Балмаш – үздік мұнайшы-геолог!

Балмаш – үздік мұнайшы-геолог!
25.04.2017
416
Қызметкерлер

Балмаш – үздік мұнайшы-геолог!

Геолог барлаушылар мұнай-газ кәсіпшілігінің алғашқы іргетасын қалаушылар болып саналады. Расында да, олар беймәлім жер қыртысын алдымен зерттеп, тұңғиық тереңмен тұңғыш тілдеседі. Бүгінде еліміздің көмірсутегі шикізаты қоры артып, Қазақстанның әлемдегі алғашқы ондық табалдырығында тұруы да – осы сала қызметкерлерінің ерен еңбегінің жемісі. 

Мұндай бесаспап мамандар кәрі Ембіде де аз емес. Олардың тұңғиық тереңіне бойлаған еңбегі мұнай өндіру көлемінің артуына көп септігін тігізіп отыр. Солардың ішінде жылыойлық геолог Балмаш Жақсыбекова жуырда Қазақстан Республикасының мұнай-газ кен алаңдарын игеруде қосқан ұзақ жылғы табысты еңбегі үшін 2016 жылдың қорытындысы бойынша «Қазақстанның мұнайшы-геологтар» қоғамының «Қазақстанның үздік мұнайшы – геологы» төсбелгісімен марапатталды. Жыл сайын көп ішінен іріктеліп, бір ғана маманға берілетін осындай зор атақ-дәрежені иелену – геолог маманның беделін биік, мерейін үстем етіп тұрғандығы анық.
Балмаш еңбек жолын 1985 жылы «Прорвамұнайгаз» басқармасында техник-геолог болып бастап, ұзақ жылдар Прорва кен орындары тобы геологиялық саласының дамуына зор еңбек сіңірді. Саналы ғұмырын мұнай-газ өнеркәсібінің геология саласына арнап, өндірістің дамуына қосқан үлесі елеулі. Геологиялық зерттеу жұмыстарының орындалу сапасын, ұңғыларды күрделі жөндеу жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілуін қадағалап, ұңғылардан сынама алу, ай сайынғы есебін жүргізу т.б. өндірістік жұмыстарды біліктілікпен жүргізді. Бүгінде ол басқарма басшысының геология және игеру жөніндегі орынбасары болып еңбек етуде. Әріптестері оны сауатты, өз ісіне мығым білікті, өндірістегі тәжірибесі мол маман, өмірде мейірімді де қайырымды жан ретінде ерекше құрметтейді.
«Геология қызықты да қиын мамандық. Мұнайды жеті қат жер астынан іздеу, табу, барлау, игеру – бұл зор еңбек, табандылық, үлкен қайрат-жігер, ащы маңдай тердің арқасында іске асырылатын жүгі ауыр жұмыс. Оның ішінде жер нәрін іздеп, жаңа кен көздерін ашып, мұнай қорын ұлғайтуда геологтардың еңбегі ерен. Осы маңызды салада менің де үлесім болғанын мақтаныш тұтамын. Еңбегінің еленгені кім-кімге де мерей ғой. Бұл тек менің ғана емес, тұтас ұжымның жемісі деп білемін. Көп-көп рахмет», – дейді Балмаш тебірене тілегін білдіріп.  
Өз ісін мінсіз атқарып, шеберлік шыңына шыға білген маманның жетістігі тек жылыойлықтардың ғана емес, тұтас компания ұжымы үшін үлкен абырой. «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымы Балмаш Рамазанқызын осы мерейлі марапатымен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, мол бақыт, отбасы амандығын, еңбекте толайым табыстар тілейді.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх