернизациялау аясында МӨҚжТКЖБ кешенді ғимаратын салдыруға мердігер мекеме «SM TRADE CONSTRUCTION» ЖШС тапсырыс берген болатын. Бүгінде жаңа ғимараттың 90 пайызы аяқталды. Биыл мұнайшылар жаңа қонысқа көшіп, заманауи үлгідегі, стандартқа сай нысанда жұмыс жасайтын болады. МӨҚжТКЖБ әлеуметтік-әкімшілік қамтамасыз ету қызметінің инженері Рузия Джубаеваның айтуынша, басқарма директоры Нұрлан Көшкінбаев жаңа басқарманың құрылысын жіті бақылауында ұстап отыр. «Басқарма жанындағы шағын футболға арналған спорт алаңшасының, қызметкерлердің бір сәт тыныстап, демалуына арналған саябақтың пайда болуына директордың өзі мұрындық болды. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, заман талабына сай салынған нысанда өндірістік цехтардың, қоймалардың, аппарат басқармасы кабинеттерінің бір жерде шоғырлануы – жұмыс тиімділігінің артуына барынша оң ықпалын тигізеді», – дейді ол. 

Ләззат Берекетова, 4-дәрежелі фрезамен кесуші:

– Менің фрезамен кесуші болып жұмыс жасап келе жатқаныма 14 жыл болыпты. Бұл жұмыс аса ептілік пен дәлдікті қажет етеді. Мұнай саласында фрезамен кесуші мамандығы жоғары сұранысқа ие. Қай саланың болсын майталман маманы болғанға не жетсін! Кәсібім өзіме ұнайды. Құдіреттің бір аты – еңбек! Қазақ «Еңбек ер атандырады», – деп бекер айтпайды. Жақын болашақта талапқа сай салынған жаңа орынға баратынымыз көңіліме қуаныш ұялатады. Бүкіл әлем озық технологияларды меңгеріп жатқанда, біздің бұдан шет қалатын жөніміз жоқ. Уақыт өткен сайын компаниямыздың гүлденуі – мұнайшылардың болашаққа деген сенімін арттыруда. «Өзенмұнайгаз» сияқты табысты компанияда тұрақты жұмыс орнымның барына шүкіршілік етемін. 

МӨҚжТКЖБ бір топ жұмыскерлері:

– «Көрінген таудың алыстығы жоқ» демекші, биылғы жылы жаңа нысанға көшеміз. Бұл нысанда 59 жаңа станок орнатылды. Әзірше, бұл станоктарда жұмыс жасау үшін бізді оқыта қойған жоқ. Жаңа, бейтаныс нәрсенің алдында адамның қобалжитыны бар ғой. Аздап жүрексініп жүргенімізбен жаңа станокта жұмыс жасауды тез игеріп кетеміз деген ойдамыз. Озық елдердің тәжірибесін меңгеріп, жаңаша мамандануымыз қажет. Біз пайдаланып жүрген 40 жыл болған станоктар әбден ескірді. Цехтарымыз да сын көтермейді. Жаңа ғимаратта терморегулятор бар. Енді қыста жылы, жазда салқын цехтарда жұмыс жасайтын боламыз. Жаңа цехтардың әрқайсысында біздерге арналған киініп-шешінетін, жуынатын кабиналар салынған. Қытай, Түркия, Болгария, Финляндия, Ресейден әкелінген станоктардың іске қосылуы – мұнай өнімділігін барынша ұлғайтатын болады». 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх