Мерекелік лебіздер. «Өзенмұнайгаз» АҚ

Мерекелік лебіздер. «Өзенмұнайгаз» АҚ
28.03.2017
370
Қызметкерлер

Мерекелік лебіздер. «Өзенмұнайгаз» АҚ

Оразғали Қасбаев, «Өзенмұнайгаз» АҚ, №1 МГӨБ аға бухгалтері:

– Наурыздың 14-і күні барша маңғыстаулықтар бір-бірімен көрісіп, «жасың құтты болсын!» – деп тілек айтады. Бұл күні ренжіскен адамдар татуласады. Әріптестерімді ұлы мерекемен құттықтай отырып, дендеріне саулық, отбасыларына бақыт, еңбектеріне табыс тілеймін. Ынтымақ пен ырыстың басы Наурыз мерекесі құтты болсын! Еліме қуат, халқыма шуақ бер, Наурыз!

«КенҚұрылысСервис» ЖШС еңбек ұжымы:

– Әз-Наурыз халқымыздың ұғымында Жыл басы «Самар-қанның көк тасы жібіген күн». 2009 жылы ЮНЕСКО Наурызды Адамзаттың мәдени мұралар тізіміне енгізіп, 21 наурызды Халықаралық Наурыз күні деп белгіледі. Біз әз-Наурызымызды асыға күтеміз. 14 наурызда Маңғыстаудағы «Көрісу күні» барша қазақтың дәстүріне енсе, нұр үстіне нұр болар еді! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!

Маржан Ерниязова, Бекберді Бәшенов, Орынхан Мәмбетов, «Өзенмұнайгаз» АҚ, №2 МГӨБ жұмыскерлері:

– Біз, мұнайшылар қауымы, «әлемнің әміршісі – еңбек» екендігін жақсы түсінеміз. Әріптестерімізді көңілі жарқын, ниеті оң, ұзында өші, қысқада кегі жоқ, досына құшағы ашық, дархандығына досы ғана емес, дұшпаны да сүйсінетін қазақ халқының төл мейрамы Наурыз мерекесімен құттықтаймыз. Жаңа тауық жылы жетістіктерге толы болғай!

«Өзенмұнайгаз» АҚ, №4 МГӨБ аппарат қызметкерлері:

– Келер жылдан үлкен үміт күтіп, оны ақ тілекпен, ақ ниетпен қарсы алып тұрмыз!Таң ағарып атпастан ұйқының дұшпан екенін ұғындырып, ерте оятатын тауық жылында әріптестерімізді ел игілігі үшін аянбай еңбек етуге шақырамыз. Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына келген Наурыз мерекесі баршамызға құтты болсын!

Мақсат Тоқпанов, «Өзенмұнайгаз» АҚ, №4 МГӨБ, №4 СЖЖЦ бастығы:

– Бар әлемді бусандырып, жер Ананың кіндігін жібітіп, көптен күткен Наурыз мейрамы да есігімізден енді. 22 наурызда күн мен түн теңесіп, толыққанды көктем рухы салтанат құрады. Елді ауызбірлікке, татулыққа, ынтымаққа шақыратын әз-Наурыз мерекесі қош келдің! Ұлыс оң болсын, береке мол болсын!

Садықулла Нұрмұқанов, Гүлмира Тілеубаева, «Өзенмұнайгаз» АҚ, №1 МГӨБ, №8 МГӨЦ, №12 ТҚ мұнай-газ өндіру операторлары:

– Наурыз парсы тілінде «Жаңа күн» дегенді білдіреді. Бұл күні ата-бабаларымыз барлық ыдыс атаулыны аққа толтырып қояды. Бұл «ырыс мол болсын» деген тілектен туса керек-ті. Бірлік пен береке сыйлайтын Наурыз тойы – жер бетіндегі ең көне мерекенің бірі әрі бірегейі. Ұлыс бақты болсын, төрт түлік ақты болсын!

«ӨзенМұнайСервис» ЖШС қызметкерлері:

– Табалдырығымыздан аттаған Тауық жылынан қайыр-шапағат күтеміз. Тауықтың әрекетсіз отыруға төзбейтін тынымсыздығы тағы бар екендігін бәріміз де білеміз. Ендеше, әріптестерімізді тауық жылында мұнай өнімділігін артыруға бар-күш жігерімізді сарп етуге шақырамыз. Тойымыз тойға ұлассын!

Төре Қызылқұлов, Аманжол Қарашбаев, «Өзенмұнайгаз» АҚ, АжТБ қызметкерлері:

– Ұлыстың ұлы күнімен бірге қазақтың байтақ даласына ырыс-береке, құт кіреді. Бұл күні адамдардың көңілінде кірбің, уайым-реніш болмауы маңызды.Тап осы күні ел елжірей қуанып, есік ашып, дастархан жайып, бір-бірін құттықтайды. Ғасырлар бойына атадан балаға мұра болып келе жатқан дәстүрлі Наурыз мерекесі бүгін есігімізді ашып отыр. Тауық жылы елімізге жақсылық, бақ-береке мен ырыс әкелсін!

«KMG EP-Catering» ЖШС қызметкерлері:

– Наурызда өнетін, өсетін нәрсенің бәрінде тіршілік белгісі басталады. Наурызда ақ көбейіп, тыныштық-татулық орнайды. Наурызда қазағымның мол дастарханы жайылып, ренжіген пенделер табысып, татуласады. Қазақта «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар, Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар!» – деген нақыл бар. Ұлыстың ұлы күні әрбір қазақтың шаңырағына береке-бірлік, ырыс әкелсін!

«Өзенмұнайгаз» АҚ, Бұрғылау жұмыстары басқармасы қызметкерлері:

– Наурыз мерекесінде адам ізгілікті ойға беріліп, ізгілікті сөз айтып, ізгілікті іс тындырады. Бұл күні бабаларымыз күн шықпай тұрып, бұлақ көзін ашып, тал еккен. Бұл күні аналарымыз 7 түрлі дәмнен «Наурыз көже» пісірген. Халық ұғымында «Ұлыстың ұлы күнінде даланы Қыдыр баба аралайды екен. Қыдыр баба адамдарға дәулет беріп, бақ қондырады екен» – деген түсінік қалыптасқан. Көктемнің шуақты күнімен ілесе келген Наурыз мейрамы тыныштығымен, ырыс-дәулетімен келсін!

Аслан Атшыбаев, Қалбай Масақов, «Өзенмұнайгаз» АҚ, ТТБ жүргізушілері:

– Ұлыс күні еліміз үшін қасиетті, киелі саналған. Осы күні қар не жаңбыр жауса, ел «Нұр жауды!» – деп қуанған. Әр адам келер жылдан үлкен үміт күтіп, оны ақ тілекпен, ақ ниетпен қарсы алады. Наурыз әр шаңыраққа береке, бірлік әкелсін! Барлық жақсы ниет-тілектеріңіз қабыл болсын! 
Ата-бабаларымыздың сөзімен айтсақ, бұл күн – ақ түйенің қарны жарылған күн. Бұл күні адамдар бір-бірін Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жаңа тілек тілейді, бір-бірінің үйіне кіріп дәм татады. Төрімізге жайғасқан Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

«Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкерлері:

– Ұлыстың ұлы күні араз адамдар бір-бірімен татуласып, достық орнатады. Бір-біріне ерекше тілектер тілеп, үлкендерден бата алады. Халқымыз «жауынменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» – деп бекер айтпаған. Келіп жеткен Наурыз мерекесі жақсылығымен, тыныштығымен келгей! Ұшқан құстың қанатын, жүгірген аңның тұяғын тоздырған сайын дала, көгінде қыран, жерінде ұлан ойнаған, теңдік пен татулықтың киелі бесігі Қазақ елі аман болсын!

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх