Марапат мерей өсіреді!

Марапат мерей өсіреді!
10.04.2017
371
Қызметкерлер

Марапат мерей өсіреді!

Геологтардың кәсіби мерекесі аталып өтілді

«Ембімұнайгаз» АҚ-да геологтар күні кеңінен аталып өтті. Оған «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-на қарасты «Ембімұнайгаз» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Қазгермұнай» БК» ЖШС, «Карповский Северный» ЖШС компанияларының өкілдері қатысты.

Геологтарды кәсіби мерекемен «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ бас директоры атынан құттықтаған өндіріс және кен орындарын игеру жөніндегі басқарушы директор Қуанышбай Нұрғалиев Ембі қарашаңырақ болғандықтан, биыл барлық мамандарды бір ортаға жинап, марапаттап жатқандарын атап өтті. Құрметке бөленген мамандарға денсаулық, еңбектеріне табыс және жаңа белестерді бағындыра берулеріне тілектестігін білдірді. Ембіде атқарылып жатқан геологиялық жұмыстар жөнінде ЕМГ бас директорының жаңа жобалар және технологиялар жөніндегі орынбасары А.Жақсыбеков баяндады: 
– Жалпы, еліміздегі геологиялық-барлау жұмыстары туралы айтқанда, ембілік геологтардың Өзен, Теңіз сынды көмірсутегі шикізаты кен орындарын ашу ісінің қайнар бастауында болғанын айтып өткен жөн. Біздің ардагер-геологтарымыз Ботақан, Шығыс Мақат, Оңтүстік-Шығыс Қамысты, Досмұхамбетов, Ақінген, Аққұдық, Ақтөбе, Оңтүстік-Шығыс Новобогат, Уаз, т.б. басқа көптеген кен орындарын ашқанын білеміз. Сол ардақты геологтардың бүгінгі ұрпағы геология саласының әлеуетін арттыру жұмысын жалғастырып келеді. Мәселен, соңғы жылдары геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде С.Нұржанов, Шығыс Мақат, Батыс Прорва, Аққұдық, Оңтүстік-Шығыс Новобогат, Жаңаталап кен орындарының мұнай беру алаңын кеңейту жұмыстары жүргізілді, – деді ол.

Компания мұнай қорын жылдық деңгейде орындауды қамтамасыз етіп отыр. Алайда, өсімнің негізгі бөлігі игеріліп жатқан кен орындарын алдын-ала барлауға байланысты. Солай бола тұра, бірқатар кен орындары қорды игерудің жоғарғы деңгейіне, яғни 75-тен 90 пайызға жетіп отыр. Орташа есеппен алғанда қордың өнімділігі 70 пайызды құрайды. Оның ішінде 44 пайызының алынуы қиын жағдайда орындалады (ол жабысқақтығы жоғары мұнай және өтуі қиын қабаттарға байланысты).
Жылдық өнім өндірудің жеткен деңгейін ұстап тұру үшін Компания алдында жаңа міндеттер тұр. Көмірсутегі шикізатының бағасы төмендеуі жұмыс орнын сақтап қалу және Компанияның болашағын қамтамасыз ету үшін мұнайшылардан өндіріске жаңа технологиялар мен бизнес-процестерді енгізуді талап етеді. «Ембімұнайгаз» АҚ-ның мұнай өндіру көлемінің болашағын арттыру жаңа кен орындарын ашумен байланысты. Бұл міндетті шешу үшін Тайсойған және Қаратон-Сарқамыс барлау блоктарында іздеу-барлау жұмыстарын белсенді жүргізу қажет. 
Бүгінгі күні «Ембімұнайгаз» АҚ балансында 41 кен орны бар. Олардың ішінде 34 кен орны игерілуде болса, соның тең жартысы ақырғы және аяқталу шегіндегі, суы көп, мұнай көлемі төмен кеніштер. Оларда мұнай алудың бекітілген коэффициентіне жету үшін су айдау технологиясы, сонымен қатар, басқа да геологиялық-техникалық шаралар қолданылуда.  


Жалпы, өндіріс жөнінде айтқанда, ембілік кеніштердің басым бөлігі ұзақ жылдар бойына мұнай беріп келе жатқанын айтқан жөн. Сондықтан да суы көп, жабысқақтығы, шайырлығы тағы бар. Алайда, соған қарамастан барлық кеніште де жоспар ойдағыдай орындалып отыр. Оған өндіріске тың технологияларды енгізу арқылы қол жеткізіліп келе жатыр. «Ембімұнайгаз» АҚ жыл сайынғы өндірістік жоспарында жаңа техника және технологияларды тексеруден өткізу үшін өндірістік-тәжірибелік сынақтар өткізеді. Осы жұмыстардың негізгі мақсаттары мұнай өндірудің өзіндік құнын азайту, яғни электр қуаты, жанар-жағар май, қуат шығындарын қысқарту, ұңғымалардың жөндеу аралық кезеңін ұзарту және тауарлық мұнайды өз мақсаттарына пайдалануды азайту шараларын орындау. Қарнақты терең сораптарды интеллектуалды басқару жүйесі, коррозияға карсы жабынмен қапталған сорапты компрессорлы құбырлар, қарнақты терең сораптардың сызықтық жетегі, қарнақты қырғыш айналдырғышымен, қуысты қарнақ жабдықтары өндірістік-тәжірибелік сынақтардан өткізіліп, осындай технологиялық жабдықтар өндіріске енгізілді. Сонымен қатар, қойнауқат мұнай өнімділігін арттыру мақсатында Забурын кен алаңында полимерлік суландыру технологиясы бойынша өндірістік-тәжірибелік жұмыстар жүргізілуде. Жалпы, өндірісте тиімді технологияларды енгізу арқылы мұнайды өндірістік қажеттілікке пайдалануды азайтып, оның нарықта сатылуына мүмкіндік жасалып отыр. Сондай-ақ, барлау-бұрғылау жұмыстары да уақтылы жүргізіліп, оң нәтижелерін беріп келеді. Алдағы жылдары терең бұрғылау жұмыстары да жүргізілмек. Өндірісті келешек дамыту бағытында да нәтижелі жұмыстар бар. 2016 жылы «Қайнармұнайгаз» мұнайгаз өндіру басқармасына қарасты «Уаз» кен орнында интеллектуалды кен орны концепциясы сынамалы жобасы аясында ұңғыма жабдықтарының жұмысын оңтайландыру арқасында электр энергиясы 33 пайызға, ұңғымаларды жөндеу шығындары 25 пайызға кеміді.
Өткен жылы төрт мұнайгаз өндіру басқармаларындағы игеріліп жатқан 34 кен орнынан 2 млн. 832 мың тонна мұнай өндірілді, ол жоспардан 10 мың тоннаға артық. Ал мұнай тапсыру 13 мың тоннаға артып, 2 млн. 796 мың 509 тоннаны құрады. 


Енді біздің бірлігі берік ұжымымыздан кейінгі басты байлығымыз – мұнайгаз қорының ресурстық базасына тоқталмақшымын, – деп жалғастырды сөзін А.Жақсыбеков. – Компанияның басым міндеттерінің бірі – барлау қорын арттыру және толтыру болып саналады, ал ол геологиялық барлау жұмыстарын орындау көлеміне тікелей байланысты. «Ембімұнайгаз» АҚ-ның геологиялық барлау жұмыстарының объектілері Тайсойған, Қаратон-Сарқамыс сынды лицензиялық блоктардағы перспективалық шөгінділері және игерілудегі кен орындарының зерттелмеген қабаттары болып табылады. Мысалы, соңғы жылдары С.Нұржанов, Ш.Мақат, Батыс Прорва, Аққұдық, Оңтүстік-Батыс Новобогат, Жаңаталаптағы мұнай қорлары бүгінгі күні-ақ игерілуге қосылды. 2016 жылы сейсмобарлау жұмыстары өз деңгейінде жүргізіліп, 11 іздеу-барлау ұңғымасы қазылды, оның 8-і сынақтан өтіп, 3-і сыналуда. Шығыс Уаз және Орталық Новобогат кен алаңдарында бағалау жұмыстары аяқталып, ол кеніштердегі мұнай қоры ҚР ҚМК-мен бекітіліп, пайдалы қазбалар қорының мемлекеттік балансына алынған. 
– Дейтұрғанмен, белсенді мұнай қорының көлемі айтарлықтай мол деуге болмайды. Сондықтан компания алдында мұнай қорын кеңейту мәселесін шешіп, жаңа кен орындарын ашу міндеті тұр. Ол міндетті шешу үшін болашағы бар деп болжанып отырған Тайсойған және Қаратон-Сарқамыс блоктарында белсенді іздеу-барлау жұмыстарын жүргізу қажет. Сондай-ақ, алдын-ала барлау аясында қолданыстағы кен орындарында жұмыстарды жалғастырған жөн. Компания мамандары болашағы бар тұзасты горизонттарына геологиялық барлау жұмыстарын жоспарлау үшін мәліметтерді талдау жасаумен айналысуда. 3D сейсмобарлау жұмыстарының нәтижесінде Қаратон тұзасты құрылымы анықталды. Бұрын жүргізілген жұмыстарға егжей-тегжейлі талдаудан соң, 2018 жылы терең бұрғылау жоспарланып отыр. 2017 жылы Компания алдында 2 млн. 840 мың тонна мұнай өндіру міндеті тұр. Ембілік мұнайшылар бұл міндетті де ойдағыдай еңсереді деген сенім мол, – деп сөзін қорытқан А.Жақсыбеков геологтарды төл мерекелерімен құттықтап, дендеріне саулық, еңбекте табандылық, жаңа ашылулар тіледі. 
«Марапат мерей өсіреді» десек, мереке онсыз өтпейтіні белгілі. Соған орай, Қазақстан мұнайгаз және энергетика саласындағы жемісті еңбегі, қол жеткізген көрсеткіштері  және еңбек ұжымының қоғамдық өміріне белсене араласқаны үшін жоғарыда аталған компаниялардың бірқатар геологтары «KAZENERGY» қауымдастығының медалімен, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен марапатталды. Геологтар күні кәсіби мерекесіне орай ардагер-геологтарға естелік сыйлықтар табысталды. Ардагерлер атынан сөз алған Аманжан Өтесінов алдыңғы буын аға-апалардың ізін жалғастырушы бүгінгі мамандарға ризашылығын білдіріп, зор табыс тіледі.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх