Уақыт капиталы және тайм менеджмент

Уақыт капиталы және тайм менеджмент
10.04.2017
257
Әлеумет

Уақыт капиталы және тайм менеджмент

Біле білсеңіз, уақыт та, мұнай да шектеулі ресурс. Бірақ әлемде адамдар мұнайға таласып, айтыс-тартысқа түседі. Ал уақытқа мүлдем таласпайды. Өйткені, Құдай тағала тағайындап берген әр адамның жекеменшік уақыты бар. Сол үшін де алтын уақытты елеп ескермейді. 

Пайғамбарымыз: «Адамдардың көбі денсаулық пен уақыт нығметінің қадірін білмейді» – деген. Уақыттың қытшылығы «Өтіп барам, уақыт, саған жарымай...» – деп жырлаған Қадыр Мырза Әлі ағамызды да толғандырса керек-ті.
Бос уақыт бос жатқан материалға ұқсайды. Оны қолға алып, жақсы бір нәрсе жасап шығаруға болады. Ал, олай етпесең пайдалы күйінде жата береді. Бос өткен уақыт адамға кейін өкініш әкеледі.
Өмір қысқа. Уақыттың шолақтығы бізді терең ойға сүңгітеді. Толғандырады. Ойландырады. Уақытты капитал деп таныған тұлғалардың бірі француз жазушысы Оноре де Бальзак. Оның «Уақыт – ақыл-ой еңбегімен айналысатын адамдардың капиталы» деген сөзі бар. Ал капитал дегеніміз қосымша пайда әкелетін кіріс көзі. Уақыт капиталы – тиімді пайдаланылған уақыт. «Сәтсіздіктерден қорықпаңыз, мақсаттарыңызға ұмтылыңыз, уақытыңызды дұрыс пайдаланыңыз, уақытыңыз сізге жұмыс істесін» – деген екен Америка алпауыты Генри Форд.
Өлшеніп берген өмір бар, ағаш кесіндісіндей ғұмыр бар. Уақыт сенің дегеніңмен жүрмек түгілі, бір мезет аялдап күтпейді. 1914 жылдан бастап Бенджамин Франклиннің суреті 100 долларлық купюраға түсірілді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін доллар халықаралық валюта ретінде әлемге тарады. Доллармен бірге «уақыт – Ақша» цитатасы да қатар жүрді. Мамандардың пікіріне сүйенетін болсақ, уақытты тиімді пайдаланудың негізгі 4 жолы бар екен.
1. Мақсат қоя білу.
2. Бағдарды дұрыс белгілеуде шешімталдық таныту.
3. Жоспарлау тәсілін білу. 
4. Жұмысыңызды орындауға кедергі келтіретін заттардан арылу. 

Көпшілігіміздің Құдайдың берген есіл уақытын үздіксіз сериалдар мен мәнсіз нәрселерге жұмсап, «уақыт жоқ» деп зыр қағып, шыр-пыр ететініміз өтірік пе?! Уақытты сериалға жұтқызғаннан кім ұтып,кім ұтылып жатқаны бөлек әңгіме! Сіз бен Біз ішкенге, жегенге, күлгенге, ләззат ойынына, дәулет жиғанға мәз болып уақытты текке өткізіп жүрген жоқпыз ба?!
Уақытты тиімді пайдаланған адамның алатын еншісі де орасан. Жоспарлы еңбектің пайдасы келешекті де қамтиды. Адамның босқа кеткен әрбір сәті отқа жаққан ақшамен тең, кісінің кісілігі уақытты сезінуден басталады, – дейді батыстың бизнесті насихаттаушылары.
Өзін-өзі сынауға жеткен халық – болашағы бар халық. Өз кемшілігін көре білген халық-өскен, есейген халық. Абайша айтқанда, «Сағаттың шықылдауы емес ермек...» екендігі ақиқат!

фото интернеттен алынды.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх