«Atyrau Oil&Gas 2017»

«Atyrau Oil&Gas 2017»
25.04.2017
860
Экономика

«Atyrau Oil&Gas 2017»

Сәуірдің 11-13 күндері Атыраудағы жаңадан ашылған «Көрме орталығында» Солтүстік-Каспий аймақтық «Atyrau Oil & Gas 2017» және құрылыс пен интерьерлік «AtyrauBuild/WorldBuild Atyrau 2017» халықаралық көрмелері өтті. Көрменің өтуіне ҚР Энергетика министрлігі, Атырау облысының әкімдігі, «ҚазМұнайГаз»ҰК АҚ, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ, KAZSERVICE сервистік компаниялар одағы мен қатысушы елдердің дипломатиялық миссиялары ресми қолдау көрсетсе,  ұйымдастырушылары – Iteca (Қазақстан) және ITE Group Plc (Ұлыбритания) көрме компаниялары болды. 
«Atyrau Oil&Gas 2017» көрмесіне әлемнің 20 елінен жүзден астам компания өкілдері қатысты. Олардың ішінде Еуразиялық экономикалық аймаққа мүше елдер, Финляндия, Италия, Германия, Нидерланды, Швейцария, Дания, Түркия, Польша, Хорватия, Қытай, Украина, Әзірбайжан, Израиль, Оман және басқалары болды. Көрменің ресми ашылу салтанатында сөйлеген облыс әкімі Н.Ноғаев мұнайлы аймақтың инвестициялық мүмкіндігіне тоқтала келе, 2016 жылдың қорытындысы бойынша аймақта 4,4 трлн. теңгенің өнеркәсіптік өнімі шығарылып, инвестиция көлемі 2 трлн. теңгені құрағандығын атап өтті. «Global Oil&Gas Atyrau 2017 – бұл өз бизнесіңнің географиясын кеңейту мүмкіндігі және көрме қорытындысы бойынша сіздер әріптестер табатыныңызға сенемін, оған қоса ұзақ мерзімді әріптестікке де қол жеткізе аласыздар. Атырау аймағы еліміздің экономикасының дамуында стратегиялық маңызды рөл атқарады. Міне, 16 жыл қатарынан мұнай-газ көрмесі кәсіпқойлар кездесуінің себепкері, саланың өзекті қажеттіліктері мен мүмкіндіктері жыл сайын қарастырылатын коммуникативтік алаң болып табылады» деді облыс әкімі. 
Жыл сайын көрменің әлеуеті де артып келеді. Биылғы жылы экспозициялық алаңның 30 пайызға өскендігі байқалып, ол мұнайгаз және құрылыс саласының өкілдерінің белсенділігі артқандығын көрсетеді. Көрмеге қатысушылар одан нәтижелі қорытынды шығатынына үлкен үміт артқаны белгілі,  бұрынғы әріптестермен қатар жаңа серіктестікке жететіндігіне де сенім артты. 
Көрме мұнайгазды өндіру және қайта өңдеу, мұнайгаз жабдықтары, тасымалдау, мұнайгаз өнеркәсібіндегі дәнекерлеу, инжиниринг және консалтинг, геофизикалық қызметтер, қоршаған ортаны қорғау, т.б. салаларды қамтыды. Бұл бағытта, әсіресе, ресейлік компаниялардың қызығушылығы көп болды. Көрмеге «Ембімұнайгаз»АҚ стендісі қойылды. Мұнайгаз өндіру департаменті директорының орынбасары Қайсар Төлеуішовтың атап өткеніндей, өздерін таныстырып, тілдескен шетелдік және ресейлік компания өкілдерін қазандарды тазалау, экологиялық шараларды орындау, абаттандыру ісі, арнаулы техникалармен қамтамасыз ету, тасымалдау, жалпы мұнайгаз тақырыбына қатысты басқа да көптеген мәселелер қызықтырған. Сонымен қатар, олар әріптестік қарым-қатынасқа қашан да дайын екендіктерін мәлімдепті. 
Көрме аясында облыстық әкімдіктің бастамасымен «Атырау Инвест-2017» IV Халықаралық инвестициялық форумы да өтті.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх